4 есе көтерілетін шәкіртақы, "21+" заңының сақталмауы және "Аватар: Су жолы". Өткен аптаның өзекті жаңалықтары

Informburo.kz порталының ең көп оқылған материалдарына шолу.

Қазақстандықтарды мәдениет министрлігінің "21+" фильмдер туралы заңның бұзылуына жол бергені мен "Аватар: Су жолының" 157 сеансының 9-ының ғана қазақ тілінде көрсетілгені алаңдатса керек, бұл тақырыптағы мақалаларымыз ең көп көрілім жинады. Апта ішінде көпшіліктің назарына іліккен жағымды жаңалықтар да жоқ емес. Солардың бірі – студенттер шәкіртақысының 2030 жылға дейін 4 есе артатыны.

Бас прокурор "21+" фильмдер туралы: Мәдениет министрлігі заңның бұзылуына жол беріп отыр

Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова кинотеатрларда "18+", "21+" санатына жататын фильмдер заң талабына сай, кешкі 22.00-ден бастап емес, 18.00-ден бастап көрсетіліп жатқанын сынға алған еді. Бас прокурор 21 жасқа толғандарға арналған "Пацанская история" фильмін Астана қаласындағы Еуразия Синема-7, Cinemax, Цезарь кинотеатрлары жəне Алматыдағы Арман киноорталығы рұқсат етілген уақыттан тыс көрсеткенін растады.

"Осындай жағдай еліміздің басқа кинотеатрларында да байқалады. Кинотеатрлардың бақылаушылары пайда табу мақсатында кəмелетке толмағандарды жас шектеулері бар сеанстарға өтуіне жол беруі жоққа шығарылмайды", – деді Берік Асылов.

Бас прокурордың айтуынша, министрлік пен жергілікті атқарушы органдар фильмдерді жалға алу мониторингісін жүзеге асыру үшін негіздер мен құқықтық мүмкіндік бола тұра, заңдылықты бұзушылықтардың жолын кесу шараларын қолданбайды.


Студенттер шәкіртақысы 2030 жылға дейін 4 есе артады

Көрілім жағынан студенттер шәкіртақысының 2030 жылға дейін 4 есе артатыны туралы жаңалық екінші орында тұр. Бұл туралы үкімет кулуарында Informburo.kz тілшісіне ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеген еді. 

"2025 жылға дейін ЖОО студенттерінің стипендиясы 2 есеге ұлғайтылады. 2026-2030 жылдар аралығында тағы да көбейтуді жалғастырамыз. 2030 жылға дейін тағы екі есе артады", – деді Саясат Нұрбек.


Тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын қаншалықты жақсы білесіз? Тест

Үшінші орында – тұрақты сөз тіркестерінің мағынасы туралы тест. Бұл тақырып аясындағы біліміңізді әлі тексеріп көрмеген болсаңыз, оны дәл қазір жасауыңызға болады. 


Республика күніне орай табысы аз астаналықтарға 4,5 АЕК мөлшерінде көмек беріледі 

Табысы аз астаналықтарға қатысты жағымды жаңалық төртінші орында. Бұрын 1 желтоқсан Тұңғыш президент күніне орай берілетін көмекті, енді 25 қазан – Республика күнінде алады. 

Атап айтқанда, өзгертулер саны екеу:

  1. Табысы аз азаматтарға 4,5 АЕК мөлшеріндегі көмек бұрын 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күніне орай беріліп келсе, енді 25 қазан – Республика күніне орай үлестіріледі. Бұл көмекті алу үшін Астана тұрғындарына өтініш берудің қажеті жоқ. Көмек алатын азаматтардың тізімін Астана қаласының әкімдігі әзірлейді. Көмек мөлшері 2023 жылы 15 525 теңгені құрайды.
  2. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға берілетін әлеуметтік көмек мөлшерінің жоғарғы шегі 13 АЕК-тен 20 АЕК мөлшеріне (2023 жылы – 69 мың теңге) дейін арттырылды. Ал нақты көмек мөлшері өтініш берушінің шығындарының негізінде анықталады.


"Аватар: Су жолы": Астанада премьера күнгі 157 сеанстың 9-ы ғана қазақ тілінде

Бесінші орында қазақтілді қауымды бір қуантып, мұңайтқан жаңалық – "Аватар: Су жолы". Бұл туындының қазақ тіліне аударылғанына қарамастан, Астанада премьера күнгі 157 сеанстың 9-ы ғана қазақ тілінде көрсетілген. 

Еске салсақ, Informburo.kz тілшісі фильмдердің кестесі жарияланатын kino.kz сайтынан "Аватар: Су жолы" фильмінің Астана кинотеатрларындағы қазақ тіліндегі сеанстарына шолу жасады. 15 желтоқсан күні фильм кинотеатрлардан 157 рет көрсетіледі. Оның бар болғаны 9-ы ғана қазақ тілінде. Оның ішінде:

  • "Арман" кинопаркінде – 2 сеанс;
  • Eurasia Cinema кинотеатрында – 2 сеанс;
  • Kinopark желілерінде – 3 сеанс: "Керуен" сауда үйіндегі кинотеатрында – 1, "Сарыарқа" сауда үйіндегі кинотеатрында – 1, "Кеуенсити" сауда үйіндегі кинотеатрында – 1;
  • Keruen Cinema кинотеатрында – 1;
  • Chaplin кинопарктер желісінде 1 ғана сеанс қойылған.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары