Қазақстанда тұрғын үй бағасы алдағы күзден бастап төмендейді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Жылжымайтын мүлікті сату орталығының директоры Нұрлан Досымбеков биыл күзде тұрғын үй нарығында тоқырау байқалатынын болжап отыр. Айтуынша, жыл басындағы қаңтар оқиғасы, одан кейінгі санкциялар, инфляциялар экономиканы кері тартып, жалпы сауда-саттықты тежеп тастаған. Соның салдарынан кез-келген санаттағы тұрғын үйдің нарқы айтарлықтай төмендеген.
"Қазір жер үйлердің өздерін сату қиын боп тұр. Сол себептен көп меншік иелері өздері хабарласып, бағасын 15-20 пайыз, кейбіреулері 30 пайызға дейін түсіріп отыр", – дейді Нұрлан Досымбеков.
Маман пәтер бағасында да біршама төмендеу байқалатынын айтып отыр. Сала мамандарының айтуынша, екінші деңгейлі көп қабатты үйлердің құны тек 5 пайызға ғана арзандаған. Ал бұған дейін бағасы аспандап кеткен су жаңа тұрғын үй кешендерінің де жағдайы мәз емес. Мердігерлер шаршы метрін 450 мың теңгеге бағалап, кейін 350 мың теңгеге сатып беруін өтінген.
Оқи отырыңыз: "Әскери баспана" бағдарламасына өтінім қабылдау қашан басталады?
Ал жылжымайтын мүлік нарығының сарапшылары биыл күзде баға айтарлықтай ауытқымайтынын айтады. Өйткені, жиын-терім науқанынан пайдаға кенелген жұрт жылжымайтын мүлікті меншіктеп алуға асығады. Сондықтан, сауда-саттық жасалады деген пікірде.
"Жаңа үйлердің бағасының өзгеру корридоры, біздің ойымызша, - 0,5 пайыздан + 0,5 пайызға дейін осы корридорда өзгеретін түрі бар. Ал егер қолданыстағы бар үйлерді алатын болсақ, олар бірқалыпты қалады. 0-де тұруы мүмкін немесе кішкене жоғарылауы мүмкін", – дейді жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Мақсат Егісбаев.
Кей сарапшылар құрылыс материалдарының қымбаттауы мен инфляцияның өсуі жаңа пәтерлердің құнын шарықтататынына сенімді.