Тікелей эфир

Пандемия және Қазақстандағы эпидемия дедлайны. Сингапур ғалымдарының болжамы қандай?

Иллюстрация depositphotos.com сайтынан алынды
Иллюстрация depositphotos.com сайтынан алынды
Сингапур университетінің ғалымдары дүние жүзінде, соның ішінде Орталық Азия елдерінде Covid-19 індетінің аяқталу мерзіміне болжам жасады.

SIR ("вирус жұқтыруға бейімдер ауырады, кейін сауығады") моделінің негізінде әзірленген зерттеу Сингапур технология және дизайн университетінің (SUTD) сайтында жарияланған.

Ресурс әрдайым ең соңғы деректермен толықтырылып отырады. Болжамның саны ретінде алынған пандемия дедлайны күн сайын жаңартылуда. Кеше, 28 сәуірде жаңа түзету жасалды.

Болжамға сәйкес, әлемде инфекция саябырсуының 97 пайызы 30 мамырда, 99 пайызы 16 маусымда байқалып, індет 1 желтоқсанда аяқталмақ.


Сингапур технология және дизайн университетінің әлемдегі коронавирус індетінің дедлайны туралы болжамы

Сингапур технология және дизайн университетінің әлемдегі коронавирус індетінің дедлайны туралы болжамы / Сурет SUTD зерттеуінен алынған


Ал Қазақстанда инфекция саябырсуының 97 пайызы 2 маусымда, 99 пайызы 14 маусымда байқалып, індет 28 шілдеде аяқталады деп болжам жасалған.


Сингапур технология және дизайн университетінің Қазақстандағы коронавирус індетінің дедлайны туралы болжамы

Сингапур технология және дизайн университетінің Қазақстандағы коронавирус індетінің дедлайны туралы болжамы / Сурет SUTD зерттеуінен алынған


Оқи отырыңыз: Жазғы ыстықта коронавирус жойыла ма? Вирусолог мамандардың зерттеуі

Орта Азиядағы халқы көп елдің бірі – Өзбекстанда эпидемия мамырдың 24-іне қарай аяқталады деп болжанса, Қырғызстандағы дедлайн – 6 маусым. Ресейде – 19 тамыз.

Зерттеуде ірі мегаполистер мен қалалардағы дерттің тарауын дәл модельдеуге, жаңа параметрлерді енгізуге және әртүрлі сценарийлерді талдауға мүмкіндік беретін SIR моделі пайдаланылған. SUTD ЖОО қауымдастығының профессоры, Деректерді зерделейтін инновациялық зертхананың ғалымы Цзянси Луо болжаудың тоероиясы мен әдістемесін "Covid-19 қашан аяқталады?" мақаласында кеңінен талдаған. Ерекше ескерер жайт, зерттеу жобасындағы дерек тек білім беру және зерттеу мақсатында дайындалғаны, тиісінше болжам қате болуы мүмкін екені ескертілген.

"Оқырмандар кез-келген болжамды сақтықпен қабылдауы керек. Дедлайн туралы ақпаратқа шамадан тыс оптимизммен қарау қауіпті, өйткені бұл елдегі тәртіп пен бақылауды әлсіретіп, дерттің таралуын күшейтуі мүмкін", – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Індет пен міндет. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің түсіндірмесі

Қазақстан билігінің ресми болжамдары

Қазақстанның нұсқасындағы пандемия дедлайны Денсаулық сақтау министрлігі тарапымен бірнеше рет түзетілді. 23 наурызда індеттің негізгі ауыр кезеңі және оның аяқталуы жөніндегі бірінші болжамды айтқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев онлайн брифингте "бір ай ішінде вирустың шарықтау шегін өткеріп, кейін жұқтырғандар саны азаятын болады" деген. Ал келесі күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "сәуірдің алғашқы он күндігінде шарықтау шегін өткереміз" деп нақтылады. Дегенмен, Covid-19-дың бастапқы ошағы – Нұр-Сұлтан мен Алматыдан аймақтарға тарағаннан кейін жағдай өзгеріп, министр 5 сәуірде "аурудың негізгі кезеңі сәуір-мамырда өтеді. Ал, індеттің шарықтау шегі – сәуірдің алғашқы жартысында болады. Бұл кезде вирус жұқтырған 3,5 мыңдай адам тіркелуі мүмкін" деп толықтырып еді.

Сәуірдің ортасында, елдегі кейстер саны мыңға жуықтаған тұста сол кездегі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова "індеттің шарықтау шегі сәуір айының соңы не мамыр айының басына тұспа-тұс келуі мүмкін. Ол кезде шамамен коронавирус жұқтырғандардың саны 2 мыңға жетуі ықтимал" деді.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді?

Қауіпті кеселді жұқтырғандар саны 1 700-ден асқан кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 сәуірде туит парағына "кейстер геометриялық прогресс қарқынымен болмаса да, көбейіп жатқанын және індет әлі де шарықтау шегіне жетпегенін" жазған.

Арада үш күн өткен соң бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова "елімізде коронавирус инфекциясының таралуы шарықтау шегіне жетті" де мәлімдеді. Ол тіркелген науқастар саны "сәуірдің соңына қарай 2 700, ал мамыр айының аяғында 4 000-ға жететінін" болжаған. Бірақ қазіргі жағдай бойынша ай аяқталмай жатып дерт жұқтырғандар саны 3 мыңнан асып кеткені белгілі. Соңғы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар саны 3 079-ға жетті (29 сәуір, сағат 12.50).

Материал толықтырылды: Бүгін (29 сәуір, сағат 15.45) Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова жаңа болжам жасады. Оған сәйкес, Қазақстанда сәуір соңына дейін коронавирус жұқтырғандар саны 3 400-ге жетсе, мамыр соңына дейін 5 300 шамасында болуы мүмкін.

Ал өткен тәулікте Денсаулық сақтау министрлігі 167 адамның ауру жұқтырғанын растады. Қазақстан кейстер саны бойынша 47 күнде 58-орынға тұрақтады. Сондай-ақ елдегі 17 өңірдің (14 облыс, 3 қала) 11-інде дертке шалдыққандар саны жүзден асқан.

Өңір

27 сәуір

28 сәуір

Аралық есебі

Алматы

876

919

43

Нұр-Cұлтан

547

605

58

Қызылордаоблысы

182

187

5

Шымкент қаласы

175

176

1

Қарағанды облысы

132

139

7

БҚО

125

126

1

Атырау облысы

123

128

5

Түркістан облысы

115

121

6

Павлодар облысы

110

120

10

Жамбыл облысы

106

111

5

Алматы облысы

100

113

13

Ақмола облысы

93

95

2

Ақтөбе облысы

57

65

8

Қостанай облысы

43

43

-

Маңғыстау облысы

30

32

2

СҚО

30

30

-

ШҚО

16

17

1

Барлығы

2 860

3 027

167

Оқи отырыңыз: Covid-19: төтенше жағдай кезінде интернет тұтынушы үшін қауіп қандай?

Қазақстандағы негізгі кейстер реестрі:

  • 13 наурыз сағат 14.30 – бірінші науқас (74 күнде)*;
  • 13 сәуір сағат 23.40 – 1 000 науқас (31 күнде);
  • 22 сәуір сағат 09.25 – 2 000 науқас (10 күнде);
  • 27 сәуір сағат 17.40 – 3 000 науқас (6 күнде).

*Wikipedia: 2019 жылы 31 желтоқсан күні Қытайда алғашқы жағдай тіркелді.

Осылайша бір ай көлемінде Қазақстан билігі шарықтау шегі мен пандемия финалы туралы болжамын бірнеше мәрте түзетіп келеді. Кейбір мамандар мұның себебін жағдайдың болжауға келмейтіндей күрделенуі, сандардың жиі өзгеруімен байланыстырады.

Ал Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Женевада өткен соңғы баспасөз жиынында індеттің беталысы, "иммунитет куәлігі" бастамасы мен карантин талаптары туралы сөз етті. Ол "індеттің екінші толқыны қайта басталғанын" ескертіп, әлем елдерін босаңсымауға, шектеу шарасын жеңілдетуге асықпауға шақырды. Әсіресе, ДДСҰ қорғаныс қабілеті бар адамдарға (орысшасы – "антитела") вирус жұқпайтыны әлі нақты анықталмағандықтан, "иммунитет куәлігі" кепіл бола алмайтынын және оны таратуды құп көрмейтінін хабарлады. Тедрос Гебрейесус "Көптеген мемлекет эпидемияның алғашқы кезеңіне ғана кірді. Қателік жасамаңыздар, бізге ұзақ жолды еңсеру керек. Бұл вирус бізбен ұзақ уақыт болады", – деген болатын.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары