Қазақстанның республикалық автожолдарында жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған жаңа бейнеаналитика жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы хабарлады.
Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде жүргізушілер жол бойында орнатылған ерекше құрылғылардың суреттерін жариялап, олардың қандай мақсатта қолданылатыны туралы сұрақтар қойған болатын.
"ҚазАвтоЖолдың" мәліметінше, бұл құрылғылар жол саласын цифрландыру аясында енгізіліп жатқан жаңа буын "ақылды" камералар.
"Жүйенің басты ерекшелігі – оның толық автономды жұмыс істеуі. Камералар электр желісі жоқ шалғай жол учаскелерінде де жұмыс істей алады. Ол үшін құрылғылар күн панельдерімен және жел генераторларымен жабдықталған. Камералар күн мен желден өндірілген энергия арқылы жұмыс істеп, жолдағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап, жиналған мәліметтерді тиісті қызметтерге жібереді", – делінген хабарламада.
"ҚазАвтоЖолдың" мәліметінше, жасанды интеллект технологиясы жолдағы ықтимал қауіпті жағдайларды жедел анықтауға және жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.