Тікелей эфир

Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері. Біз күнделікті неге мән бермейміз?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Төтенше жағдайлардың басым бөлігі қарапайым тұрмыстық қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болады.

Әсіресе, кішкентай балалардың терезеден құлап кетуі, тұрғындардың басына шатырдан мұз кесегінің құлауы, смартфонның жарылуынан зардап шегу деректері жиі кездеседі. Осы тектес қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қандай ережелерге айрықша мән берген жөн? Бүгін біз сырт көзге қарапайым боп көрінгенімен, сақталмаса, салдары қиын қауіпсіздік ережелерін сөз етеміз.

Қауіпсіздік және құқықтық қорғау жөніндегі сарапшы Абзал Мұхтарбеков негізгі қауіпсіздік ережелерін төрт топқа бөледі.

Оқи отырыңыз: Жер сілкінгендегі қауіпсіздік шаралары қандай?

Үй ішіндегі қауіпсіздік ережелері

Абзалдың пікірінше, адам өміріне айрықша қауіп төндіретін жағдайлар көбіне электр құралдарын электр желісінен ажыратпау салдарынан болады.


Қауіпсіздік және құқықтық қорғау жөніндегі сарапшы Абзал Мұхтарбеков

Қауіпсіздік және құқықтық қорғау жөніндегі сарапшы Абзал Мұхтарбеков / Фото кейіпкердің мұрағатынан алынды


"Әрбір батареяның электр сыйымдылығы бар. Мысалы, электронды құрал 2 сағаттан астам қуатталса, батарея ары қарай электр тоғын жинай алмай, атылады. Яғни, құрал 100 пайыз зарядталған соң, аккумулятор толмайды. Тек ток аккумулятор арқылы өтеді. Сол кезде аккумулятор ішіндегі пластиналар, химиялық қоспалардың физикалық және химиялық қасиеттері өзгереді. Сол себепті, телефонды түнде қуаттағыш құралға қосып, артынша оны ажыратпай, ұйықтап қалуға болмайды", – дейді сарапшы.

Сондай-ақ, күндіз ток көзіне қосылған телефон қараусыз қалатын жағдайлар да жиі кездеседі. Ондай кезде үйдегі кішкентай бала не ит-мысық оны тістелеп, оларды ток соғуы мүмкін. Сондықтан, қуаттағыш құралдарды электр тоғынан ажыратып жүрген абзал.

Оқи отырыңыз: Отшашу кезіндегі қауіпсіздік талаптары қандай?

Үй ішіндегі қауіпсіздік ережелерін елемегендіктен, жиі қайталанатын трагедияның бірі – балалардың терезеден құлап кетуі. Осындай жағдайды болдырмаудың жолдары да қарапайым.


Балалардың үй терезесінен құлауы жиі қайталанатын оқиға

Балалардың үй терезесінен құлауы жиі қайталанатын оқиға / Сурет shutterstock.com сайтынан алынды


Ең бірінші, бала ешқашан қараусыз қалмауы тиіс. Егер күні бойы қалт жібермей, аңдып отырғанның өзінде, баланың шектен тыс белсенділігінен қорықсаңыз, терезеге арнайы құлып салуға болады. Сонымен қатар, бүгінде терезенің толықтай ашылуына мүмкіндік бермейтін құралдар да ата-аналар арасында үлкен сұранысқа ие. Бұдан бөлек, терезеге темір тор орнатуға болады. Бала қай қабаттан құласа да, қатты зақым алады. Сондықтан, екінші қабаттағы пәтерлерге де темір тор орнату артықтық етпейді.

Оқи отырыңыз: Экономикалық қауіпсіздік туралы бірер сөз

Жұмыс орнындағы қауіпсіздік ережелері

Көптеген адамдар күнінің 8 сағатын жұмыста, компьютер алдында өткізеді. Кей қызметкерлер жұмыстан кетерде жеке компьютерін сөндіруді ұмытып кетеді. Егер кеңседе 1 сағаттан көп болмасаңыз, компьютерді өшіріп кеткен дұрыс.

"Жұмыста компьютерден бөлек, шәйнек, қысқатолқынды пеш, кофе қайнатқыш пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ, кейбір кеңселер салқын болғандықтан, қызметкерлер қосымша жылытқыш құралдарды қосуға мәжбүр болады. Тіпті кей кісілер "таңертең бөлме іші жылып тұрсын" деген мақсатпен жылытқыш құралдарды алдын-ала қосып кетеді. Бұл дұрыс емес, электр құралдарын қараусыз қалдыруға болмайды. Осы тұста ескеретін бір нәрсе, қосымша құралдар іске қосылған сәтте электр желісіне қатты салмақ түседі. Ол қатты қызған кезде өрт шығуы мүмкін", – дейді Абзал Мұхтарбеков.

Сондай-ақ, жұмысқа алғаш келген қызметкерлер міндетті түрде кіріспе нұсқаулықпен танысуы қажет.

"Кеңседе төтенше жағдай бола қалған жағдайда кез келген қызметкер қай баспалдақпен төмен түсу керектігін, алғашқы көмек көрсету жолдарын жақсы білуі тиіс", дейді сарапшы.

Оқи отырыңыз: Алматыда 500-ге жуық өрт болды: жер үйлерде қауіпсіздік ережелері сақталмайды

Көлік жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелері

Көпшілік елей бермейтін, бірақ, маңызды ереженің бірі – көлікте қауіпсіздік белдігін тағу. Абзал Мұхтарбеков көлік жүргізушісі өзі де белдік тағып, басқа жолаушылардан да соны талап етуі тиіс деп есептейді:

"Жүргізуші "егер сіз белдікті тақпасаңыз, мен орнымнан қозғалмаймын" деген принципті ұстануы керек. Бір өкініштісі, Қазақстанда жолаушы белдік тақпаған жағдайда жүргізушіге емес, тек жолаушыға айыппұл салынады. Сондықтан, жүргізушіде "көлігіме отырғандар міндетті түрде белдік тақсын" деген мотивация жоқ. Оның үстіне, мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабына сәйкес, белдікті тақпағандарға салынатын 5 АЕК көлеміндегі айыппұл өте аз деп ойлаймын. Оны бір апта ішінде төлесеңіз, төлем көлемі одан да аз шығады".


Абзал Мұхтарбеков жолаушының белдік тағуына жүргізуші деп жауапты болуы керек деп есептейді
Абзал Мұхтарбеков жолаушының белдік тағуына жүргізуші де жауапты болуы керек деп есептейді / Сурет shutterstock.com сайтынан алынды

Оқи отырыңыз: Телефонға қауіпсіздік сертификатын орнату қауіпті ме? Ұлттық қауіпсіздік комитеті не дейді?

Қала ішінде серуендеу кезіндегі қауіпсіздік ережелері

Қала көшелерінде бағдаршам жанында тура көліктерге тақалып тұратын жолаушыларды жиі байқауға болады. Мұндай жаяу жүргіншілердің бағдаршамның жасыл түсі жанғанша жолдан бірнеше метр алыстау тұрғаны абзал. Тіпті жасыл түс жанғанның өзінде, көліктердің тоқтағанына көз жеткізіп барып, жолдан өткен жөн. Сонымен қатар, көпір не жерасты өткелін пайдаланбай, жолды кез келген жерден кесіп өте салатын жолаушылар өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіреді.

Сондай-ақ, сарапшы жаңадан салынып жатқан ғимараттардың жанынан абайлап өтуге кеңес береді:

"Соңғы кездері елімізде тұрғындардың үстіне мұз кесегі құлап және ашық қалған құдықтарға түсіп, мертігу жағдайлары жиілеп кетті. ПИК "бұл жерден өтуге болмайды" деген лента іліп қойса да, оны елемей, өте беретіндер бар. Әрбір адам өз қауіпсіздігі үшін жауапты. Сондықтан, сақ болыңыз, құрылыс нысандарының маңайын, ой-шұңқыры көп жерлерді айналып өтіңіз".

Оқи отырыңыз: Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?

Жаз мезгілінде балалар барып ойнайтын орынның бірі – батут. Өкінішке қарай, 2018-2019 жылдары Нұр-Cұлтан мен Қарағанды қалаларында батутты жел ұшырғанының салдарынан 5 бала жарақаттанып, 1 бала көз жұмған еді. Осы мәселеге қатысты сарапшының ата-аналарға айтары бар екен:

"Біріншіден, балаңызды батутқа апармас бұрын ауа райын бір тексеріп алыңыз. Егерде, сол күні қатты жел тұратын болса, балаңыздың басын қатерге тікпеген жөн. Осы ретте бізге былтыр мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында болған оқиға сабақ бола алады. Бір күн бұрын Төтенше жағдайлар комитетінен қатты жел болатыны жөнінде смc-хабарлама келгеніне қарамастан, ата-аналар баласын батутқа апарған. Екінші мәселе, батуттың қай жерде құрылғанына мән беріңіз. Саябақ не арнайы орында емес, айдалада құрылып жатса, бармаңыз. Балаңызды саябаққа апарғанда "батутты осы жерде құруға рұқсат бар ма? Лицензиясы қайда?" деп сұрауға қақыңыз бар. Себебі, бір жағдай бола қалса, алдымен саябақ әкімшілігі, содан кейін батут иесі жауап береді. Ал, рұқсат қағазы болмаған жағдайда Тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігіне шағымдана аласыз".


Алматыда Наурыз мерекесінде құрылған батут

Алматыда Наурыз мерекесінде құрылған батут / Сурет shutterstock.com сайтынан алынды


Оқи отырыңыз: Енді ереже бұзсаң, "Е-айыппұл" жолда тоныңды шешіп алады

Ескеруге тұрарлық ережелердің бірі сауда орталығына, концерт залына, жалпы, көпшілік жиналатын жерге барғанда алдыңыздан шығады. Өрт болған кезде лифт пен эскалаторлар істемейтіні белгілі. Сондықтан, адамдар барған ғимаратының эвакуациялық жоспарына мән бере жүргені жөн. Төтенше жағдай бола қалған күнде сыртқа қай есік арқылы шығуды білесіз.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары