Тікелей эфир

42 500 теңге: екінші айдың әлеуметтік төлемі қашан беріледі?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Egov.kz, 42500.enbek.kz сайтында, Telegram желісінде әлеуметтік төлем алуға өтінім беру жалғасып жатыр.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзарды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табысынан айырылғандарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем екінші ай үшін де төленетінін айтты.

Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтар екінші рет 42 500 теңгені қашан алатынын айтты.

"Төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан екінші төлем бірінші төлемді алған күннен бір ай өткен соң түседі", – делінген министрлік хабарламасында.

42 500 теңге әлеуметтік төлем төтенше жағдай кезінде бір рет тағайындалады және ай сайын төленеді. Мысалы, 25 наурызда алғашқы төлемді алса, екінші айға төлем 25 сәуірде түседі.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?

Төлем алуға екінші рет өтінім беріп, құжат тапсырудың қажеті жоқ. Наурызда көмек ақша алған азаматтардың шотына 42 500 теңге төлем келесі айда автоматты түрде аударылады.

Ал бұл әлеуметтік төлемді әлі алмағандар болса, өтініш беру жалғасуда. Ол үшін қажетті ақпаратты төмендегі сілтемелер арқылы алуға болады:

Telegram бот арқылы 42 500 теңге әлеуметтік төлемді қалай алуға болады? Нұсқаулық

42 500 теңге төлем алуға өтініш беру жалғасуда. Қандай қателіктерден абай болу керек?

27 сәуірдегі мәлімет бойынша, 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға 8,2 млн адамнан өтініш келіп түскен. 4,2 млн адамға төлем тағайындалса, 3,6 млн адамның өтініші қанағаттандырылмады.

Ең көп өтініш келіп түскен аймақтар:

  • Алматы облысы – 1,4 млн;
  • Түркістан облысы – 999,5 мың;
  • Алматы – 896,6 мың;
  • Нұр-Сұлтан – 594,5 мың;
  • Шымкент – 534,5 мың.

Ең көп төлем жасалған аймақтар:

  • Алматы облысының тұрғындарына – 620,5 мың;
  • Түркістан облысының тұрғындарына – 508,5 мың;
  • Алматы қаласының тұрғындарына – 412,1 мың.

Сондай-ақ, "Birgemiz" қоғамдық қорынан халықтың әлеуметтік әлсіз санатына жататын жандарға 50 мың теңгеден көмек беріліп жатыр. Бұл көмекті 152 мың қазақстандық алады делінген.

Оқи отырыңыз: 50 мың теңге көмек кімдерге беріледі? Оны алу үшін құжат тапсыру қажет пе?

Төтенше жағдай режимі кезінде 22,8 мыңнан астам адамға берілетін жәрдемақы мөлшері артты. 2,2 млн астам қазақстандықтың зейнетақысы өсті. Карантинге жабылған өңірлерде тұратын азаматтардың жекелеген санаттарына коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңгеден беріле бастады.

Қазақстанда коронавирус инфекциясының саябырсуының 97 пайызы 2 маусымда, 99 пайызы 14 маусымда байқалып, індет 28 шілдеде аяқталады деген болжам бар.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары