Шымкент қаласының тарихы 2200 жылдан асатынын біреу білсе, біреу білмейді. Ұлы Жібек жолының бойында жатқан бұл қалаға бүгінде туристер көптеп келеді. Тарихи-мәдени ескерткіштері, дәмді тағамы, шуақты ауа райы қонақтарды бей-жай қалдырмайды.
Шымкент қаласында БАҚ өкілдері мен блогерлердің басын қосқан ақпараттық тур өтті. Түркия, Әзербайжан, Қытай, Өзбекстаннан және Қазақстанның бірнеше өңірінен келген қонақтар қаланың туристік орындарымен танысты. Visit Shymkent ұйымдастырған ақпараттық тур үш күнге жалғасты. Информбюро тілшісі де Шымкенттің туристік әлеуетін өз көзімен көріп қайтты.
"Шымқала" тарихи-мәдени кешені
Алғашқы күні қатысушылар "Шымқала" тарихи-мәдени кешенін аралады. Бұл жерде көне қаланың тарихынан сыр шертетін маңызды орындар бар. Қазіргі қаланың қарбалас тіршілігімен қатар, осы аумақта ғасырлар бойы қалыптасқан қалалық мәдениеттің ізі сақталған. 2021 жылғы наурызда цитадель орнында тарихи-мәдени кешен құрылды.
Ертеректе қалашық үш бөліктен тұрған: цитадель, шахристан және рабат. Рабатта қарапайым халық, қолөнер шеберлері, шағын саудагерлер тұрған. Ал қалашықтың орталық бөлігі саналған шахристанда ақсүйектер, бай көпестер, шенеуніктер өмір сүрген. Ал цитадель қаланың ішкі бекінісі, билеушінің сарайы, әкімшілік және діни ғимараттар орналасқан орталық қамалы саналған. Мұнда билеушілер және оның отбасы, әскери қолбасшылар тұрған.
Шымкент – Қазақстандағы тарихи өзегін сақтап қалған көне қалалардың бірі. Орта ғасырларда қала Ұлы Жібек жолының маңызды тармақтарының бірі болған. Тарихшылар Шымкент қаласының тарихын б.з.д. III–II ғасырлармен байланыстырады. Ал қаланың бекініс тарихы XV ғасырдан, Шайбани әулеті дәуірінен бастау алады.
2003-2020 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Ескі қалашық аумағында ашық аспан астындағы музей экспозициялары жасақталды. Қазба жұмыстары кезінде Қарахан әулеті дәуіріне (XII–XIII ғғ.) жататын үш бөлмелі тұрғын үй кешені, ас үй, ошақ пен сыпа қалдықтары табылды. XVI–XVII ғасырлардағы Қазақ хандығы кезеңіне жататын тұрғын үйлер, ұстахана және ұста баспанасы да ашылып, бөлмелерден тандырлар, еденге орнатылған хұмдар (ыдыс), тас қайрақтар мен дән үккіштер табылды.
Батыс жағында қорғаныс жүйесін зерттеу кезінде ұзындығы 54 метрлік дуал, екі мұнара, азық-түлік пен қару-жарақ сақтауға, сарбаздардың тынығуына арналған тоғыз бөлме және оқ ату алаңына шығатын пандус анықталды. Сонымен қатар б.з.д. II ғасырға жататын зороастризм ғибадатханасының орны табылды.
"Қалашықтың ең төменгі қабатынан б.д.б III ғасырдың аяғы мен II ғасырдың басына жататын керамика ыдыстары табылған. Қазіргі таңда Ескі қалашық аумағында археологиялық нысандар негізінде жасақталған үш негізгі экспозиция залы бар. Бұл жерге көне тиындар, ыдыстар, қолжазбалар қойылған. XVII-XIX ғасырға тиесілі самаурындар бар. Ең қызық экспонаттың бірі – XIX ғасырға тиесілі хорхор. Асқабақтың қабақ деген сортынан жасалған ыдысты ингаляция жасау үшін қолданған. Бұл тауар Шымкентке Ұлы Жібек жолы арқылы жеткен", – деді "Шымқала" тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері Динара Қосмұрат.
Сондай-ақ, қалашықта 1054 жылғы Испиджаб – Сайрам бағанасы сақталған. Бұл бағана Сайрам қаласындағы Ыдырыс пайғамбардың мешітінен табылған. Жоғарғы бөлігінде "Алла. Мұхаммед оның елшісі. Алладан басқа құдай жоқ. Рамазан айының 404-жылы" деп жазылған. Динара Қосмұраттың айтуынша, осы бағананы ұстаса, сағат тілімен үш рет айналса адамның тілегі орындалады деген сенім бар. Шетелдіктер де дәл осы бағанаға келіп, тілектерін айтады екен.
"Алтын Орда" шеберханасы
"Шымқала" тарихи-мәдени кешенінің дәл қасында этноауыл орналасқан. Бұл жерде концерт алаңы, киіз үйлер, "Visit Shymkent" орталығы, кәдесый дүкендері бар. Қонақтар садақ атып, қазақтың ұлттық киімдерін киіп көре алады.
Этноауыл аумағында ерекше орын бар. Ол – Бейсбековтар әулетінің "Алтын Орда" көркемөнер шеберханасы. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін әулетте сегіз адам қолөнермен айналысады. Олардың жетеуі Қазақстан Суретшілер одағының, бесеуі Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі. Ата-баба дәстүрін заманауи технологиялармен ұштастырған шеберлер ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып келеді.
Бейсбековтер отбасы негізін қалаған "Алтын Орда" көркем галереясы экспозиция залын, кәдесый дүкенін, конференц-залды, киім дизайны залын және шеберханаларды қамтитын мәдени орталық құрды. Галереяға келген туристер көшпенділер мәдениетін бейнелейтін қолөнер бұйымдарын сатып алып қана қоймай, шеберлік сабақтарына қатысып, өздері де бұйым жасай алады.
"Алтын орда" галереясының есігі қала қонақтары мен жергілікті тұрғындар үшін әрдайым ашық. Бейсбековтер өнерін жұртшылыққа таныстырып, білгенін үйретуге асық. Ұлттық нақышта жасалған бірегей кәдесыйлар мен қолөнер бұйымдарын сатып алуға болады.
Галереяға кіргенде кішкентай балалар қолына ине алып, жүннен бұйым жасап отырды. Қасына отырып, байқап көргіміз келді. Әңгімеге тарта келе олардың Бейсбековтердің ұрпағы екенін білдік. Бұл әулеттің үлкен-кішісі де қолөнермен айналысады екен. Тапжылмай жүннен тасбақа мен көбелек салып отырған 11 жасар Бекарыс жаңа техниканы үйретті. Жас шеберге бұл техника ұнайды екен, миым демалып қалады дейді. Анасы да бұның нағыз антистресс екенін айтып отыр. Расында, мен де байқап көріп, бастаған бұйымымды аяғына жеткізбейінше отыра бергім келді.
Бас мешіт
Жұма намазы бітіп, адам саябырсыған соң алыстан ағараңдап көз тартатын Сейтжан Қари Есжанұлы атындағы Шымкент қаласының бас мешітіне бас сұқтық. 2024 жылы ашылған бұл мешіт – Оңтүстік өңір тұрғындарының жаңа рухани орталығы. Мешіт Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында, мегаполистің жаңа әрі халық тығыз қоныстанған ауданында орналасқан. Ғимарат заманауи сәулет үлгісімен ерекшеленеді.
Ғимараттың 64 мың шаршы метрі ақ мәрмәрмен, ал 54 мың шаршы метрі гранитпен көмкерілген. Мешіттің 63 метрге жететін төрт мұнарасы бар. Бас күмбездің биіктігі ішкі жағынан есептегенде 56 метрді құрайды. 736 орынға арналған жерасты паркингі де жұмыс істеп тұр.
Кешенде намаз оқитын орындардан бөлек конгресс-холл, неке қию сарайы, ислам тарихы мұражайы, медресе, әйелдерге арналған оқу орны және кітапхана орналасқан. Сонымен қатар әкімшілік бөлмелер, телеорталық, фитнес орталығы, асхана және үш деңгейлі жерасты автотұрағы бар.
Мешіт бір мезгілде шамамен 12 мың адамды қабылдай алады. Ал кіреберіс алаңына 10 мыңға жуық адам сыяды. Келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін лифт, эскалатор, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұрақ орнатылған.
Ерекше архитектуралық шешімдерінің бірі – табиғи желдету жүйесі. Құрылыс кезінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеттік тәжірибесі ескерілген. Кешен айналасы жасыл желектермен және субұрқақтармен көмкерілген.
Мешіттің сәулеті көздің жауын алады. Әр бөлме, әртүрлі бояулармен бір-біріне ұқсамайтын аспа жарық шамдармен безендірілген. Қабырғаларында алтын әріппен қасиетті сөздер жазылған. Кілемде бағаналардың көлеңкесі бедерленген.
Мешіт жобасының авторы – Серікжан Сейітжанұлы. Ол мешітті жобалау кезінде жұмыс тобымен Абу-Даби қаласындағы Шейх-Заид мешітіне барған. Әмірліктегі мешіт те аппақ, мәрмәрмен көмкерілген.
"Бәйдібек би" ескерткіші
Әр қаланың өзіндік биік нүктесі, қала алақандағыдай көрінетін орны болады. Алматы Көктөбеден, ал Астана "Бәйтерек" монументінен тұтастай көрінсе, Шымкентте "Бәйдібек би" монументі қаланың ең биік нүктесі саналады. Қала тұрғындары мен қонақтары Бәйдібек би даңғылындағы осы шолу алаңына келіп, фотосуретке түседі.
"Бәйдібек би" ескерткіші Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына орай 2012 жылдың күзінде ашылды. Бұл – Қазақстандағы ең биік ескерткіштердің бірі.
Ескерткішті орнату үшін Шымкент қаласының солтүстік бөлігіндегі теңіз деңгейінен 220 метр биіктікте орналасқан қаланың ең биік нүктелерінің бірі таңдалған. Жалпы салмағы 9 тоннаны құрайтын ескерткіш мыс материалынан небәрі 20 күн ішінде жасалған.
Бәйдібек би Қарашаұлы – қазақтың атақты биі әрі батыры, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлға. Оның есімі халық арасында аңыздарға арқау болған.
Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығының басшысы Заманбек Орынбеков Шымкенттің туристік әлеуеті жыл өткен сайын арта түскенін, ал "Бәйдібек би" ескерткіші секілді орындар туристерді тартатынын атап өтті. Бұл жерден төмен түссе қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны – "Жайлаукөл" ойын-сауық саябағы шығады.
Сайрам: көне Испиджаб
Шымкент қаласының тарихы тереңде жатыр. Қала маңындағы Сайрам тұрғын алабы соның бір дәлелі. Сайрамда әлі күнге дейін тарихи ескерткіштер сақталған. Көне кесенелерді жергілікті халық қана емес, шетелден келген туристер де көруге келеді.
Сайрам, көне Испиджаб – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне қалалардың бірі әрі ислам өркениеті дамыған ірі сауда орталығы. Ғасырлар бойы қала бірнеше рет жаулап алынып, жойқын шабуылдарға ұшыраған. Қала орнында XVII-XIX ғасырларға тән тұрғын үйлер және тарихи-мәдени ескерткіштер сақталған.
Ақпараттық турдың екінші күні қатысушылары Сайрам қақпасын және ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті үлгілері саналатын тарихи кесенелерді аралады. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы Ибраһим Ата мен Қарашаш Ана кесенелері (XVIII–XIX ғғ.), Махмұд Баба, Мірәлі Баба және Әбділ-Әзіз Баба кесенелері бар.
Ибраһим Ата кесенесі – Қожа Ахмет Ясауидің әкесіне арналған және бұл өңірдегі тарихи әрі рухани маңызы зор қасиетті орындардың бірі саналады. Ибраһим ата Оңтүстік Қазақстанда сопылық ілімді таратқан, халық арасында әулиелігімен танылған. Ибраһим ата кесенесіне барғанда ұрпағы Құран оқып, кесене туралы мағұлмат айтып берді.
Қарашаш Ана Сайрамның әйгілі Мұса шейхтың қызы болған және өз заманының ең білімді әрі тәрбиелі әйелдерінің бірі ретінде танылған. Сайрамда Қожа Ахмет Ясауидің анасына арналған Қарашаш ана кесенесі бой көтерген. Аңыз-әңгімелер бойынша кесене күмбезінің ұшар басына Қожа Ахмет Ясауи анасының бір бұрым қара шашы байланған, осылайша кесене оның лақап есімімен аталған. Оның шын есімі – Айша бибі. Қарашаш ана кесенесіне кіріп шығу Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат ету салтының бастауы болды. Екі кесене де XVIII–XIX ғасырларға жатады. Қарашаш ана кесенесінен адам қарасы үзілмейді.
