Қырғызстанның Жогорку кенеш спикері Нұрланбек Шакиев қырғыз қоғамын екіге жарған "Діни сенім бостандығы және діни ұйымдар" туралы заң жобасына қатысты пікірін айтты. Оның сөзінше, бұл жоба сан алуан пікір туғызған, оның кейбірі дұрысы болса, кейбірі провокациялық сипатта. Соған байланысты, Шакиевтің ойынша, бұл талқылауларда конструктивті түрде жүргізу керек, деп хабарлады 24.kg.
"(Қырғызстанда) дін мемлекеттен бөлінген. Заң жобасын дін саласының сарапшылары мен арнайы комиссия әзірледі. Қоғамда оның аясында түрлі шектеулер енгізіледі, мысалы, орамалды шешіп, дағуат жасауға тыйым салынады деген пікірлер өріп жүр. Анығында, орамалды ешкім шешкізбейді, бұл біздің дәстүрімізде де, дінде де бар. Сондай-ақ, дағуаттың көмегімен көптеген адам ішкілікті қойып, есірткіге тәуелділіктен арылды. Алайда, заң жобасы осы процестерді реттеуге бағытталған", – деп түсіндірді Нұрланбек Шакиев.
Еске салайық, Қырғызстанда талқыланып жатқан "Діни сенім бостандығы және діни ұйымдар туралы" заң жобасы қоғамда түрлі қайшы пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл заңның қажеттігі жөнінде өзінше сауалнамалар жүргізіп, оған қарсы үндеулер жариялаған болатын.
Оқи отырыңыз: Қырғызстанда дін туралы жаңа заң жобасы шу туғызды. Жапаровтың баспасөз хатшысы жауап берді