Тікелей эфир

Педагогті аттестаттаудың жаңа ережесі: Мұғалімдер неге эссе жазуға қарсы?

Енді педагог Ұлттық біліктілік тестін тапсырғаннан кейін эссе жазуға тиіс.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 12 қарашадағы № 561 бұйрығы бойынша, педагогтерді мен білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы 2016 жылғы 27 қаңтарда шыққан № 83 бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Соның ішінде көпшіліктің назарын аударған жаңашылдықтың бірі – педагогтерді аттестаттау кезінде эссе жазуы.

Енді педагог Ұлттық біліктілік тестін тапсырғаннан кейін эссе жазуға тиіс. Ол үшін 30 минут беріледі. Эсседе 250-300 сөз қолданылуы керек. Жыл сайын эссе тақырыбын білім беру саласындағы уәкілетті орган анықтайды. Жазылған эссе педагогтің testcenter.kz-тегі жеке кабинетіне жолданады.

БҒМ түсіндірмесі

Жуырда Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова аталған жаңа нормативті-құқықтық актілер туралы айтып, эссе жазу не үшін енгізілгенін түсіндірді.

"Жалпы, эссе – өте шағын көлемдегі жазбаша жазылатын шығарма. Бүгінгі күні мектеп оқушылары да эссе жазады. Оларға да белгілі бір тақырып бойынша эссе жазу ұсынылады. Мұғалімнің аттестаттау рәсіміне 250-300 сөзден құралған эссе жазу берілген. Бұл – өте қысқа ғана жазылатын жұмыс. Ол Ұлттық кәсіби тестілеуден кейін жазылады. Тағы бір айтатын маңызды тұсы – эссе мұғалімнің кәсіби санатын алуда бағаланбайды. "Бағаланбаса, не үшін қажет?" деген сұрақ қойылып жатады. Білім сапасы үшін білім беруде эссенің маңызы өте зор. Бұл мұғалім үшін де, білім саласы үшін де өте пайдалы. Эссе педагогтің ойын құрылымдап, белгілі бір құрылымға жақындатып, беретін ақпаратын толыққанды тұжырымды етіп көрсетуге бағыттайды. Мұғалім эссе жаза отырып, берілген тақырыптың ішіндегі негізгі ойларды анықтап, сол негізгі ұғымдарға түсінік береді. Оның ішінде өзінің тәжірибесін, жұмысын белгілі бір аргументтер арқылы жеткізеді. Бұл мұғалімнің өзінің жұмысына қаншалықты баға бере алатынын көрсетеді. Ол – мұғалімдердің кәсіби деңгейінің қаншалықты жоғары екенін, қаншалықты педагогика ісіне берілгенін, баланы қаншалықты жақсы көретінін көруге болатын құрал", – деді Шолпан Қаринова.


Оқи отырыңыз: Шолпан Қаринова: Мұғалімдердің кәсіби санат алуына жазған эссесінің әсері болмайды


Осы ретте әлеуметтік желіде бұл мәселеге қатысты жазылып жатқан пікір екіге бөлінді. Бір тарап бұл жаңашылдықты қолдаса, екінші тарап қарсы екенін жазып жатыр. Информбюро тілшісі ұстаздармен тілдесіп, пікірін сұрады.

Педагогтер пікірі

Еңбек өтілі 34 жылды құрайтын шебер-педагог Мейрамгүл Нүсіпбекова эссе жазған дұрыс екенін айтады. Ол – Алматы қаласы, Түрксіб ауданындағы Дүйсен Бабаев атындағы 115 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

"Эссе жазған дұрыс. Сауаттылық керек. Әлемде эссе жазып, қызметке тұрады, жалақысының көлемі эссесіне қарап бағаланады. Барлық пәннің бағдарлама мақсатында эссе жазу тапсырмасы бар. Эссе жазуды білмегендіктен, мұғалім бұл мақсаттарды айналып өтетінін байқап жүрміз. Бізде кез келген конкурста эссе жазады. Яғни, әр мұғалім білуі керек", – дейді ол.

Десе де, ұстаз вице-министрдің "эссе мұғалімнің кәсіби санатын алуда бағаланбайды" дегенімен келіспейді. Педагогтің пікірінше, эссе бағалануы және жазу уақыты 60 минуттан кем болмауы керек.

"Эссе балл бойынша бағалануы керек. Балл бағаға айналдырылып, мұғалімнің жалпы балына 1-5 аралығында балл қосылғаны жөн. Онсыз сапалы эссе жазылмайды. Оның бұрмаланбайтын анық критерийі берілуі керек. Есесіне портфолио талаптарын оңтайландырып беру керек. Эссе құрылымы мен эссе түрлеріне тақырыптар нақты берілуі керек. Ол үшін мұғалімдерге курс керек. Қазір өздігінен үйренуде. Эссені кәсіби білікті эссе жазу дағдысын білетіндер тексеруі керек", дейді педагог. Сонымен қатар, ол өзге тілді мамандарға эссені мемлекеттік тілде жаздыруды ұсынды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ілияс Есенберлин атындағы №67 гимназияның директоры Гүлжанат Абдраманова да әріптесінің пікірімен келіседі. Оның айтуынша, мұғалімнің эссе жазуы жаңалық емес.

"Педагогтер біліктілік тест тапсыруға машықтанып алдық, бірақ алғаш тест шыққанда да осындай  қызу талқылаулар болды. Дегенмен, ол өзгерісті қабылдадық, тереңірек дайындық жасауға, қосымша ресурстарды тиімді қолдануға төселдік. Неге десеңіз, мектеп түлектерін де тестке даярлайтын сол мұғалімдер ғой. Ал эссе жазу жаңартылған білім мазмұнында тіл сабақтарында ғана емес, жаратылыстану бағытындағы пәндерде де кездесіп жатады. Мемлекеттік емтихан тапсыруда мектеп бітірушілер тіл сабақтарында эссе жазады. Оған да оқушыны мұғалім даярлайды. Жыл сайын оқушылар арасында түрлі эссе сайыстарына оқушыларды даярлап жатқан да мұғалім. Тіпті қазір педагогтер арасында өтетін кәсіби сайыстардың іріктеу кезінде де эссе жазамыз. Сараптай қарасақ, эссе жазу жаңалық емес қой. Онда біз неге  аттестация кезінде жаза алмаймыз? Сондықтан бүгінгі таңдағы аттестаттау талабына енгізілген эссе мұғалімдер үшін аса қиындық келтірмейтін тәрізді", – дейді директор.

Педагог мұғалімнің жұмысы жалпы жазумен тығыз байланысты екенін алға тартады. Ұстаздар өзінің кәсіби педагогикалық шығармашылығын дамыту үшін авторлық бағдарламалар, әдістемелік құралдар жазады.

"Жазу сауаттылығы тек тіл мамандарына қатысты деген сөз емес. Ол барлық педагогке қатысты. Бүгінгі уақыттағы ең өзекті мәселе – сапалы білім беру. Ол әр мұғалім өз пәнінің зерттеушісі болу керек деген ұғымға сәйкес келетін сияқты. Себебі, сапалы білім беру үшін де әр мұғалім өз сабағына талдау жасап, сыни пікір жазып, сараптап отырады. Меніңше, әр педагог үшін эссе жазу ешқандай күмән тудырмау керек. Аттестаттау ережесіне енгізілген өзгеріс білім құндылығын арттыра түсетін тәрізді. Кез келген жаңалық, өзгерісте ішкі қарысылықтың болуы – күтілетін реакция, бірақ педагог қызметінің ең құндылығы сол кез келген өзгеріске бейімделу, икемделу деп ойлаймын", – деген маман кәсіби біліктілік, шығармашылық, сыни ойлауға зор пайдасы бар өзгерістен қашудың жөнсіз екенін айтты. 


Оқи отырыңыз: Білім министрі: "Болашақта педагогтердің стипендиясы ең жоғары стипендия болады"


Пікірлердің арасында "эссені жұмысқа енді қабылданған жас мұғалімдерге" жаздыру керек екенін жазғандар да болды. Бұл ретте жас маманның да пікірін сұрадық.

Ұстаз ретінде еңбек жолын биылғы оқу жылында бастаған Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назым Сапарова эссе жазудың шетелде қалыпты тәжірибе екенін айтты.

"Еңбек жолымды жаңадан бастап жатқан маман ретінде аттестациядағы өзгерістер маған таныс емес. Бірақ, эссенің енгізілуіне ешқандай қарсылық білдірмеймін. Керісінше, бұл жаңа форматтың мен үшін оңтайлы тұстары бар. Гуманитарлық бағыттағы мұғалімдерге оңайырақ, жаратылыстану бағытындағы мұғалімдерге қиындау болатын шығар. Дегенмен, эссе жазу – шетелдік тәжірибеде бар талап. Мысалы, шетелдік оқу орнына түсу, шетелдегі мектептерден тағылымдамадан өту кезінде эссе жазу қалыпты", – дейді жас маман.

Ал, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Қарабұта орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Ұлан Қабиахметов "жаратылыстану бағытында сабақ беретін педагогтерге эссе жазу қиын болуы мүмкін" деген сөзбен келіспейді.

"Мұғалім екі сөздің басын құрай алатын сауатты болуы керек деп санаймын. Эссе жазу – мұғалімдердің қаншалықты сауатты екенін тексеруге жақсы мүмкіндік . Ұстаздық жолды таңдап, сол қызметте жұмыс істеп жүріп, 250-300 сөз жаза алмасақ, ұят деп есептеймін", – дейді ол.

Ал, әлеуметтік желіде қарсы пікір жазып отырған екі-үш ұстаздан бұл мәселе туралы пікір білдіруін сұрағанымызда, бәрібір пікірін ешкім ескермейтінін айтып, бас тартты.

Серіктестер жаңалықтары