Эквадодағы дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 18 жасқа дейінгі қазақстандық спортшылар 10 медаль жеңіп алды: үш алтын, үш күміс және төрт қола. Қазақстан бұған дейін мұндай нәтижеге қол жеткізген емес. Сонымен қатар, ұлдар құрамасы жалпы командалық есепте – бірінші орынға, қыздар құрамасы екінші орынға ие болды.
Эквадордағы әлем чемпионаты Қазақстан дзюдосының тарихына бірқатар жаңа рекордпен енді. Фатима Сұпығалиева Қазақстан дзюдосы тарихында қыздар арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы болды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы атағы екінші жыл қатарынан Қазақстанда қалды. 2025 жылы бұл салмақта Ернұр Батырғали топ жарса, биыл Расулхан Ғабит әлем чемпионы атанды.
Қазақстан дзюдосы тарихында бұған дейін бір әлем чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алу көрсеткіші тіркелмеген. Эквадордағы додада Қазақстан құрамасы алғаш рет бір әлем чемпионатында үш бірдей чемпион шығарды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұл нәтиже ұлттық құрамаларды даярлауға енгізіліп жатқан жаңа тәсілдің тиімділігін көрсететінін мәлімдеді.
Айтуынша, Париж Олимпиадасынан кейін министрлік спортшыларды даярлау жүйесінің өзін қайта қарауға кіріскен. Федерациялармен бірлесіп, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама бірыңғай әдістеме аясында жұмыс істейтін модельді енгізіп жатыр. Яғни спортшы бір жас санатынан екіншісіне өткен кезде, дайындықты мүлде басқа жүйе бойынша қайта бастамайды. Мұнда сабақтастық, бірыңғай талаптар, талдау және спортшының дамуының нақты траекториясы қалыптасқан дейді ол.
"Дзюдода бұл жұмыс Қазақстан дзюдо федерациясымен және "Жеңіс" клубымен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Отандық жаттықтырушылар шетелдік озық мамандармен, оның ішінде Эцио Гамба командасымен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл жерде әңгіме тек танымал шетелдік жаттықтырушыны шақыру туралы емес. Оның негізінде нақты әдістеме жатыр: жаттығу процесін ғылыми талдау, функционалдық диагностика, жүктемені жекелей бейімдеу, қалпына келтіру, спорттық медицина және әр спортшының даму динамикасын тұрақты бақылау. Қазіргі кезде біз бұл жұмыстың нақты KPI көрсеткішін көріп отырмыз - жасөспірімдеріміздің әлем чемпионатындағы тарихи нәтижесі осының айқын дәлелі", – деді Ербол Мырзабосынов.
Дәл осындай модельді бүгінде министрлік басқа федерацияларға да жүйелі түрде енгізуді ұсынып отыр. Соның бірі – семсерлесу, бокс және күрес. Бұл спорт түрлерінде де үздік шетелдік мамандарды тарта отырып, заманауи дайындық әдістемелерін қолдануға негізделген жүйелі жұмыс жолға қойылып жатыр.
"Тағы бір маңызды бағыт – спорт ғылымын күшейту. Бұл ретте Ұлттық спорт университеті маңызды рөл атқаруы тиіс. Біздің міндетіміз – спорт ғылымының жоғары жетістіктер спортына қатысы жоқ жеке бағыт болып қалмауын, керісінше ұлттық құрамалар үшін тікелей жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Атап айтқанда, бұл – тестілеу, талдау, медицина, қалпына келтіру, тамақтану, биомеханика және спортшыларды даярлаудың жеке бағдарламалары. Ауқымды жұмысты біз ұлттық федерациялармен және халықаралық спорт ұйымдарымен бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Мемлекет басшысы спортты дамытуға және заманауи дайындық жүйесін қалыптастыруға үлкен көңіл бөліп келеді. Қазақстан Халықаралық дзюдо федерациясымен де ынтымақтастығын нығайтып отыр. Осы бағытта федерация президенті Мариус Визер елімізге арнайы келген болатын", – деді министр.
Ербол Мырзабосынов заманауи спорттағы нәтиже тек жекелеген спортшының немесе жаттықтырушының талантына ғана тәуелді болмауы керек екенін, нәтиженің артында жүйе тұруы қажет екенін айта кетті.
"Бүгінде дзюдо осы модельдің жұмыс істейтінін көрсетіп отыр. Ендігі міндетіміз – табысты тәжірибені спорттың басқа түрлеріне де енгізу және осылайша спорт резерві мен ұлттық құрамаларды даярлаудың бүкіл жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіру", – деп сөзін түйіндеді ол.
Біз біртұтас вертикальды жүйені қалыптастырғымыз келеді: жасөспірімдер - жастар- ұлттық құрама - Олимпиада. Әр кезеңде бірыңғай әдістеме, озық халықаралық тәжірибемен ұштасқан мықты отандық жаттықтырушылар мектебі және ғылыми сүйемелдеу болуы керек.
Жасөспірімдеріміздің 10 медалі - бұл тек тарихи нәтиже емес. Біз үшін бұл жаңа тәсілдердің нақты нәтиже бере бастағанының дәлелі. Дәл осы бағытта біз Қазақстан спортын қайта құрып жатырмыз.