Тікелей эфир

Биыл қандай мамандықтарға грант көп бөлінеді? Жаңалықтарға шолу

Сурет Informburo.kz
Сурет Informburo.kz
Елімізде жасөспірімдер қылмысы азайыпты. Ғалымдар қандай әйелдердің ең бақытты екенін айтты.

Шенеуніктерге шіренуге болмайды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы А.Шпекбаев Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапарында осының үлгісін көрсетті. Астанадан келген үлкен басшыны бұл жолы жергілікті шенеуніктер сабылып күтпеді.

"Алик Жатқамбайұлы қалтасындағы қаржыға қонақ үйін жалдап, тамағына дейін өзі сатып алып, ішіп жатыр" деп хабарлаған жергілікті департаменттегілер А.Шпекбаевтың сыйлықсыз қайтатынын да қуанышпен жеткізді. "Астанадан келетін өзге шенеуніктер де бізге зиянын тигізбей осылай келіп-кетсе екен" деген үміттерін жасырмай жайып салды. Айтуларынша, Елордадан келетін қадірлі қонақтарды өңірлерде "құда күткендей" күтуге тура келеді. Жұмыстан бөлек, қонақ үйіне орналастырып, бос уақытында асты-үстіне түсіп, ішін пыстырмайтын әрекет жасау –жазылмаған міндет. "Егер курорттық аймақ болса, құдайы қонақтан дамыл болмайды. Онсызда ақшасы аз қатардағы қызметкердің қалтасына мықтап салмақ түседі" деп шапқылаудан шаршаған шенеуніктер мойындап қойды.

Қандай мамандыққа грант көп бөлінеді?

2019-2020 оқу жылына талапкерлерге Үкіметтен 51 085 грант бөлінді. Мемлекеттік білім беру гранттарының басым бөлігі техникалық (15011) және педагогикалық ғылымға (8276) бағытталған. Ақпараттық-коммуникацияық технология (5977) мен жаратылыстану ғылымдарына (4088) да бөлінген гранттар саны аз емес.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі гранттардың оқу орындарына бөлініп берілгенін хабарлады. Медициналық мамандықтарға берілетін гранттар тізімін Денсаулық сақтау министрлігі жариялайды екен. Сол себептен болашақ дәрігерлерге қарастырылған гранттар саны кейін белгілі болады.

"Сот шешімі күшіне енсе, отставкаға кетемін!"

Қарамағындағы қызметердің істі болуына байланысты ҚР Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов осылай деп уәде берді. Сот 30 мамырда осы министрліктің департамент директоры А.Жақыповты алаяқтыққа байланысты кінәлі деп тауып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. А.Жақыпов 500 мың теңге парамен сәуір айында ұсталған болатын. Р.Дәленов министрлікті ақпан айынан бері басқарып отыр.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмысы үшін бірінші басшылар отставкаға кетуі тиіс деп мәлімдеген болатын.

Назарбаевқа "Құрметті сенатор" мәртебесі берілді

Сенат депутаттары бірауыздан осындай шешім қабылдады. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа "Құметті Сенатор" мәртебесін беру туралы ұсынысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жасаған болатын. Сенат бюросының мүшелері "Құметті Сенатор" мәртебесі туралы ереже бекітті.

Сенатор А.Бектаевтың айтуынша, құрметті сенаторға жалақы төленбейді. Елбасының Сенатта дауыс беру құқығы да болмайды, алайда өз ұсынысын айта алады.

Түркістандық полицейлердің жалақысын көтеруге 411 млн теңге қарастырылды

Облыстық полиция департаментінің басшысы Қ.Дәлбековтың айтуынша, бұл қаражаттың 80 млн қысқартулар есебінен үнемделген ақша, қалған 330 млн-ы бюджеттен бөлінген. Тәртіп сақшыларының еңбек ақылары 1 шілдеден бастап көтеріледі.

Сайлау күні учаскелерде Геннадий Головкиннің жекпе-жегі көрсетіледі

9 маусым күні өтетін боксшының жекпе-жегі еліміздегі сайлаумен тұспа-тұс келіп тұр. Бас қаланың әкімдігі кездесуді тікелей эфирде барлық сайлау учаскелерінен көрсетуге шешім қабылдапты. Қала әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов барлық учаскеде азаматтарға жекпе-жекті тамашалауға арнайы бөлмелер қарастырылатынын мәлімдеді.

Елде жасөспірімдер қылмысы азайыпты

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, 6 жылдың ішінде Қазақстанда жыл сайын жасөспірімдер қылмысы орта есеппен 6%-ға азайып келеді. 2017 жылы осындай 4275 қылмыс тіркелсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 2939-ға төмендеген. Мұндай беталыс биыл да байқалған. Жыл басынан бері кәмелет жасына толмағандар жасаған қылмыс 941 деректен (былтырғы 4 айда) 881-ге түскен.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: "Нұр-Сұлтан – Прага – Нұр-Сұлтан" бағытында жаңа әуе рейсі ашылды. 2019 жылдың 2 маусымынан бастап SCAT әуе компаниясы Қазақстан мен Чехия астаналары Нұр-Сұлтан және Прага қалалары арасында "Boeing 737" ұшағымен аптасына 2 рет тұрақты рейстерді орындайтын болады. Жыл аяғына дейін "Нұр-Сұлтан – Токио" тікелей рейсін ашу жоспарланып отыр.

24.kz: Қадір түні қашан болады және оны қалай өткізу керек? 2019 жылы Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға қараған түнге келіп тұр. Дегенмен, оның нақты қай түн екенін тек Жаратушы ғана біледі. Қасиетті тағзым түні діндар адамдар Құран оқуы керек. Бұл түні мұсылмандардың көпшілігінің мешітке келіп, Аллаға дұға етіп, осы қасиетті кітапты оқуы кездейсоқтық емес. Егер Құранның әр оқылған беті үшін басқа уақытта бір сауап және Рамазан айында оннан мыңға дейін сауап берілсе, ал Ләйләт-ул Қадір түнінде – 30 мың сауапқа дейін беріледі.

Sputniknews.kz: Ғалымдар қандай әйелдердің ең бақытты екенін айтты. Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің профессоры, психолог Пол Долан тұрмыс құрмаған жандардың бақытты болатынын айтты. Зерттеу нәтижесінде Пол Долан отбасын құрып, бірге тұрған кезде тек ер адамдардың ғана өмірінде жақсы өзгеріс болады деген тоқтамға келді. "Ерлер отбасын құрған соң, тәуекелге жиі бармайды. Өмірлері тыныш болады, ақшаны көбірек тауып, ұзақ өмір сүреді, ал әйелдерге өзінен гөрі өзгелердің жағдайын жасауға тура келеді. Көп нәрсеге көз жұмып, үндемеуге тырысады. Мұның салдарынан өмірлері қысқарады" дейді Пол Долан.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары