Тікелей эфир

Абай облысында екі бірдей ауылдың тұрғындары мал жаятын жер таппай отыр

Елді мекен жұрты малдарын өріске шығара алмай қиналған.

Абай облысында екі бірдей ауылдың тұрғындары малын жаятын жер таппай отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Елді мекен жұрты төрт түлікті қорадан шығара алмай отырмыз деп күйінеді. Себебі, ірі қара мен қой-ешкі егістіктікті таптап, күре жолға шығып кетеді екен. Соның салдарынан халық талай мәрте айыппұл арқалапты.

Жаңасемей ауданына қарасты Бөкенші және Маралды ауылының тұрғындары төрт түлікпен жан бағып отыр. Әр үйде кемі бес-алты ірі қара мен қой-ешкі бар. Бірақ елді мекен жұрты малдарын өріске шығара алмай қиналған. Себебі, жайылымдық жер жоқ. Айналадағы бос жердің барлығы егістікке берілген дейді шулаған халық.

"Бізде жайылым жоқ, жеті шақырым жеріміз бар. Мына жағымыз шемішке, мына жағымыз шемішке, алдымызда шойын жол. Ауылдың халқы малмен отыр. Бәрінде мал бар. Малды ұстай алмай отырмыз", – деді Бөкенші ауылының тұрғыны Балғабек Өгізбай.

Мал санын көбейту пайдадан гөрі қып-қызыл шығын болды дейді тұрғындар. Себебі, шаруалар өнім еккен алқапқа түскен төрт түлікті қуалап, тәртіп сақшыларын шақыртады екен. Сонымен қатар жылқы-сиырлар трассаға шығып, жол апаты да жиілепті. Соның кесірінен ауылдағы ағайын айыппұлдан көз ашпайтын болдық деп отыр.

Жаңадан құрылған ауданның атқамінерлері мәселені шешіп береміз деп сендірді.

"Аудан бойынша комиссия құрылды. Осы жер мәселесі бойынша. Комиссия құрамына мына біздің әрбір ауылдық округ әкімдері кірді. Осы жылдың аяғына дейін жоспар бар 4 мың гектарды қайтаруды. Сол 4 мың гектар қайтарылған соң жаңағы осындай жайылым жетпей жатқан осындай ауылдық округтерге осындай сұраныспен беріледі", – деді Жаңасемей ауданы әкімінің орынбасары Самат Омарғазин.

Тоғыз жолдың торабында тұратын тұрғындар бос жатқан жерлерді жалға алуға дайын екендерін жеткізді. Өйткені, ауыл ішінде мал ұстау жыл өткен сайын қиындап барады дейді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары