Тікелей эфир

Экс-министр Асхат Аймағамбетов 3 жылда білім саласын қалай жаңғыртты?

Асхат Аймағамбетов. Сурет: Informburo.kz
Асхат Аймағамбетов. Сурет: Informburo.kz
Асхат Аймағамбетовтің кезінде Педагог мәртебесі туралы заң әзірленді.

Асхат Аймағамбетов 2019 жылғы 13 тамыздан бастап ҚР білім және ғылым министрі қызметін атқарды. 2022 жылғы 11 маусымнан бастап министрліктің екіге бөлінуіне байланысты оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.

Экс-министр ҚР білім және ғылым министрі ретіндегі қызметін министрлік құрылымы мен функционалдық міндеттерді жаңартудан бастады. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті сапаны қамтамасыз ету комитеті болып қайта құрылды. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті өз алдына жеке комитетке айналды.

Министрлік бастамасымен 2021 жылдан бастап барлық білім бөлімі – аудандық және қалалық бөлімдер облыстық басқару деңгейіне өтті. Мұнымен қатар, ведомство заңнамаға "аудандар мен қалалардың білім бөлімдері мен облыстардың білім басқармасы басшыларын министрлікпен жұмыстан босату мен тағайындауды келісу жөніндегі норманы енгізді ".

Мектептер мен педагогтерге қатысты ірі өзгерістер

Педагог мәртебесі туралы заң әзірленді

2019 жылғы 27 желтоқсанда мемлекет басшысы "Педагог мәртебесі туралы" заңғы қол қойды. Аталған заңда 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдарында мұғалімдердің жүктемесін 18-ден 16 сағатқа дейін қысқарту туралы норма белгіленген. 

Халықаралық олимпиада, конкурс және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогқа жаңа заңға сәйкес үш лауазымдық жалақы мөлшерінде сыйақы төленетін болады. 1 000 АЕК мөлшеріндегі соманы "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағымен марапатталған мұғалімге төлейтін болады.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов жеке мектептердегі қосымша сабақтар санын азайту жолын түсіндірді


Аталған заңда мұғалімдерге кепілдендірілген әлеуметтік жеңілдіктер белгіленді:

  • 56 күн ақылы демалыс;
  • мұғалімдердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдар кезегінде бірінші орын беру;
  • негізгі қызметіне байланысты емес іс-шараларға тартуға тыйым салу. 

"Ұстаздарды күштеп жаздыру фактілері де тіркелді. Барлық факті бойынша кінәлі азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Десе де, біз бір нәрсені мойындауымыз керек – елдегі бұл заңды қабылдағанға дейінгі жағдай мен қазіргі ситуацияда үлкен айырмашылық бар. Оларды салыстыру мүмкін емес. Әріптестеріміз, білім басқармасы басшылары, білім бөлімдері және мектеп директорларына педагог мәртебесі, оларды өзіне тиесілі емес жұмысқа тарту және есеп беруді азайту сынды мәселелердің біз үшін аса маңызды екенін айтқым келеді. Осы мәселелер үнемі біздің бақылауымызда болады. Біз ең қатаң шаралар қолданамыз. Жұмыстан шығаруға дейін барамыз", – деп ескертті Асхат Аймағамбетов. 

Педагогтерге алғаш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік наградасы табыс етілді

Мемлекет басшысының жарлығымен 20-дан астам мұғалім білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік марапатқа ие болды.


Оқи отырыңыз: Республикалық пән олимпиадаларының форматын "Дарын" орталығы айқындайды


Бұл награда мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Жоғары атаққа ие болған педагог 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады.

Педагогикалық білім беру реформасы

2020 жылғы қаңтарда Асхат Аймағамбетов Қазақстанда мұғалімдер даярлайтын ЖОО саны қысқаратынын мәлімдеді. 2021 жылдан бастап мемлекеттік үлгідегі диплом орнына әр ЖОО (жеке және мемлекеттік) өзінің үлгісіндегі дипломын беруді бастады. 

Мектепке алғаш жұмысқа тұратын педагогтер енді міндетті тестілеуден өтетін болды.

Пандемия кезінде білім беру форматы өзгерді

2020 жылғы наурызда білім беру ұйымдары карантинге жіберілді, ал IV тоқсан қашықтан оқыту түрінде басталды. Министрлік теледидар арқылы сабақтар ұйымдастырды, атап айтқанда қазақ тілінде "Балапан" арнасы, орыс тілінде "Еларна" арнасында мұғалімдер сабақ өткізді. Шағын мектептер оқуын штаттық режимде жалғастырды. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру мақсатында мектеп компьютерлері оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға берілді.


Оқи отырыңыз: Білім министрі: Бізде жабылуы тиіс жоғары оқу орындарының "қара тізімі" жоқ


Білім сапасы төмен өңірлерге баратын үздік ұстаздарға әлеуметтік пакет берілді

Асхат Аймағамбетов проблемалы өңірлерге барып жұмыс істейтін үздік ұстаздарға әлеуметтік қолдау шаралары жинақталған пакет берілетінін мәлімдеді. 

"Кадр тапшылығы байқалатын және білім сапасында үлкен алшақтық бар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға қатысты айтатын болсам. Біз қолдау шараларының тиісті пакетімен осы өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Педагогтердің осы салаларда жұмыс істеуіне мүдделі болуы үшін біз жалақының арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалға алу құнын өтеу, коммуналдық қызметтерді төлеу өтемақысы және т.б. осы сияқты әлеуметтік қолдау шараларын ұсынамыз. Мұндай әлеуметтік пакет арнайы рәсімнен өтіп, белгілі бір өлшемдерге сәйкес келетін және белгілі бір мектептерге жұмысқа ауысатын мұғалімдерге беріледі", – деді министр.

Халықаралық олимпиада жеңімпазына – 4 млн теңге сыйақы

"Биыл халықаралық дода, олимпиада жеңімпаздары осы мүмкіндікке ие болады. Яғни бір реттік төлем 4 миллион теңгеге дейін жетеді, екіншіден, олардың тәлімгеріне қаржы, сондай-ақ, осы балаларға грант беріледі", – деді министр. 


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Директордың бір мектепте 15 жыл басшылық етуі оқыту тиімділігіне әсер етпей қоймайды


Мұнымен қатар, Асхат Аймағамбетов түрлі халықаралық байқау жеңімпаздарына грант беру мәселесі қарастырылып отырғанын айтты.

"Халықаралық спорт жарыстарының жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай, ЖОО-ға түсу мүмкіндігін қарастырдық. Мысалы, химияны керемет білетін оқушы Менделеев олимпиадасынан жеңіспен оралады. Бірақ, ол ҰБТ-ға барған кезде химиямен қатар қазақ тілі, тарихты да жоғары деңгейде білуі керек болады. Менің айтайын дегенім – біз осындай балалардан айырылып қалмауымыз керек. Заңға түзетулер енгізілді, бұл – ата-аналар 10-20 жылдан бері көтеріп жүрген мәселе. Енді осы мәселе шешімін тауып отыр", – деді Асхат Аймағамбетов. 

Грант иелену үшін ҰБТ-ны екі мәрте тапсыру

2022 жылдан бастап мектеп түлектері ҰБТ сынағын екі мәрте тапсыра алады. 

"Инстаграмда мені белгілеп, грантқа түсу үшін бір емес, екі рет ҰБТ тапсыру туралы өтініш жазып жүргендеріңізді білемін. Шешім қабылдау кезінде біз оқушылардың ұсынысын, қызығушылығын назардан шығармауға тырысамыз. Сол себепті осы жолы да сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша шешім қабылдадық. Яғни енді сіздер екі рет ҰБТ тапсырып, грантқа түсуге мүмкіндік аласыздар. Бұл шара эмоциялық күйзеліс деңгейін төмендететініне сеніміміз мол", – деді Асхат Аймағамбетов.

"Алтын белгі" үміткерлеріне талап күшейді

Келесі оқу жылынан бастап "Алтын белгі" үміткерлерінің әр тоқсандағы пәндер бойынша бағасы "5" болуы керек. Ал бұған дейін пәндер бойынша тек жылдық баға ескеріліп келген еді. 


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: 1200 оқушыға арнап салынған мектепте 5 мың бала оқиды


"Келесі оқу жылынан бастап "Алтын белгі" үміткерлері үшін талаптар ары қарай күшейтіледі. Біз мұны жыл сайын кезең-кезеңімен өзгертіп жатырмыз. Оны білесіздер. Алдыңғы жылда болсын бұл мәселені көтердік. Біраз өзгерістер енгіздік. Биыл – екінші кезең. Екінші кезең дегеніміз – үміткерлердің 5-11 сыныптардағы барлық тоқсандағы бағалары "5" болуы керек деген қағида енгізіледі. Өзім мұны маңызды қағида деп санаймын. Сол себепті осындай шешім қабылдап жатырмын. Түлектер үшін емтиханды тәуелсіз ұйым өткізетін болады. Бұл реформа оң нәтижесін береді деп сенемін", – деді министр. 

Әлеуметтік осал отбасы балалары аптасына 3 қосымша сабақ оқи алады

Биыл әлеуметтік осал отбасы балалары үшін мамандандырылған мектептерге түсуге жаңа 15 пайыздық квота енгізу туралы шешім қабылданды. Яғни, осындай отбасылардан шыққан 2 мыңнан астам бала жаңа квота бойынша БИЛ, Дарын және тағы басқа мектептерге оқуға түсе алады.

"15% – көп емес. Сол себепті мамандандырылған оқу орындары басшыларына мектептердің нәтижелеріне әсер етеді деп алаңдауына негіз жоқ. Жоғары академиялық жетістіктері бар балалармен қарым-қатынас және қоршаған орта осы оқушыларға оң әсер етеді және олардың тез бейімделіп, білімдерін шыңдауына және оқуда жетістікке жете алатынына сенімім мол", – деді Асхат Аймағамбетов.

"Цифрлық репетитор" жобасы

Жоба мақсаты – әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға (500 мыңға жуық оқушы) апта сайын тегін математика, тіл немесе жаратылыстану пәндерінен кемінде 3 қосымша сабақ алу мүмкіндігін беру.

Мұнымен қатар, гранттарды бөлу кезінде алғаш рет әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға университетте оқуға квота енгізілді. Соның арқасында былтыр мүмкіндігі аз болғандарға енді мемлекет есебінен білім алу мүмкіндігі айтарлықтай артты.


Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Балалардың қиялын дамыту үшін ғылыми фантастикаға көңіл бөлуіміз керек


"Осы студенттердің бірінші оқу жылының нәтижесін және осындай шешімнің тиімділігін көріп, енді болашақта бұл квотаны одан әрі ұлғайтып, жалпы грант санының 15 пайызына жеткізуді жөн көрдік. Яғни халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан тағы 5 мың бала мемлекеттік бюджетке оқуға мүмкіндік алады", – деді министр.

Бұдан өзге ауыл мектептері түлектерінің жоғары білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында олардың квотасын 35 пайызға дейін ұлғайту шарасы қолға алынды.

Ата-ана енді мектеп асханасын бақылай алады

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру ережесіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

"Енді қызметтерді жеткізушілермен азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы жаңа шарт жасалғаннан кейін мектеп асханаларындағы бағалар, оның ішінде буфет өнімдері, сусындар және тағы басқалары қызмет көрсетушілердің қалауы бойынша емес, орташа нарықтық бағаларды ескере отырып қалыптастырылады", – деп жазды министр.

Министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттік сатып алу порталындағы деректер базасы мен статистика органдарының ақпараты негізге алынады. Бұл асханаларда бағаның көтерілуіне жол бермейді. Сонымен қатар енді жеткізушілер тендерді ұйымдастырушының конкурс құжаттамасында көрсеткен ас мәзірі мен бағаларға сәйкес қатаң жұмыс істейді.


Оқи отырыңыз: Енді ЖОО жалақы мен жөндеу жұмыстарына бюджеттен тікелей қаржы алмайды


"Бұл тыйым салынған өнімдерді өндіру және өткізу тәуекелдерін жою, сонымен бірге буфет өнімдерінің бағасын белгілеу үшін қажет", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, ата-аналар тамақтану сапасын бағалай алуы үшін тағамдардың, ас мәзірінің, бағалардың фотосуреттерін жариялау нормасы енгізіледі.

Колледждерге қатысты өзгерістер

2022 жылы білім гранты ірі кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға да берілді

Енді ірі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар өзіне керек маманды оқу орындарымен бірге даярлайды және міндетті жұмыс орнын ұсынады.

"Ірі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар университет немесе колледждерді қамқорлығына алып, бірге кадр даярлау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, колледждер кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды қамқоршылық және индустриалдық кеңестеріне кіргізді. Яғни, кәсіпорындар директор тағайындау процесіне тікелей араласады және білім бағдарламаларын бірге жасайды", – деді Асхат Аймағамбетов.

Колледждерге жаңа мамандықтар енгізілді

Оқу процесіне сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді.

Қазақстан колледждерінде келесі жаңа мамандықтар оқытылады:

  • Робототехника және ендірілген жүйелер;
  • Наноматериалдар негізіндегі бұйымдар технологиясы;
  • Өндірістің аддитивті технологиялары;
  • Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе;
  • Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері;
  • Жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру;
  • Графикалық және мультимедиялық дизайн;
  • Тас өңдеу өндірісі;
  • Ландшафтық дизайн;
  • Жылжымайтын мүлікті басқару;
  • Дестинацияны басқару;
  • Құрылыстағы сметалық іс;
  • Еңбекті қорғау және технологиялық процестердің қауіпсіздігі және тағы басқа мамандықтар.

Университеттер мен ғалымдарға қатысты өзгерістер

ЖОО-ны қаржыландыру жүйесі өзгерді

Министр отандық университеттердің барлығы жан басын қаржыландыру жүйесіне көшкенін мәлімдеді. Яғни университетті қанша талапкер таңдаса, оған мемлекет тарапынан сол көлемде грант пен қаржы бөлінеді.

"Бұдан былай мемлекеттік ЖОО-лар жалақы, материалдық базаны жаңарту және жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен тікелей қаражат алмайды. Жекеменшік ЖОО-лар сияқты студенттер таңдауына сай жан басына қаржыландырылады. Елде 28 мемлекеттік оқу орнының акционерлік қоғам ретінде қайта құрылып, корпоратив басқару жүйесіне көшкені белгілі. Осы өзгерістің арқасында шешімді директорлар кеңесі қабылдайды", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Мектепте құжатбастылық тыйылмаса, білім басқармасы басшылары жазаланады


Қаңтарда қаза тапқан әскерилер мен полицейлердің балалары университетте тегін білім алады

Асхат Аймағамбетов жаппай тәртіпсіздік кезінде Отан алдындағы борышын өтеу жолында қаза тапқан азаматтардың балаларына білім гранттары ұсынылатынын мәлімдеді. 

"Қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің балалары университетте оқуы үшін білім грантын беру ұсынылады. Бұл да мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылады және министрлік президент жүктеген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындайды", – деді Асхат Аймағамбетов.

Студент, магистрант және докторанттың стипендиясы

2021 жылғы күзден бастап студент пен магистрант, докторанттардың шәкіртақысы көбейді.

"Біз 2021 жылдың қыркүйегінен бастап бакалавриат стипендиясының мөлшері 31 мың теңгеден жоғары, магистратурада15%76 мың теңге болады деп жоспарлап отырмыз", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Білім министрі: "Аналар үйінің" арқасында 11 жыл ішінде 121 жетімдер үйі жабылды


Ол тек соңғы екі жылда докторантурада стипендия мөлшері шамамен 82% өскені, дей тұрғанмен қыркүйек айында оның мөлшері қазіргідей 150 мың теңгені емес, 172 мың теңге болатынын айтты. 

PhD докторанттар енді дисстертация жазбай-ақ ғылыми атақ қорғай алады

Докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жариялауы тиіс ғылыми мақалалардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарды. Ал бір немесе екі ғылыми мақаласы рейтингі өте жоғары, беделді журналдарда жарыққа шыққан болса, докторант диссертациясын қорғауға мүмкіндік алады. Экс-министрдің айтуынша, бұл санға емес, сапаға бағытталған өзгеріс.

"Биылдан бастап, кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады. Ол үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіліміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек. Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік жоғары оқу орындарында бұрыннан қолданылып келеді. Дегенмен, бұл балама әдіс ретінде пайдаланылады. Докторант бұрынғыдай өз қалауы бойынша дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады", – деді Аймағамбетов. 

Жылда 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге сыйақы беріледі

Мұнымен қатар, 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

"Мұндағы механизм "ЖОО үздік оқытушысы" конкурсына ұқсас болады. Бұл "Ғылым туралы" заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 2020 жылы министрлікке қарасты ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа бюджеттік бағдарлама ашылып, 2,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды", – деп министр.


Оқи отырыңыз: Педагогті аттестаттаудың жаңа ережесі: Мұғалімдер неге эссе жазуға қарсы?


"Жас ғалым" жобасы аясында 1 000 грант бөлінетін болды.

Педагогтер мен психологтар үшін арнайы магистратура бөлімі ашылады

Бұл бөлімге ПМПК, ППТК және орталықтардың мамандары сұхбат арқылы ағылшын тілінсіз түсе алады.

"Біз университеттерге психологиялық медициналық педагогикалық кабинеттің (ПМПК – ред.) мұғалімдері, психологтары және түзету кабинеттері үшін мамандандырылған магистратура ашуды ұсынып отырмыз. Бұл ПМПК, психологиялық педагогикалық түзету кабинеттері және орталықтардың мамандары сұхбат арқылы ағылшын тілінсіз түсуі үшін қажет", – деді министр.

Сонымен қатар, министр бакалавриат бағдарламалары аясында даярлау, курс арқылы мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарына ерекше назар аудару қажет екенін айтты.

Мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты өзгерістер

Балабақша тәрбиешілері толтыратын құжаттар тізімі қысқарды

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеші қызметкерлері толтыруы тиіс құжаттар саны 3-ке қысқарды. Жаңа тізім бойынша тірбиешілер келесі құжаттарды ғана толтыруы қажет:

  • оқу жылына арналған перспективалық жоспар (жылына бір рет толтырылады);
  • тәрбие-оқу процесінің циклограммасы (бір аптаға толтырылады);
  • диагностиканың (бастапқы, аралық, қорытынды өлшеулердің) нәтижелері бойынша оқу жылына арналған баланың жеке даму картасы (қажеттілікке қарай толтырылады).

Оқи отырыңыз: Білім министрі: "Болашақта педагогтердің стипендиясы ең жоғары стипендия болады"


"Енді мектепке дейінгі білім беру деңгейі бойынша министрлік айқындаған нақты тізбе бар. Сондай-ақ, "Педагог мәртебесі туралы" заңда және әкімшілік кодексте жазылған басқа да құжаттарды талап етуге жауапкершілік қарастырылған және айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартатын органдар да бар", – деді Асхат Аймағамбетов.

Балабақшалардағы электронды кезек бірыңғай базаға жинақталды

Экс-министр мектепке дейінгі ұйымдардағы кезек және балабақша тапшылығы мәселесін шешуге тырысты. 

Енді ашықтықты қамтамасыз ету үшін бірыңғай облыстық балабақша кезегі құрылады. Ал мектептерге сырттай бағалау жүйесі толық енгізіледі. 

"Балабақшалардағы орындарды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін облыстардағы электронды кезектердің бәрі енді республика бойынша бірыңғай базаға еніп, біріктірілетін болады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Балабақшалар 100% камерамен жабдықталуға міндеттелді

2011 жылдары балаларды балабақшамен қамту көлемін арттыру үшін бақылаулар алынып тасталған болатын. 


Оқи отырыңыз: "Болашақпен" енді Австрия, Чехия, Ирландия және Оңтүстік Африкада білім алуға болады


"Тексеру болған жоқ. Балабақшаларға деген барлық талап төмендетіліп тастады. Өйткені шағын бизнес, "балабақшаларды көбейту керек", "оған ешқандай кедергі болмау керек" деген принципті ұстанды. Қазір қамту көрсеткіші көп болғандықтан, алдымызда тұрған ең басты мәселе – сапа", – деді Асхат Аймағамбетов.

Мемлекеттен тапсырыс алатын балабақшаларға талап күшейді

Мемлекеттік тапсырыс енді тек келесі талаптарға сай келетін балабақшаларға ғана беріледі:

  • өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Сондай-ақ дабыл түймесі мен ішкі дауыстық ескерту жүйесі болуы қажет.
  • Міндетті түрде бейнекамералар орнату.
  • Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы жағдайлар жасау.
  • балабақша ғимараттары мен үй-жайларының санитарлық нормаларға сәйкестігі.
  • Балаларға қолайлы пәндік дамыту ортасын қалыптастыру үшін балабақшаларды қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықтау.
  • медициналық көмек көрсетумен қамтамасыз ету.

Сондай-ақ, балабақша тәрбиешілерінің балалармен жұмыс істеуі үшін тиісті біліктілігі және/немесе білімі болуы қажет.

Серіктестер жаңалықтары