Тікелей эфир

Асқар Мамин өңір әкімдеріне көмір бағасын тексеруді тапсырды

Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин өңірлерді қажетті көлемде көмірмен қамтамасыз етуді тапсырды.
"Жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде, бірақ кестелерден қалып жатырмыз, коммуналдық қажеттіліктер мен халықты отынмен қамтамасыз ету деңгейі төмен", – деді Асқар Мамин.

Осыған байланысты Үкімет басшысы тиісті тапсырмалар берді. Біріншіден, әкімдердің барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының аяқталуын және жанармайдың қажетті көлемде уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар, бағалар мен Ішкі нарықта бағаның өсуіне және көмірдің тапшылығына жол бермеу мақсатында өңір әкімдері екі апта мерзімде көмір дайындайтын әрі оны сататын орындардың қазіргі жәй-күйін, жеткізу кестесін, көмір бағасының негізді болуын, сондай-ақ оның сапасы белгіленген тәртіппен тексеру қажет.

"Индустрия министрлігі ҚТЖ-мен бірлесіп көмір жеткізу үшін қажетті вагондардың санын қамтамасыз етуі тиіс. Өңірлерде жеткізілетін газ және көмір үшін кәсіпорындардың, сондай-ақ коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың дебиторлық берешегін өтеу бойынша жұмысты жандандыру қажет. Тұтастай алғанда, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрліктері барлық нысандарды алдағы жылу маусымына дайындау бойынша жұмыстардың аяқталуына тиімді бақылауды қамтамасыз етуі керек. Бұл мәселені үкімет үнемі қадағалап отыратын болады", – премьер-министр.

Энергия көздері қоймаларында 4 млн тонна көмір бар

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов осылай мәлім етті.

"19 қыркүйектегі жағдай бойынша энергия көздері қоймаларында көмір қоры 4 млн тонна көмірді құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 15 пайызға артық. Бұдан бөлек, 101,9 мың тонна мазут жинақталды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 23 пайызға артық", – деді ол.

Сонымен қатар М. Досмұхамбетов бүгінде энергия өндіруші ұйымдардың "ҚазТрансГаз-Аймақ" АҚ алдындағы жалпы берешегі 6,6 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. Сондай-ақ "Богатырь Көмір" ЖШС алдында жалпы сомасы 239 млн теңге көмірге берешек бар, оның ішінде "Көкшетау Жылу" МКК 46 млн теңге, "Севказэнерго" АҚ Петропавл ЖЭО 64 млн теңге, "Степногор ЖЭО" ЖШС 39 млн теңге, "Екібастұз 2-МАЭС" АҚ 90 млн теңге мөлшерінде.

"Аталған облыстардың әкімдіктері берешекті өтеу жөнінде шаралар қабылдауы қажет", – деді ол. Белгілі болғандай, Энергетика министрігі қосылған құн салығы есебімен бағасы 100 мың теңге 277 мың тонна көлемінде "әлеуметтік" мазутты жеткізу бойынша кестені бекітіп, аймақтарға жолдады.

Электр энергетикалық жүйенің қысқы кезеңде дайындығы туралы

"Тұтастай алғанда, Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінің энергия жүйелерімен қатар штаттық режімде жұмыс істеуде. 19 қыркүйектегі жағдай бойынша республика бойынша электр энергиясын тұтыну 73,1 млрд кВт/сағ құрады, бұл өткен жылдың деңгейінен 1,7 пайыз артық. Энергия кәсіпорындарын күзгі-қысқы кезеңге дайындау бекітілген жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізілуде", – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Айтуынша, бүгінде 5 энергоблокқа жөндеу жүргізілді, бұл жылдық көлемнің 45 пайызын қамтып отыр. Сонымен қатар, жөнделген 40 қазандық, бұл жылдық көлемнің 63 пайызын және 23 турбина жылдық көлемнің 50 пайызын құрады. Жөндеудің әртүрлі кезеңіндегі төрт энергия блогында, 28 қазандықта және 18 турбинада жұмыстар жүргізіліп жатыр.

"Электр желілері бойынша 21 мың шақырым электр беру желілері мен 1 152 шағын стансаға жөндеу жүргізілді, бұл жылдық жоспардың тиісінше 84 пайызын және 92 пайызын құрайды", – деп нақтылады ол.

Алдағы жылыту маусымына дайындық үшін орталықтандырылған жылумен қамту аймағында 459 қазандықтың 428-iне жөндеу жүргізілді, бұл жылдық жоспардың 93 пайызын қамтыды.

"Сонымен қатар, бірқатар өңірлер жөндеу кестесіндегі мерзімді сақтамай, кешігіп жатыр", – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары