Үйлену тойы – әрбір жұптың өміріндегі ең маңызды да ерекше сәттердің бірі. Біреулер бұл күнді шағын бюджетпен, жақындарының ортасында қарапайым өткізуді қаласа, енді біреулер экстримге, авангардқа немесе мыңдаған адамды жинаған масштабты шараларға баса назар аударады. Назарларыңызға ел ішінде де, әлемде де үлкен резонанс тудырған ең ерекше үйлену тойларының егжей-тегжейлі топтамасын ұсынамыз.
210 мың теңгеге жасалған той: Қазақстандық жұп желі қолданушыларын таңғалдырды
Қазақстандық жас жұбайлар әлеуметтік желіде өзінің үйлену тойынан кадрлар бөлісіп, бұл салтанатқа бар-жоғы 210 мың теңге жұмсағанын айтты. Той 2026 жылғы 2 тамызда өтті. Көптеген қонақ шақырылатын дүркіреген банкеттің орнына ерлі-зайыпты бұл күнді ең жақын әрі қымбат адамдарының ортасында өткізуді шешкен. Олар дәстүрлі аста-төк дастарханнан, толассыз айтылатын тостардан және қымбат тойларға тән басқа да атрибуттардан толықтай бас тартқан.
"02.08.2026 ж. Бұл – біздің бар-жоғы 210 мың теңгеге түскен үйлену тойымыз", – деп жазды жарияланым авторы.
Жарияланған кадрларға қарағанда, рәсім үшін ағаштар арасындағы алаң безендірілген. Кеңістік ақ гүлдермен және декормен көмкеріліп, мерекеге жастардың ең жақындары ғана қатысқан.
Осы заманның өлшемімен алғанда тым қарапайым болып көрінген бұл бюджет пікірлерде белсенді талқыланды. Кейбір желі қолданушылары аталған сомаға шынымен барлық шығын кірді ме екен деген сұрақ қойды: "210 мыңға қалай болды? Банкет болмады ма? Ал жасау ше? Шынайы шығындарды жасырып тұрған сияқтысыздар. Осындай ақшаға жасалса – бас иемін және тік тұрып қол соғамын", – деп жазды оқырмандардың бірі.
Алайда басқа қолданушылар, керісінше, жұптың үлкен шығындардан бас тартқан бұл шешімін қолдап кетті: "Той өтті, ақша текке жаратылмады. Бұл балаларға көрсетуге болатын ертегідей той болды", – деп атап өтті пікір білдірушілер. "Бақытты болыңыздар, бәрі қандай әдемі", – деп тілек білдірді тағы бір қолданушы.
Күйеу жігіт келмей қалса да, қалыңдық тойдан бас тартпады (Ұлыбритания)
Сүйіктісі үйлену тойына келмей қалған соң, көңілі қалған қалыңдық мерекелік кешті бәрібір өткізуге шешім қабылдады. 27 жастағы Кейли Стед төрт жылға жуық уақыт жүрген жігітіне тұрмысқа шығу бақыты бұйырмағанын неке қию рәсімі басталған сәтте бір-ақ білді. Болашақ күйеуінің келмейтіні туралы суыт жаңалықты Кейлиге жігіттің көз жасына лық толы анасы телефон арқылы жеткізген еді. Сонда да Кейли тойды тоқтатпай, оны аяғына дейін өткізу туралы батыл шешім қабылдады. Салтанатты шара Гоуэрдегі Oxwich Bay Hotel қонақүйінде 15 қыркүйекке жоспарланған болатын.
Кейли бұл салтанатты жақындарының ортасында, 12 000 фунт стерлинг (шамамен 7,5 млн теңге) жұмсалатын сән-салтанатты атмосферада өткізуді көздеген еді. Құрбылары мен отбасының қолдауы арқасында Кейли салтанатты ортаға шығу рәсімін, кешкі асты, құттықтау сөздері мен билерді толығымен сақтап қалды, тіпті кәсіби фотосессияға да түсті. Мұның бәрін ол күйеу жігітсіз-ақ жүзеге асырды. Ол кешке достарымен бірге Lizzo-ның "Good As Hell" әнін шырқай отырып кірді, үйлену тортының үстіңгі қабатын өзі кесті және алғашқы биді күйеу жігіттің жолдастарымен, өз бауырлары Крейг (47 жаста), Мэтью (46 жаста), Гэри (46 жаста), тағы бір Крейгпен (43 жаста) және 71 жастағы әкесі Брайанмен биледі.
"Мен күйеу жігітімді той қарсаңында, күндізгі сағат 4-терде көргенмін, содан бері ол туралы ештеңе білмеймін. Біз хабарласуға тырыстық, бірақ ол жауап бермеді, себебін түсіндірмеді. Маған ешқандай түсініктеме берілген жоқ, бұл нағыз шок болды. Оның бұлай жасайтыны үш ұйықтасам түсіме кірмепті, бірақ қыздарымның қаншалықты ренжігенін көріп, барлығын ретке келтіргім келді", – деді Кейли.
"Махаббат жасқа қарамайды": Қазалы ауданында өткен ерекше неке қию рәсімі
Халықаралық отбасы күні қарсаңында Қызылорда облысының Қазалы ауданында өте тебірентерлік әрі ерекше неке қию рәсімі өтті. Өз қарым-қатынасын ресми түрде заңдастырғандар – 62 жастағы Амангелді мен 60 жастағы Сәрсенкүл Махамбетовтер.
Оқи отырыңыз: "Төртінші әйелі екенімді білмедім". Үш рет кездесіп үйлену керек деген қайдан шыққан
Ерлі-зайыптылар бұл датаны кездейсоқ таңдамағанын айтты. Алты жыл бірге тұрғаннан кейін олар некесін дәл осы отбасылық мереке қарсаңында – махаббаттың, сыйластық пен адалдықтың символы ретінде тіркеуді шешкен.
"Бұл күн – біз үшін өте ерекше. Біз өте бақыттымыз. Ең бастысы – махаббат, өзара түсіністік және отбасының қолдауы", – деп бөлісті жаңа түскен жұбайлар.
Махамбетовтер отбасының оқиғасы махаббат пен бақыт үшін жас шектеуі болмайтынын, ал берік отбасы әрқашан адам өміріндегі ең басты тірек болып қала беретінін жарқын түрде дәлелдеді. Айта кету керек, жыл басынан бері Қызылорда облысында 895 тұрғын отбасын құрған, ал осы уақыт ішінде өңірде 4583 сәби дүниеге келді.
Юта шөлінен 400 фут биіктіктегі "ғарыштық торда" неке қию (АҚШ)
Америкалық бұл экстримге құмар жұп өзінің үйлену тойын мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Кимберли мен Райан Дженкс бұл ерекше күнде өзгеше қадамға баруды ұйғарып, Юта штатындағы Моаб шөлінің үстінде, 400 фут (120 метрден астам) биіктікте керілген, қолдан тоқылған Mothership Space Net Penthouse әуе гамагында некелерін қиды.
Бұл "ғарыштық тор" 14 000 фут арқаннан тоқылған. Кимберли өзінің қарым-қатынасындағы ең сүйікті тұстарының бірі – өмірге деген ортақ құштарлығы мен көзқарасы екенін айтады. Hearnes Adventure Photography түсірген бұл тынысты тарылтатын суреттер осының айқын дәлелі. Көптеген жұп той алдында күмәндана бастаса, бұл екеуі салтанатты шараны тікелей бұлттардың арасында өткізді!
750 мың теңгеге той өткізген қазақстандық: Ол мұны қалай жасады?
Талғат Рамазанов Threads желісінде үйлену тойын бар-жоғы 750 мың теңгеге қалай өткізгенін егжей-тегжейлі айтып берді. Оның айтуынша, басты мақсат – артық шығындардан бас тарту және біреудің мақтауын алу үшін дәстүр қумау болған.
"Өзіміздің қаржылық жоспарымызды жасап, бәрін есептедік. Бастысы – өзімізге қолайлы болуы, біреуге жағу үшін жасау емес. Әйелімнің анасы сонда: "Қанша адам болса, сонша пікір бар. Бәрібір талқылайды", – деп алтын сөз айтты", – деп жазды ол.
Оқи отырыңыз: Қытайда жетім баланың тойына 10 мыңнан астам адам қалай жиналды
Талғат барлық шығын мен түскен сыйлықты есептеп шыққан. Нәтижесінде олар жиналған сыйлықтардан қарағанда 750 мың теңгеге артық шығынданған.
"Кейбір дәстүрлерден бас тартып, артық сыйлық жасамай, біреуге таңсық көрінбеуге тырыстық. Ең басты кеңесім: туыстардың алдында мақтану үшін кредит алмаңыздар. Той – бір-ақ күн, ал отбасының қаржылық денсаулығы жылдарға созылады", – деп атап өтті Талғат.
Тойға 125 адам шақырылып, нақты 105-110 қонақ келген. Бұл оқиға желіде қызу пікірталас тудырды.
KFC-дегі жүрекжарды ұсыныс және "ұлттық тойға" айналған оқиға (Оңтүстік Африка Республикасы)
Оңтүстік Африкада ер адамның KFC фастфуд желісінде сүйіктісіне ұсыныс жасауы үлкен резонанс тудырып, ел бойынша жастарды іздеу науқанына және олардың тойын теледидардан көрсету ұсыныстарына ұласты.
Бхут Хектор тапсырыстары әлі үстелде тұрған кезде сүйіктісі Нонхланхланың алдында тізе бүккенде, ол тек мекемедегілердің ғана емес, желідегі 1,3 миллионнан астам адамның назарын аударды. Оның қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, көз жасын ұстай алмай тұрған сүйіктісіне жүзік ұсынған сәті куәгерлердің видеосына түсіп, KFC South Africa-ның ресми аккаунтында жарияланды.
Жұп тез арада табылды. Атақты адамдар, ірі компаниялар мен қарапайым тұрғындар жастардың бұл маңызды күні бүкіл елдің есінде қалуы үшін өз көмегін, тегін бал айын және тойда өнер көрсету қызметтерін ұсына бастады.
Айжұлдыз Адайбекова мен Сәкен Қағаровтың авангард тойы
Қазақстандық танымал блогерлердің бұл тойы дәстүрлі қалыптардан толықтай бас тартқан киім үлгілерімен ерекшеленді.
Белгілі әнші Жанар Айжанованың қызы Айжұлдыз көпқабатты ақ көйлектің астынан оверсайз жейде мен принті бар киім киді. Аяғына өкшелі туфли емес, ақ кеды, ал қолына гүл шоғының орнына түрлі-түсті леденецтер ұстап шықты.
Күйеу жігіт Сәкен де канондарды бұзып, классикалық костюмнің орнына ақ пиджак, қара шорты, ақ кеды және жолақ носки киген. Бұл суреттер желіде бірден тарап, оқырмандарды екі жаққа бөлді: біреулер креативке таңдай қақса, екіншілері мұны дәстүрді сыйламау деп бағалады.
Ғасыр тойы: Джефф Безос пен Лорен Санчестің Венециядағы дүбірлі салтанаты (Италия)
Миллиардер Джефф Безос пен журналист Лорен Санчестің үйлену тойы үш күнге созылды. Amazon негізін қалаушы (61 жаста) мен "Эмми" сыйлығының лауреаты, журналист (55 жаста) 2025 жылғы 27 маусымда Италияның Венеция қаласындағы Сан-Джорджо-Маджоре аралында некесін қиды. Мерекелік шаралар 26 маусымда басталып, 29 маусымға дейін созылды.
