Тікелей эфир

"Пәтер сатып алдым". Жөндеу жұмысын неден бастау керек?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Пәтер сатып алуда жиі кездесетін қателік – жөндеу жұмыстарына қажетті мөлшерде қаражат қалдырмау. Жүйесіз жасалған жөндеу жұмыстары екі есе шығынға батырады.

Әлі әрлеу жұмыстары жүргізілмеген жаңа пәтерді сатып алғанда, жөндеу жұмысы сатыларының реттілігін сақтау өте маңызды. Мәселен, бірінші кезекте үйдің электр желілері, сантехника, құбыр жабдықтарын ретке келтіріп алу қажет. Сапасыз сантехника жүйесі уақыт өте келе істен шықса, үйге жөндеу жұмысын түгелдей қайта жүргізуге тура келеді. Екінші кезекте пәтердің қабырғасы мен еденін тегістеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан кейін пәтердің төбесін аспалы не керілмелі материалмен жапқаннан кейін барып қабырға әрленеді. Бұл реттілік сақталмаса, еңбек зая кетуі мүмкін.

Сантехникалық жұмыстар

Сантехник Марлен Салимовтың айтуынша, егер үй иесінің бұл салада білімі мен тәжірибесі жоқ болса, жұмысты сала маманына тапсырған дұрыс не жұмысты сантехниктің кеңестеріне сүйене отырып жүргізу қажет.

"Су ағатын құбырды орналастырудың өз нормативі бар: 1 метрге – 8 мм. Егер ол құбыр тым жоғары орналастырылса – су тез толып қалады, ал бір сызық бойымен орналастырылса – су дұрыс жүрмей қалады. Сондай-ақ, тікқұбырға (стояк) баса назар аудару қажет. Құрылысшылар жүргізген құбырдың бойында тесік не сызат болса, жағымсыз иіс шығып тұрса, онда құбырды ауыстырған жөн. Әйтпесе, уақыт өте келе ауыстыру үшін кейін жасалған әрлеу жұмыстарын бұзуға тура келеді", – дейді Марлен.

Сантехникалық жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде жуынатын бөлме мен әжетхананың қалай орналасатынын жоспарлап алған жөн. Олардың бірге не өз алдына жеке екі бөлме болуына байланысты сантехникалық жұмыстарды да түрліше жасауға тура келеді. Бірақ қалай болғанда да, бұл пәтерді қайта жоспарлауға жатады. Ал ол арнайы рұқсат алуды қажет етеді.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері. Біз күнделікті неге мән бермейміз?

Әкімдіктің қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) туралы шешімі қайта жоспарлауды жобалау үшін бастапқы құжат болып саналады. Рұқсат алу үшін "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы әкімдіктің атына өтініш жазу қажет.

Айта кетейік, қайта жоспарлау тек бір пәтердің иелеріне ғана қатысты емес, бүкіл ғимараттың беріктігіне әсер ететіні туралы айта кету қажет. Заңсыз қайта жоспарлау жалпы нысанның сейсмикалық төзімділігін бұзатынын есте сақтаған жөн. Рұқсатсыз қайта жоспарлау үйді жалға беру немесе сату кезінде кедергі келтіреді.

Пәтер дизайны

"Идея ремонта" компаниясының дизайнері Әйгерім Сарқұлованың айтуынша, жөндеу жұмыстарын жүргізер алдында бәрін толықтай есептеп, сызып алған абзал.

"Әрлеу жұмыстары жүргізілмеген үйге жөндеу жұмыстарын жүргізер кезде еденнің, қабырғаның түсі қандай болатынын, қандай перде алып, қандай жиһаз қай жерде орналасатынын елестетіп, тіпті, қағазға сызып алыңыз", – дейді Әйгерім.

Бұл жөндеу жұмыстарын жүргізетін адамдармен жұмыс істеуді де жеңілдетеді. Біреудің идеясы мен кеңесіне сүйену көп жағдайда қателікке ұрындырады. Кәсіби дизайнердің көмегіне жүгінбесеңіз, әрине.

Оқи отырыңыз: Пәтер таңдауда неге мән беру қажет?

Үйдің төбесі

Hafiz Group керілмелі төбе орталығының директоры Азамат Маратұлының айтуынша, әр адамның талғамы әртүрлі келеді. Сол себепті төбенің түсрі мен түсін таңдау бойынша кеңес айту қиын. Аспалы төбе мен керілмелі төбені таңдайтындар үлесі шамалас.

"Біздің байқауымызша, Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының көбі каталогты қарамастан ақ түске тапсырыс береді. Ал Алматы қаласы мен Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары көбіне төбенің түрлі-түсті болғанын қалайды. Төбеде шаңырақ сынды ұлттық не өзге де сурет болғанын қалайтындар да табылады", – дейді ол.

Таңдауда оңай болуы үшін қазіргі таңда ең жиі қолданылатын аспалы төбе мен керілмелі төбенің айырмашылықтарын келтірейік.


Аспалы төбе

Аспалы төбе / Сурет shutterstock.com сайтынан алынды


Аспалы төбе гипсокартоннан жасалады. Артықшылығы:

  • Аспалы төбені эмульсиямен тұрақты түрде ағартуға болады;
  • Гипсокартон аспалы төбені түрлі пішінде жасауға мүмкіндік береді (ою не бірнеше қабатты төбе жасауға болады).

Кемшілігі: бағасы керілмелі төбеге қарағанда қымбат.

Керілмелі төбенің пленкасы ПВХ материалынан жасалады. Артықшылығы:

  • Су мен ыстыққа төзімді;
  • Экологиялық тұрғыда зиянсыз;
  • Бағасы аспалы төбеге қарағанда арзан;
  • Фотосуретпен әрлеуге болады.

Кемшілігі: жылтыр төбе арнайы күтімді қажет етеді және керілмелі төбеге қарағанда қолдану мерзімі қысқа.

Түсқағаз

Дизайнер Әйгерім Сарқұлованың айтуынша, жаңадан салынған үйдің іргетасы алғашқы 3-4 жылда отырады, сол себепті үйдің қабырғасында жарықтар пайда болады.

"Жарықтарды білдірмес үшін қабырғаға түсқағаз жабыстырған жөн. Түсқағаз жуылатын, жууға жарамсыз және суретті түсқағаз болып бөлінеді. Суретті түсқағазды жататын бөлмеге де, қонақ бөлмеге де, асүйге де жабыстыруға болады. Қандай сурет таңдау пәтер иесінің талғамына байланысты", – дейді ол.

Бөлме кең әрі жарық көрінуі үшін:

  • Қабырғаны ашық түске бояу немесе ашық түсті түсқағаз таңдау керек;
  • Еденге де ашық түсті ламинат немесе линолеум төсеген дұрыс;
  • Қабырғаға үлкен айна ілген жөн, ол кеңістікті ұлғайтып көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Жалдамалы пәтер алу үшін қандай құжаттар қажет?

Маманның айтуынша, үйді жабдықтаудың да әртүрлі стилі бар. Олардың қатарына классикалық, скандинавиялық, контемпорари, кантри, хай-тек стилдерін жатқызуға болады. Әйгерім Сарқұлова еліміздің ірі қалаларында жиі қолданылатын стильдерді атады:

  • Минимализм. Бұл стиль жан дүниесі тыныштық тапқан, жинақылықты жақсы көретін адамдарға арналған. Оны таңдаған отбасы үйде артық зат тұрмаған жағдайда ғана сұлулықты көруге болады деп ойлайды. Сол себепті үйден ең алдымен ескі жиһаздарды шығарып тастап, бөлме ішінде басы артық зат тұрмауын қадағалайды. Бұл стильде түстер айтарлықтай рөл атқармайды, бастысы – бөлмедегі заттар қарапайым және неғұрлым азырақ болғаны маңызды. Көбінесе суық түстер қолданылады.
  • Неоклассика. Қазіргі уақытта жиі қолданылатын стиль – неоклассика стилі. Бұл классикалық стиль сұлулығы мен заманауи стиль белгілерінің қосындысы деуге болады. Неоклассика – жоғары талғамның белгісі. Бұл стильді таңдаған отбасының үйі сән-салтанатты, жиһаздары еңселі, ою-өрнекті, қымбат көрінеді. Бұл стиль дизайнерлердің көбіне ұнайды, себебі, классикалық стильмен салыстырғанда заманауи материалдар мен технологияларды қолдануға болады. Тағы бір артықшылығы – ақшаны үнемдеп, жасанды материалдар қолдануға болады, соған қарамастан эстетикалық интерьер істеуге болады.
  • Хай-тек. Бұл – заман ырғағына сай келетін, көбінесе жас отбасылар таңдайтын стиль. Хай-тек стилінің басты ерекшелігі – технологиялардың көбірек болуы. Бұл – "Менің үйімде осындай технологиялар бар!" дегендей бәрін көзге көрінетін жерге қою емес, керісінше олардың қай жерде тұрғаны білінбеуі керек. Ең бастысы – жайлылық. Бұл стильді таңдаған кезде табиғи материалдардан гөрі жасанды материалдар көп қолданылады. Жиһаздар адамның ыңғайына қарай өзгере алады. Мысалы, диван күндіз диван болса, түнде жазылып, төсекке айналады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары