Төтенше жағдай мерзімінің ұзаруына орай ел азаматтарының табысынан айырылуына байланысты берілетін 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем беру де жалғасын табады. Бұған дейін бірінші айдың төлемін алу үшін 15 сәуірге дейін өтініш беру қажеттігін жазғанбыз. Бірақ, бұл енді өтініш беруге болмайды деген сөз емес, өтініш беру жалғасуда. Ендігі берілген өтініштерге сәйкес, екінші айдың әлеуметтік төлемі тағайындалады. Ал бірінші айдың төлемін алғандар үшін жаңадан өтініш берудің қажеті жоқ, әлеуметтік төлем автоматты түрде жасалады.
Informburo.kz берген өтінішіңіз зая кетпес үшін бұған дейін кеткен қателіктермен жұмыс жасап, шағын нұсқаулық әзірледі.
Өтініштерді eGov.kz порталы, 42500.enbek.kz сайты және @help42500bot Telegram боты арқылы беруге болады.
Оқи отырыңыз:
42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға 42500.enbek.kz сайтында өтініш беруге болады
Telegram бот арқылы 42 500 теңге әлеуметтік төлемді қалай алуға болады? Нұсқаулық
№1. 16 сәуірге дейін өтініш беріп үлгермесеңіз...
16 сәуірге дейін өтініш бергендер ғана бірінші айдың төлемін алады. Осы күннен кейін тапсырғандарға 42 500 теңге тағайындалса, шотына тек екінші айдың төлемі түседі. Төтенше жағдай режимі аяқталғанша өтініш беру жалғасады.
№2. Екінші төлемді алуға жаңадан өтініш беру керек пе?
Азамат базада бір рет тіркелген болса, оның барлық дерегі сақталады. Қайтадан өтініш берудің, құжаттың қажеті жоқ. Азаматтың шотына келесі айда да төлем түседі.
№3. Аты-жөн мен ЖСН-ді қате терсеңіз...
Осы уақытқа дейін жеке бас мәліметі дұрыс жазылмаған 157 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Сол себепті аты-жөні, туған күні мен ЖСН-ді қатесіз жазу керек. Тиісті мағлұматтың бір әрпі немесе саны мемлекеттік ақпараттық жүйедегі мағлұматқа сәйкес келмесе, әлеуметтік төлем тағайындалмай қалуы мүмкін.
Мұндай жағдайда дұрыс толтырып, өтінішті қайта беріңіз.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді.
№4. Төлем алу үшін шот ашу қажет пе?
Иә. Шоты (IBAN) барларға арнайы шот ашу міндеттелмейді. Қазір шот номерін алу үшін карта ашуға онлайн тапсырыс беруге болады.
Мысалы, Kaspi.kz, Homebank, Sberbank Online, JysanBank, Altyn-i, ForteBank, Post.kz мобильді қосымшасында, Bank RBK, Eurasian Bank, Банк Хоум Кредит, АТФБанк, Альфа-Банк сайтында банк бөлімшесіне бармай-ақ, үйде отырып төлем картасына тапсырыс беріп, шот нөмірін ала аласыз.
Өкінішке қарай, 42 500 әлеуметтік төлем несие және бөліп төлеу карталарына түспейді, Мысалы, Kaspi Red, PayDA секілді карталар. Мұндай жағдайда қарапайым төлем картасын ашуға тура келеді.
№5. Өтініш бергенде шот номерін көрсетпеуге бола ма?
Банкте шоты жоқ адам өтініш берген кезде IBAN көрсетпесе болады. Ол бір ай ішінде шот ашуы тиіс. Өтініш берген азаматқа 3 күн сайын "шот аштыңыз ба?" деген мазмұндағы хат жолданып отырады. Шот ашылған сәтте азамат өзінің есепшот нөмірін SMS-ке жауап ретінде жазып жібереді. Содан соң, төлем сол шотқа аударылады.
№6. Банк деректерін қате жазсаңыз...
Осы күнге дейін банк деректемесін қате жазған 80 мың өтінім келіп түскен. Әлеуметтік төлем алуға өтінім бергенде банк атауы мен IBAN (шотыңыздың 20 белгіден тұратын нөмірі) мәліметін көрсету қажет. Көп адам банк картасының 16 сандық номерін жіберіп қояды. Ал бұл тұста банк шотының номері керек болған соң әлеуметтік төлемді жіберу қиынға түседі. Мысалы, дұрысы "KZ123456789012345678". Шот номерін банктердің мобильді қосымшасынан немесе екінші деңгейлі банктердің жедел желі телефонынан білуге болады. Бұлай қате жіберілсе де әлеуметтік төлем тағайындалса, өтініш берушіге IBAN дерегін сұраған SMS-хабарлама келеді.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?
№7. Басқа адамның шотын көрсете аламын ба?
Жоқ. Жеке шоты жоқ адамдар өтініш жібергенде өзге тұлғаларға тіркелген банк шотын көрсеткен. Олай еткен жағдайда, алаяқтыққа жол ашылады. Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін оп-оңай тауып алып, солардың атынан өтініш беруі мүмкін.
IBAN дерегін толтырғанда бір санның өзін қате жіберудің салдарынан өтініш берушіге аталған шот қызметін тоқтатқан банкте тіркелгені жайлы хабарлама келуі ықтимал.
№8. Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) қалай төлеймін?
Өз-өзіне жұмыс істейтін адамдар әлеуметтік төлем алу үшін соңғы 12 айда кемінде бір рет БЖТ төлеуі қажет. Екінші айға төлем алу үшін БЖТ қайта төлеу міндеттелмейді.
- республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК (2 651 тг);
- басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК(1 325,5 тг).
№9. БЖТ-ны өтінім бергеннен кейін төлесеңіз...
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар алдымен өтінім беріп, содан кейін БЖТ төлесе жүйе аударымдарды көрмейді де, әлеуметтік төлем оларға тағайындалмайды. Кейбір банктер төленген БЖТ туралы ақпаратты бірден жібермейтін жағдайлар да кездеседі. Осылайша БЖТ төленгені туралы ақпарат деректер базасына 1-3 күн кешігіп түседі. Мұндай жағдайда қайтадан өтініш беру керек.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алғандар жауапқа тартыла ма? Министр түсіндірмесі
№10. Алаяқ Telegram боттар бар ма?
Өкінішке қарай, иә. Әлеуметтік төлем алуға өтінім беруге арналған жалған боттар баршылық. Жалған боттар азаматтарға БЖТ және басқа да төлемдерді төлеу үшін банк шотын ұсынады. Ресми боттар ешқандай банк шотын ұсынбайды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мұндай телеграм-боттардың жалған екенін және оларға алданып қалмауды ресми түрде ескертеді.
Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан қаласының төрт тұрғыны 42 500 теңге алу үшін жалған Telegram боттың құрбаны болған. Алаяқтар бот арқылы қолданушылар атынан онлайн несие рәсімдеген.
Ресми боттар тізімі мына сілтемеде.
№11. Өтініш статусын қайдан көре аламын?
42 500 теңгені алу үшін өтініш бергендер статусын онлайн түрде 42500.enbek.kz сайтында тексере алады. Ол үшін "Өтініш статусын тексеру" батырмасын басып, ЖСН мен жеке куәлік нөмірін енгізіп, "Мен робот емеспін" деп түртіп, "Тексеру" батырмасын басу керек. Өтінім статусы бірден экранға шығады. Бір құрылғыдан бір сағат ішінде үш рет қана тексеруге болады.
Сайтқа кіретін адамдар көп болғандықтан, өтініш статусын тексергенде "сізге тағайындалмаған" деген секілді мәлімет шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда қайтадан өтініш беруге немесе тексеруге тырыспаңыз. Бірнеше сағаттан соң қайта тексеріп көріңіз.
№12. 42 500 теңге тағайындалғанын қайдан білемін?
Кейбір азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындалғаны туралы мәтін бар SMS-хабарлама өтініш берместен келіп түсті. Оларға автоматты түрде тағайындалды және шотқа ақша сол күні жіберілді.
Ал өтінімді өзіңіз жіберсеңіз тіркеген телефон номеріңізге 42 500 теңге тағайындалғаны немесе бас тартылғаны туралы SMS-хабарлама келеді. 42500.enbek.kz сайтында өтінім статусын тексерген кезде сізге "42 500 теңге тағайындалды" немесе "өкінішке қарай, автоматты түрде тағайындаудан бас тартылды" деп шығады.
Оқи отырыңыз: 50 мың теңге көмек кімдерге беріледі? Оны алу үшін құжат тапсыру қажет пе?
№13. Ақысыз демалысқа жіберсе, өтініш бере алам ба?
Өтініш беруші ұсынған деректерді тексере келе, жұмыс берушінің қашықтан жұмыс істеуге рұқсат еткені немесе толық емес жұмыс күніне ауыстырғаны, ұйымның жалпы амалсыздан тоқтап тұрғаны анықталуда. Мұндай жағдайда жұмыс беруші тарап жұмысшыларға жалақы төлеуі тиіс. Дегенмен ұйым басшылығы жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберетіні жайлы бұйрық шығармаса да, жұмысшылар "42 500 теңге" төлемге өтініш беруге әрекеттеніп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы орындармен бірлесе отырып, жалдамалы жұмысшы болып саналатын өтініш берушілердің расында ақысыз демалыс жіберілгендігін тексеруге кірісті.№14. Зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылар өтініш бере ала ма?
863 мыңға жуық өтініш тұрақты жалақы төленетін жұмысы бар (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері), зейнетақылар мен жәрдемақыларды алушылар, төтенше жағдай енгізілгенше ресми жұмыс істемегендерден келіп түскен. "42 500 теңге" төлемге зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылардан да өтінім келіп түсуде. Әлеуметтік төлемге төтенше жағдай мерзіміне дейін ресми еңбек еткен, оларға жұмыс беруші жарна немесе жеке табыс салығын аударған немесе өздері БЖТ төлеген зейнеткерлер, мүгедектер яки басқа мемлекеттік жәрдемақы түрлерін алушылар өтініш бере алады.
№15. Шетелге қоныс аударғандар 42 500 теңге ала ма?
Қайтыс болған адамның немесе шетелде тұратын азаматтың атынан 534 жуық өтінім келіп түскен. Жекелеген азаматтар өтінімнің онлайн берілетінін пайдаланып, қайтыс болған жандардың дерегін көрсеткен. Ел аумағынан тыс шетелге қоныс аудара отырып, әлеуметтік төлемге өтінім бергендер де бар. Қазақстан азаматтары туралы және де адамның қайтыс болғаны немесе шетелге қоныс аударғаны жайлы ақпараты мемлекеттік деректер қоры арқылы тексеріледі. Мұндай өтініштерге әлеуметтік төлем тағайындаудан үзілді-кесілді бас тартылатыны анық.
Оқи отырыңыз: Зейнеткерлер мен студенттер 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала ма? Маңызды 18 сұраққа жауап
№16. Әлеуметтік төлем алғандар кейін тексеріле ме?
"42 500 теңге" алғандардың барлығы төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін бекітілген заң жүзінде қайта тексеріледі. Әр өтінішке қатысты ұсынылған деректердің шынайылығына жауапкершілік жүктелген, оның ішінде, әлбетте басты себеп – төтенше жағдай кезіндегі шектеулер салдарынан табыстан айырылу.
№17. Заңсыз алғандар қандай жауапқа тартылады?
Әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған адамдардың жауапкершілікке тартылуы олардың жасаған заңсыз әрекетіне байланысты болады. Әлеуметтік төлем алушылардың заңсыз іс-қимылы Қылмыстық кодекстің аясында қарастырылады
190-бап:
-
1000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту;
-
600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту;
-
екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру;
- 100 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту;
- 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту;
- 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу.
№18. 42 500 теңге төлемді қайтара аламын ба?
Өтініш беруші қателесіп, әлеуметтік төлем алған болса, қаражатты қайтару қажет деп санаса, 42 500 теңгені келесі шотқа жібере алады:
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КеАҚ
БСН: 160440007161
БСК: GCVPKZ2A
ЖСК: KZ67009SS00368609110
ТТК: 049
Халық банк пен Kaspi Bank-те шоттары бар азаматтар банктердің мобильді қосымшасы арқылы "Әлеуметтік төлемдерді қайтару" батырмасын таңдай отырып, 42 500 теңгені қайтара алады.