Тікелей эфир

Бас прокуратура жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын еске салды

Әлеуметтік желіде ұлттық алауыздықты қоздыруға үндейтін мәлімдемелер жиілеген.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Отандық ақпараттық кеңістікте және әртүрлі әлеуметтік медиада түрлі тақырыптар бойынша көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетуіне байланысты үндеу жолдады.

Ол жекелеген блогерлердің арандатушылық мәлімдемелері әлеуметтік желілер пайдаланушыларының ұлттық алауыздықты тудыратын белгілері бар пікірлерімен бірге жүретінін атап өтті.

"Нақты азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, сондай-ақ бірқатар танымал адамдарды ұстау және қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы жалған хабарламалар жариялануда. Мұндай фейктік мәліметтер қоғамдық жалған пікірді қалыптастырып ғана қоймай, сонымен бірге қоғамдық тәртіпке де теріс әсер етуі әбден мүмкін. Осындай шынайлыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратуды көбіне блогерлер қасақана, өздерінің және үшінші тұлғалардың мүдделері үшін жүзеге асырады. Олардың мақсаты – жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру", – деді Жандос Өмірәлиев.


Оқи отырыңыз: СІМ: Кез келген күрделі геосаяси жағдайда біз ұлттық қауіпсіздікке басымдық береміз


Бас прокуратура өкілі ұлттық алауыздықты қоздыруға, қорқытып алуға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салды.

Осыған байланысты, Бас прокуратура ел азаматтарын, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік желілердің пайдаланушыларын заңнаманы бұлжытпай сақтауға және жоғарыда келтірілген кез келген құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге, арандатушылыққа бой бермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары