Қазақстанда жыл басынан бері айлығын "конвертпен" алып келген 546 мыңға жуық адамның еңбекақысы заңдастырылды. Қаржы министрлігінің мәліметінше, осының арқасында жүздеген мың азамат міндетті әлеуметтік төлемдер мен салықтарды ресми түрде төлей бастайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ресми мәлімет бойынша, биылғы алты айдың ішінде еңбекке жарамды тұрғындардың едәуір бөлігі заңсыз еңбекақы төлеу тәжірибесінен шығарылған. Енді олардың табысынан зейнетақы жарнасы, әлеуметтік аударымдар және жеке табыс салығы толық көлемде төленеді.
Сарапшылардың есебінше, егер бұл азаматтардың барлығы ең төменгі жалақы алатын болса, бюджетке ай сайын шамамен 4,5 миллиард теңге, ал жылына 50 миллиард теңгеден астам қосымша кіріс түсуі мүмкін. Ал орташа жалақы 150 мың теңге деңгейінде болса, бұл көрсеткіш екі есеге дейін артады.
Экономист Жангелді Шымшықов алдымен азаматтардың не себепті табысын жасыратынын анықтау қажет екенін айтты.
Оның пікірінше, 546 мың адамның заңдастырылуы маңызды нәтиже болғанымен, көлеңкелі экономикадағы адамдар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Сарапшы Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың үлесі 30–40 пайызға жетуі ықтимал екенін айтады.
Ол мәселені шешу үшін нарықты жан-жақты зерттеп, кәсіпкерлердің жұмысын цифрландыруды күшейту, ал салық жүктемесі тым жоғары болса, белгілі бір жеңілдіктер қарастыру қажет деп есептейді. Оның айтуынша, бұл мемлекетке де, бизнеске де, қызметкерлерге де тиімді: бюджетке қосымша қаражат түседі, кәсіпкерлер заң аясында жұмыс істейді, ал қызметкерлер әлеуметтік кепілдіктерге ие болады.