"Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин өзінің Telegram арнасында жаңа технологиялар саласында қазақ тіліне сұраныс өте жоғары екенін айтты.
"Бұған OpenAI деректері дәлел. Соңғы жылдары қазақ тілі ChatGPT-ді қолданатын белсенді пайдаланушылардың үлесі ең жылдам өскен тілдердің қатарына енді. Сонымен қатар OpenAI мен Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының бірлескен жобасы аясында 14 млрд токеннен тұратын мәтіндік база және 12 мың сағаттық аудиодерек жиналды. Бұл нені көрсетеді? Адамдар жасанды интеллектіні қазақ тілінде пайдаланғысы келеді", – деп жазды Бағдат Мусин.
Оның сөзінше, ендігі міндет – технологиялардың сапасын осы сұранысқа сай дамыту.
"Бүгін Digital Bridge форумында "Қазақтелеком", Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы және америкалық FireBird AI компаниясы жасанды интеллект саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. FireBird AI әлемнің жетекші технологиялық серіктестерімен бірге жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын дамытып келеді. Бірлесіп, жасанды интеллектінің қазақ тілін жақсы түсінуіне және қазақша сапалы жұмыс істеуіне бағытталған зерттеулер мен жобаларды қолға аламыз", – деді ол.
Бағдат Мусиннің жазуынша, бұл жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – отандық IT мамандарына қолдау көрсету. Қазақстандық әзірлеушілер өздерінің AI өнімдерін жасай алуы үшін оларға қажетті деректер, құралдар мен техникалық мүмкіндіктер керек.
"Тіл қолданылған жерде дамиды. Бүгінде жасанды интеллект, дауыстық көмекшілер мен AI агенттер өмірімізге еніп жатыр. Қазақ тілі де осы жаңа технологиялардың тіліне айналуы тиіс", – деп жазды Бағдат Мусин.
"Бюрократияға жол беруге болмайды". Тоқаев жасанды интеллектіге қатысты міндеттер туралы
Интернеттегі контенттің қанша пайызын жасанды интеллект жазады