Қазақстан мүлдем жаңа сипаттағы Цифрлық кодекс пен "Жасанды интеллект туралы" Заңды қабылдаған жаһандағы санаулы мемлекеттердің қатарына қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қадам елдің цифрлық инфрақұрылымын нығайтуға жол ашқанын мәлімдеді.
"Алдымызда толыққанды цифрлық мемлекет құру міндеті тұр. Сіздерді тыңнан түрен салып, цифрлық дәуірге жол ашқан депутаттар деуге болады. Біздің елімізде болсын, әлемде болсын – жалпы еш жерде жасанды интеллектіні заң тұрғысынан реттейтін дайын үлгі немесе тәсіл болған жоқ. Соған қарамастан, сіздер еліміздің осы саладағы өсіп-өркендеуіне берік негіз болатын тиімді құқықтық жүйені құруға елеулі үлес қостыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жоғары бағалаймын. Жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Бұл – Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғышарты. Қазақстан мүлдем жаңа сипаттағы Цифрлық кодекс пен "Жасанды интеллект туралы" Заң қабылдаған жаһандағы алғашқы елдердің бірі. Бұл қадам толыққанды Цифрлық ел болу үшін заманауи инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді. Біз қазірдің өзінде осы жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бүгінде еліміз "Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексіне" сәйкес Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Бірақ, бұл – үлкен жолдың басы ғана. Алдағы ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдары "Digital Qazaqstan" жалпыұлттық стратегиясында айқындалды. Мен бұл құжатты маусым айының басында бекіттім. Біз жасанды интеллектіні экономиканың барлық негізгі саласына енгізіп, мемлекеттік басқарудың сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Осы бағытта алғашқы маңызды шаралар қолға алынды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды – Тоқаев
Қазақстанда бизнесті жүргізу талаптарын жүйелеп, кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдететін Реттеу жөніндегі интеллект орталығы құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қадам елдің құқықтық негізін толыққанды жаңғыртуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бұдан бөлек, бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында "Бір терезе" қағидатымен жұмыс істейтін "e-Government Business" экожүйесі дамытылып жатыр.
"Мен қаңтар айында банк қызметі саласына қатысты жаңа заңдарға қол қойдым. Сол арқылы цифрлық қаржы активтерін айналымға енгізудің нақты шарттары айқындалды. Сондай-ақ менің тапсырмаммен еліміздің құқықтық негізін жүйелеп, толыққанды жаңғыртуға мүмкіндік беретін Реттеу жөніндегі интеллект орталығы құрылды. Бұл қадам кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдетпек. "Бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсететін "e-Government Business" экожүйесін дамыту арқылы бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік туады", – деді мемлекет басшысы.