Сайрамда жерленген Махмұд Баба – халық арасында Қожа Ахмет Ясауидің арғы атасы ретінде танылған діни тұлға. Бұл кесенеге де адамдар зиярат етуге келеді.
Мірәлі Баба – XII ғасырда өмір сүрген ислам дінінің ғұламасы, дінді уағыздаған киелі тұлға. Әбділ-Әзіз Баба қазақ даласына Ислам дінін алғашқылардың бірі болып таратқан тарихи тұлға, әулие, қолбасшы. Олардың кесенелері өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі және зиярат ететін қасиетті орын болып саналады.
Экскурсия барысында Қожа Ахмет Ясауи дүниеге келген үйдің орнына да бардық. Ағаш егілген төбешік адам жанын тыныштыққа бөлейді. Гид те бұл жердің ерекше қасиеті бар екенін, медитация жасауға болатынын айтып отыр. Артымызша киелі орынға үндістандық туристер келді.
Түркістанға киелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, ал Сайрамға Ясауидің ата-бабасына мінәжат етуге барады.
Дендросаябақ
Шымкент – жасыл желекті қала. Мұнда Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ орналасқан. Шымкент дендрологиялық саябағы 1979 жылы құрылған. Кезінде облысты басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен салынған. Аумағы 117 гектарды құрайды. Саябақта Қазақстанның басқа өңірлерінде сирек кездесетін және экзотикалық өсімдіктердің көптеген түрі өседі.
Шымкент дендрологиялық саябағы – әлемнің әр түкпірінен әкелінген ағаштар мен өсімдіктерге бай табиғи мекен. Мұнда көктерек, балқарағай, самырсын, магнолия және басқа да 584 түрлі өсімдік өседі. Саябақ аумағында тиіндер, еліктер, теңбіл бұғылар, тауыстар мекендейді. Ал көлінде аққу, қаз, үйрек және балықтың түр-түрі бар.
Дендрологиялық саябақтың басқа саябақтардан ерекшелігі, мұнда ғылыми қызметкерлер ағаштардың гендік қорын көбейту мақсатында жұмыс істейді. Аумағында ағаш түрін көбейту мақсатында арнайы жылыжай мен тұқымбақ орналасқан. Саябақта Қызыл кітапқа енген ағаштар да бар.
Саябақтағы "Даңқ аллеясына" белгілі тұлғалар ағаш отырғызған. Мұнда Асанбай Асқаров, Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Мұрат Әуезов және Түркия президенті Сүлеймен Демирел отырғызған шынар ағаштары өседі.
Дендрологиялық саябаққа адамдар серуендеу үшін ғана емес, денесін шынықтырып, спортпен айналысу үшін де келеді. Саябақ таңғы сағат бестен, түнгі сағат бірге дейін ашық. Қала тұрғындары үшін жүгіруге таптырмас орын.
Саябақ аумағында тамақтану орындары бар. Биыл кітапхана ашылды.
Қажымұқан Мұңайтпасов стадионы
Ақпараттық тур "Ордабасы" және "Жеңіс" футбол командаларының арасындағы Қазақстан премьер лигасының матчымен дөп түсті. Шетелдік және отандық БАҚ өкілдері мен блогерлер Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға барып, футбол ойынын тамашалады. Бұл стадионға 20 мың адам сыяды. Шымкент клубы "Ордабасы" үшін бұл шешуші ойындардың бірі еді. Стадион лық толды. Матч бойы жанкүйерлер "Алға, Ордабасы" деп айқайлап, клубын қолдады. Бұл ойында "Ордабасы" жеңіске жетсе, уақытынан бұрын Қазақстан чемпионы атанар еді. Алайда матч 1:1 есебімен аяқталып, екі команда тең түсті. Десе де кейінірек "Ордабасы" клубының чемпион атанғаны белгілі болды.
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион 1969 жылы салынып бітті. Кеңес кезінде "Октябрдің 50 жылдығы" деп аталды. КСРО чемпионаттарында Шымкенттің "Мелиоратор" клубы өз алаңындағы матчтарын өткізіп жүрді. 2003 жылдан бері "Ордабасы" клубының алаңына айналды.
2025 жылы стадион УЕФА стандарттарына сай жаңартылды. Футбол алаңындағы көгал алмастырылды. Жүгіру жолақтарының тозығы жеткен жабыны алынып, орнына халықаралық талаптарға сәйкес тартан жабыны төселді. Қазір мұнда спортшылар 8 жолақтан тұратын сапалы көк төсеніште дайындалып, ресми жарыстарын өткізе алады. Спортшылардың жаттығуы мен қалпына келуіне арналған жаңа ғимарат салынды. Көрермендер отыратын орындықтар жаңартылып, бапкерлерге және қосалқы құрам ойыншыларына арналған орындар қайта жабдықталды. Үлкен электронды табло орнатылып, LED-экрандар мен ақпараттық көрсеткіштер қойылды.
Шымкентте өткен "Ордабасы" клубының әр матчына кемінде 15 мың көрермен жиналған. Қазақстан Премьер-лигасының осы маусымында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионға жалпы 300 мыңнан астам жанкүйер келген. Осылайша 2026 жылғы маусымда "Ордабасы" ең көп жанкүйер жинаған клуб атанды.
Бүгінде стадионда футбол мачтары ғана емес, артистердің концерттері өтеді.
Жапон саябағы
Шымкентте демалатын саябақтар көп. Соның бірі – биыл маусымда қала күніне орай ашылған Жапон саябағы. Шетелде жапон мәдениеті мен сәулетін көрсететін парктер көп. Енді, міне, мұндай орын Шымкентте де бар. Бұл саябақ бұрынғы "Кең баба" саябағының орнында орын тепкен. 2025 жылы саябақ аумағы мемлекет меншігіне қайтарылды. Содан кейін мұнда заңсыз орналасқан нысандар бұзылып, аумақ толық тазартылды. Гид Ержан Орынбасаров та бұл жерде реттелмеген ойын-сауық паркі болғанын, кейінірек әкімшілік қолға алып, осындай жанға тыныштық сыйлайтын жаңа саябақ пайда болғанын айтып отыр.
Саябақ аумағы 2,3 гектарды алып жатыр. Құрылысы бар-жоғы 58 күнде аяқталған.
Жапон саябағы адам мен табиғат арасындағы үйлесім философиясына негізделген. Саябақ аумағында сакура аллеялары, тас бақтары, су үстіндегі демалыс орындары, жапон ауылдары, көркем серуен жолдары, демалыс пен медитация аймақтары, сәндік тұқы балықтары бар тоғандар және арнайы фотоаумақтар орналасқан. Көл айналасында аққулар жүреді. Қос қара аққу ерекше көзге түседі.
Кеңістіктің әр бөлшегі жапон мәдениетіне тән тыныштық, үйлесім және табиғатта тынығу мәніне сүйенген.
Саябақта шыны әйнектен жасалған тегін дәретханалар бар. Ішіне кірген бойда әйнек көрінбейтін кейіпке енеді. Іші жапон стилінде безендірілген әрі тап-таза. Тіпті бір бөлмесінде жуынуға, шаш кептіруге болады.
Жапон саябағы Шымкент тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналары анық. Өйткені бұл саябақтың Қазақстанда баламасы жоқ. Концепция International Excellence Awards 2026 халықаралық сыйлығының алтын жүлдесіне ие болып үлгерді.
Жапонияның Қазақстандағы елшілігі жапон саябағы қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс орнына айналып, Қазақстан мен Жапония арасындағы достық пен мәдени байланысты одан әрі нығайтуға үлес қосады деп сенеді.
Халықаралық батпырауықтар фестивалі
Шымкентте Республика күніне орай халықаралық батпырауықтар фестивалі өтеді. Биылғы фестивальді өз көзімізбен көру бұйырыпты.
Биыл 25 қазанда Shymkent City Park саябағында бір мезетте мың батпырауық көкке көтеріліп, Шымкент аспаны түрлі түске боялды. Жүздеген отбасыны, балаларды, қала тұрғындары мен қонақтарын біріктірген мерекелік іс-шараны Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды.
Келушілер батпырауық ұшыру жарыстарын, алып әуе құрылымдарының шоуын, концерттерді тамашалады. Балаларға арналған шеберлік сабақтары мен интерактивті бағдарламалар ұсынылды. Кішкентай қонақтар үшін аниматорлар жұмыс істеп, сабын көпіршіктерінің шоуы ұйымдастырылды.
"Шымкент тұрғындары мен қонақтарына жарқын эмоция сыйлау, Республика күнін жақындарымен бірге атап өту мақсатында осындай фестиваль ұйымдастырдық. Мұндай іс-шаралар адамдарды біріктіреді әрі қаланың туристік әлеуетін көтереді. Шымкентте туристерді тартатын іс-шаралар легі арта береді", – деді Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығының басшысы Заманбек Орынбеков.
Фестиваль алаңында балалар батпырауық ұшыруды үйренсе, ересектер түрлі белсенді шараларға қатысып, мерекелік бағдарламаны тамашалады.
Мерекелік бағдарлама аясында мотоцикл маусымының жабылуы өтті. Оған 150-ден астам мотоциклші мен 20-ға жуық спорттық автокөлік қатысты.
"Жолдасым екеуміз әр демалыс сайын үш баламызбен уақыт өткізуді әдетке айналдырдық. Бұл жолы Батпырауықтар фестивалімен тұспа-тұс келді. Батпырауық ұшырдық, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламаны тамашаладық. Шымкентте демалыс орындары көбейіп келеді. Дендросаябақ үйіміздің дәл жанында. Отбасылық дәстүрге айналатын осындай фестивальдер көптеп өте берсе дейміз", – деді қала тұрғыны Гюзаль Тасходжаева
"Банан бау" кешені
Шымкентте агротуризм де дамып келеді. Оған дәлел – "Банан бау" жылыжай кешені. Мұнда 5 гектар аумақта 7 мыңнан астам банан ғашы өсіріледі. Сондай-ақ фермада туристерге арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады. Экскурсия барысында жылыжай жұмысымен танысып, банан өсіру процесін тамашалауға, жемістерді жинау барысын көруге болады.
Енді тропикалық елдерге бармай-ақ Шымкенттің өзінен банан плантациясын көруге болады. "Банан бау" туристер үшін экскурсия және фотосессиялар жасауға тапсырмас орынға айналды. Келушілер жаңа піскен банан, көкжидек және басқа да өнімдерді тікелей осы жерден сатып ала алады.
Шымкенттің туристік әлеуеті
Шымкент қаласының туристік әлеуеті жыл санап артып келеді. Қалада туристік нысандар ғана емес, жаңа қонақүйлер мен мейрамханалар көптеп салынып жатыр. Туристі ең алдымен жаңа әуежай қарсы алады. Шымкент халықаралық әуежайы шетелдік нысандардан кем түспейді. Жаңа темір жол вокзалы да қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы орынға айналды.
Visit Shymkent ұйымдастырған ақпараттық турда Шымкенттің туристік орындарын аралап қана қоймай, жауапты мамандармен, қала тұрғындарымен, ақпараттық тур қатысушыларымен сөйлестік.
"Шымкентке келген турист тарихи орындарды аралап қана қоймай, қаланың мәдениетімен, гастрономиясымен және заманауи тыныс-тіршілігімен танысуы үшін жайлы жағдай жасауды мақсат етеміз. Төрт жылдан бері өткізіліп келе жатқан ақпараттық тур аясында шетелдік және отандық БАҚ өкілдері мен блогерлерге Шымкент қаласының туристік әлеуетін көрсетіп, туристік орындарды насихаттаймыз. Үш күнге ішінде қаламыздың ең көрікті жерлері мен тарихи орындарын көрсетуге тырыстық. Туристер саны жағынан Шымкент Қазақстандағы үздік бес қалаға кіреді. Қонақтар Шымкент қаласымен қоса, Түркістан қаласын, Отырар қалашығын, Ақсу-Жабағылы қорығын, Сайрам-Өгем ұлттық паркін көруге келеді. Шырайлы Шымкент жылы ауа райымен, дәмді тағамдарымен туристерді баурайды", – деді Visit Shymkent басшысы Заманбек Орынбеков.
Шымкентте әр адам өзі қалаған демалыс түрін таңдай алады. Тарихи орындарды аралап, көне Сайраммен танысуға, дендросаябақта серуендеуге, жаңа саябақтарды көруге немесе ұлттық тағамдардан дәм татуға болады. Қалада туристерге арналған орындар да, демалыс түрлері де көбейіп келеді. Шымкентте қаланың тарихымен танысып қана қоймай, оңтүстік өңірдің қонақжайлығын да сезіне аласыз. Қазіргі Шымкент келбетінде Ұлы Жібек жолы бойынан өткен керуеннің ізі қалған. Оны көзбен көріп қана қоймай, сезіну керек.