1 миллионға жуық Қазақстан азаматы кедейліктің шегінде өмір сүріп жатыр

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Кейінгі бір жыл ішінде еліміздегі кедейлік көрсеткіші 0,4 пайызға төмендеген.

Дәл қазір елімізде мыңдаған отбасы кедейлік шегінен де төмен өмір сүріп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Нақтырақ айтсақ, 920 мың тұрғынның айлық табысы 52 500 теңгеге де жетпейді. Әсіресе, Түркістан облысындағы ахуал қиын. Кейінгі бір жыл ішінде өңірде айлығы асынан артылмайтын тұрғындар саны шамамен 4 пайызға ұлғайып, 175 мыңнан асып отыр. Ал Атырауда кірісі күнкөріс деңгейінен төмен халық саны 30 пайызға артқан. 

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, кейінгі бір жыл ішінде еліміздегі кедейлік көрсеткіші 0,4 пайызға төмендеген. Бірақ, нақты санды айтсақ, картина өзгеріп шыға келеді. Себебі табысы күнкөріс деңгейіне де жетпейтін тұрғындар саны 920 мыңнан асып отыр. Олардың басым бөлігі, әрине – көп балалы отбасылар. 

Мысалы, осы 924 мың тұрғынның 780 мыңы бес не одан да көп адамнан тұратын жанұялар. Ал ай сайынғы кірісі 29 мың теңгеден де аз 16 мың 500 адам бар. Яғни, тойып тамақ та жей алмайды. Ахуал, әсіресе Түркістан өңірінде қиындау. Өйткені, бір жылда кедейлік көрсеткіші 3,7 пайызға ұлғайып отыр. Демек, кемі 175 мың тұрғын айналасы 50 мың теңгеге жан бағуға мәжбүр. 

Ал сарапшы Меруерт Махмұтова көбіне көп балалы отбасылардың кедейлер санатына қосылу ықтималдығы жоғары – деді. Себебі, жанұяда бір кісі ғана жұмыс істейді. Сәйкесінше, табысы жан басына шағылғанда аз шығады. 

"Бағалардың күннен-күнге өсіп бара жатқанын көріп тұрсыздар. Кейінгі жылдарда, әсіресе инфляция тез өсіп жатыр. Биыл да инфляция болжамнан жоғары болатыны анық көрініп тұр. Негізі бізде кедейлік 5 пайыз десек, шындыққа қарағанда оның мөлшері үш есе жоғары. 15-16 пайыздың маңайына барып қалады", – деді экономист Меруерт Махмұтова. 

Әрі сарапшы кедейлер қатарына айлығы ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 1 миллион 800 мың адамды да қосу керек деген пікірде. Өйткені дүниежүзілік банк Қазақстанның экономикалық өсімін орта деңгейден жоғары деп бағалайды. 

Соған сәйкес, күніне 6 доллар, айына 205 доллар жаратпайтын кісі – кедей. Яғни, дәл қазіргі даму қарқынында күн көру үшін әр қазақстандық кемі 109 мың 531 теңге табуға тиіс – деді сарапшы. 

Серіктестер жаңалықтары