Тікелей эфир

Оқушыларға арналған гранттар. Qazbilim олимпиадасына қалай қатысуға болады?

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Бүгін олимпиадаға қатысуға үміткерлерден құжат қабылдау басталды. Республикалық білім жарысы биыл үшінші жыл қатарынан өткізілмек.

Республикалық Qazbilim орталығының жыл сайынғы олимпиадасында үздік нәтиже көрсеткен 100 оқушы орталықта бір жыл бойы тегін білім алады.

Олимпиада 4-5 және 10 сынып оқушылары арасында өтеді. Қатысу тегін. Үміткерлер орталықтың Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы филиалдарына хабарласып, келесі құжаттарды тапсыруы керек:

  • туу туралы куәлік;
  • отбасы құрамы туралы анықтама;
  • ата-анасының немесе қамқоршысының куәлігі.

Оқи отырыңыз: Биыл мектеп түлектері қалай аттестат алады? Білім және ғылым министрінің түсіндірмесі

Құжаттар 15-30 мамыр аралығында қабылданады. Олимпиада маусым айында өткізіледі, алайда карантинге байланысты нақты уақыты әзірге белгісіз. Басқа облыстағы оқушылар олимпиада өтетін орталық филиалдарының біріне келіп қатыса алады.

4-5 сыныптар математика және ағылшын тілі пәнінен, ал 10-сынып оқушылары ҰБТ-дағы міндетті үш пәннен тапсырады:

  • оқу сауаттылығы;
  • математикалық сауаттылық;
  • Қазақстан тарихы.

Сұрақтарды Нұр-Сұлтандағы орталық мұғалімдері әзірлейді. Сұрақтар ешқайда таратылмайды және құпия түрде сақталады.

"Білімнің толыққанды бизнеске айналып кеткенін қаламаймын. Сондықтан белгілі бір мөлшерде ол қолжетімді болуы керек. Отбасылық жағдайы төмен жақсы оқитын оқушыларға мүмкіндік беру мақсатында осы олимпиаданы ұййымдастырамыз. Осыған дейін де балаларға тегін гранттар беріп келгенбіз. Кейін олимпиада өткізу арқылы үздік балаларға грант беруді дұрыс деп шештік", – дейді орталық директоры Аятжан Ахметжан.

Оқи отырыңыз: Соңғы қоңырау салтанаты 3-4 маусымда, ҰБТ өз уақытында өтеді

Бір жылдық грантқа оқу ақысы, оқу құрал-жабдықтары, оқуға қатысты материалдар кіреді. Гранттың орташа құны – бір оқушыға шамамен 500 мың теңге. Аятжан Ахметжан 100 оқушыға берілетін грант сомасы 50 млн теңгені құрайтынын айтты. Мұнымен қоса отбасылық жағдайы мен көрсеткен нәтижесіне қарай келесідей жеңілдіктер қарастырылған:

  • 4-5 сыныптар арасында ең жоғары балл жинаған оқушыларға Назарбаев зияткерлік мектептері дайындық тобына 100%, 50%, 30%, 20% жеңілдіктер, отбасы жағдайына байланысты 10 оқушыға 100%, 50% тегін гранттар беріледі.
  • 10 сыныптар үшін ең жоғары балл жинаған оқушыларға ҰБТ дайындық тобына 100%, 50%, 30%, 20% жеңілдіктер, отбасы жағдайына байланысты 10 оқушыға 100%, 50% тегін гранттар беріледі.

"100 оқушы бір жыл ішінде орталықта кез келген пәнді тегін оқи алады. Грант саны қатысатын оқушылар санына байланысты өзгеруі мүмкін. Басқа жақтан келіп оқи алмайтындарға онлайн оқуға гранттар қарастырылған", – дейді орталық директоры.

Qazbilim филиалдары:

  • Нұр-Сұлтан: Тәуелсіздік даңғылы, 47/1, +7 (775) 431-80-08; Сарыарқа даңғылы, 31/2, +7 (701) 531-80-08;
  • Алматы: Алмас шағын ауданы, 238 үй, +7 (701) 731-80-08;
  • Ақтөбе: Гришин көшесі, 7а, Н. Байғанин атындағы оқу ғимараты, 1-қабат, +7 (701) 732-80-08;
  • Шымкент: Асқаров көшесі, 38 үй, 3-қабат, +7 (701) 761-80-8.

Орталық туралы толық ақпарат qazbilim.kz сайтында.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары