Тікелей эфир

"Жабылу алдындамыз". Карантин жеке меншік балабақшалар жұмысына қалай әсер етті?

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Қазақстанда 339 мың бала 4 428 жеке меншік балабақшаға барады.

"Атамекен" ҰКП алаңында карантин режимі жағдайындағы жеке меншік балабақшалардың жұмысы талқыланды. Сарапшылардың сөзінше, карантиннен кейін мұндай мекемелер жұмысын тоқтатуы мүмкін. Себебі, жеке меншік балабақшалардың 70 мыңға жуық қызметкері қаржыландырусыз қалып отыр.

"Елімізде жеке меншік балабақшалары жабылуға шақ тұр. Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік тапсырыс балалар балабақшаға бармаған жағдайда төленді. Төтенше жағдай аяқталған соң мемлекеттік тапсырыс қалай сақталады деген мәселе туындады", – деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.

Мемлекеттік тапсырыс тек балалардың нақты саны үшін төленеді. Ал қазір балабақшаларда кезекші топта небәрі 15 бала тәрбиеленуі керек деген талап бар. Топтағы санаулы балаға көрсетілетін қызметке қарамастан балабақша құрылтайшылары қызметкерлерге толық көлемдегі ақы төлеуге міндетті.

"70 мыңға жуық адамға жалақы төлеу керек. Білім және ғылым министрлігімен осы мәселені талқыладық. Қызметкерлерге тым болмаса төменгі жалақы төлеу үшін және жеке балабақшалар жабылып қалмау үшін қолдау қажет. Әйтпесе карантин аяқталған соң балаларымызды апаратын жер болмайды. Мемлекеттік балабақшалар осыншама баланы қабылдай алмайды", – деді Олжас Ордабаев.

Оқи отырыңыз: Оқушыларға арналған гранттар. Qazbilim олимпиадасына қалай қатысуға болады?

Оның сөзінше, шығынды ата-аналардың қаржысы есебінен өтеу мүмкін емес. Өйткені, әр балаға шығатын шығын ай сайын қомақты қаржыны құрайды.

"Шығынды ата-аналар өтей ала ма? Әрине, жоқ. Оның үстіне қаншама адам балабақшаға балаларын жібермейміз деп отыр. Бұған қаржы мәселесі мен елдегі карантин себеп", деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Төтенше жағдай туындағанға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеген жеке балабақшалар жалақы, коммуналдық қызметтер, жалдау және салық төлемдерінен қомақты қарыздар жинап, жұмыс істеуге мәжбүр болған. Өйткені, "Педагог мәртебесі туралы" заң бойынша әлеуметтік кепілдеме кәсіпкерге артылған. Бұл жеке балабақшалардың жан басына қаржыландыруға көшуімен байланысты болып отыр.

Үздіксіз білім беру қауымдастығының Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Шолпан Өтегенованың сөзінше, ата-аналар қалтасынан өтелетін қаржыны 16 мың теңгеден асыруға болмайды.

"2014 жылдан бері жан басына шаққанда әр балаға 23 869 теңге көлемінде қаржы алып келдік. Жылдағы қымбатшылық мәселесі ескерілмейді. 2017 жылы қабылданған жаңа әдістеме әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Енді оны да мемлекет топтағы бала санына қарай берер болса, жеке меншік балабақшалар жабыла бастайды. Оның үстіне қызметкерлерді материалдық қолдау құрылтайшы мойнына жүктелді", – деді ол.

Мектепке дейінгі білім беру саласында жеке меншік балабақшалардың 60 пайыздан астамы ата-ана төлемі есебінен, мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Балабақшаға қабылдау тәртібі өзгергелі бағасы да қымбаттады

Қазақстанда 10 314 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның ішінде жеке меншікте – 4 428. Балабақшамен 880 мың бала қамтылған. Республика бойынша 1-6 жастағы балаларды қамту – 77,1%, ал 3 жастан 6 жасқа дейін 95,2% құрайды.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары