Таиландтың Патонг қаласында 24 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды. Оған жалған құжаттар жасап, 20-дан астам жалған компания құрды деген айып тағылған. The Phuket News басылымының жазуынша, ер адам Қазақстанда халықаралық іздеуде болған.
Тергеу мәліметінше, ол жалған құжаттар әзірлеп, 20-дан астам жалған компания құрған. Бұл компаниялар арқылы ақша жылыстатылып, салық төлеуден жалтарған деген күдік бар. Соның салдарынан Қазақстанға 560 миллион 833 мың 701 теңге көлемінде залал келген.
Пхукет иммиграциялық қызметінің мәліметінше, "Сергей" есімді азамат 3 қарашада Патонг қаласындағы жатақханалардың бірінде қолға түскен. Құқық қорғау қызметкерлері есікті ашқанда, ер адам абдырап, бөлмеден жасырынатын орын іздеген. Операция Қазақстан елшілігі мен Интерполдың сұрауы бойынша жүргізілген. Оған Пхукет иммиграциялық қызметінің мамандары мен Провинциялық полицияның 8-өңіріндегі 3-тергеу бөлімі қатысқан.
Азаматты Қазақстанға қайтару мәселесі қаралып жатыр
Тергеу дерегіне сәйкес, Қазақстан азаматы Таиландқа 2026 жылғы 4 наурызда барған. Оның визасының мерзімі 2 мамырда аяқталған. Осылайша, ол елде болуға рұқсат етілген уақыттан 185 күннен астам мерзімге асып кеткен. Қазір оған визалық тәртіпті бұзғаны үшін айып тағылып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
ҚР Сыртқы істер министрлігі ұсталған азаматты Қазақстанға беру мәселесі уәкілетті органдармен бірлесіп, белгіленген тәртіппен пысықталып жатқанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Таиландқа визасыз кіру тәртібі 15 қыркүйектен бастап жаңарады. Қазақстан неге тізімде жоқ