Венецияға қонақтарды ондаған жеке ұшақ пен яхта жеткізді. Тойға 200-ге жуық қонақ (оның 70-і отбасы мүшелері) қатысты. Атақты тұлғалардан Леонардо ДиКаприо, Орландо Блум, Билл Гейтс, Опра Уинфри, Том Брэди, Кардашьян отбасы және басқалар болды. Қонақтарды аралға жеке су таксилері тасымалдады, ал Мишлен жұлдызды шеф-повар Фабрицио Меллино дәмді ас әзірледі. Жұп қонақтар үшін Венецияның ең қымбат бес қонақүйін (Aman, The Gritti Palace, The St. Regis, Hotel Cipriani және Hotel Danieli) толығымен жалға алды.
Оқи отырыңыз: Әзербайжанда туыстар арасындағы некеге шектеу енгізілген соң, үйлену тойлары азайды
Лорен Санчес қолмен кестеленген итальяндық шілтерден жасалған Dolce & Gabbana ақ көйлегін киді. Грант Моблидің бағалауы бойынша, қалыңдықтың 30-40 караттық жүзігі 4 миллион доллар тұрады. Forbes сарапшылары бұл салтанаттың жалпы құнын 20-25 миллион долларға бағалады.
Заңды некеден 7 жыл өткен соң француз қамалында өткен ертегідей той (Франция)
Стэнли Хоның ұлы Марио Хо Яу-кван мен қытайлық супермодель Мин Си (Си Мэнъяо) ресми неке тіркеуден 7 жыл өткен соң Франциядағы Мон-Сен-Мишель аббаттығында өз неке анттарын жаңартты. Бұл салтанат Қытайдың әлеуметтік желілерінде бірден трендке айналып, қолданушылар оны "нағыз ертегі" деп атады.
Мин Си арнайы өзіне арналып тігілген, 600 сағаттан астам қол еңбегін талап еткен Dior haute couture көйлегін киді. Образды Graff бриллиант зергерлік бұйымдар жиынтығы толықтырды. Сондай-ақ олардың екі баласы гүл тасушы қыз бен жүзік тасушы ұл ретінде қатысты. Фототүсірілімді әйгілі фотограф Хосе Вилья жүргізді. Қонақтарға құны 50 000 юаньнан асатын қымбат сыйлық жиынтықтары таратылды.
Ауылында туыстары аз болып, мыңдаған бейтаныс адамның ортасында өткен той (Қытай)
Қытайда туыстары аз болып, тойы көңілсіз өтеді деп қорыққан жігіт ақыры мыңдаған бейтаныс адамның ортасында үйленді. Юньнань провинциясының Илян ауданынан шыққан 24 жастағы Сюй Чэнхун қытайлық Douyin платформасында ашық шақыру жариялаған. Оның әкесі мен анасы қайтыс болған, ал тәрбиелеген әжесі де дүниеден озғандықтан, қатысатын туыстары өте аз еді.
Оқи отырыңыз: Досының үйлену тойынан кейін отшашу атқан жігіт 5 тәулікке қамалды
Тойдың қарапайым өтетінімен келіскісі келмеген Сюй интернет арқылы бейтаныс адамдарды шақырды. Күткеннен де көп адам – Қытайдың түкпір-түкпірінен 10 000-нан астам адам жиналды! Бірі тағам, гүл, сыйлық әкелсе, басқалары ұйымдастыруға көмектесті. Тіпті бір азамат Maybach көлігін ұсынды. Үйлену тойы 31 қазанда өтіп, Сюй қалыңдығы Чуйчуйге үйленді. Жас жұбайлар Мяо ұлтының дәстүрлі киімдерін киіп, алау отын айнала билеп тойлады. Сюй қонақтардан ешқандай ақшалай сыйлық бермеуді сұрады. Бұл оқиға бүкіл әлемге таралып, адамдардың өзара мейірімі мен бірлік рухының символына айналды.