Павлодар облысындағы ішімдіктен бас тартқан 28 елді мекенде бірде-бір қылмыс тіркелмеген
Қоғамдық тыныштықты сақтау және қылмыстың алдын алу – ішкі істер органдарының басты басымдығы. Әсіресе, маскүнемдік, нашақорлық секілді әлеуметтік кеселдермен күрес заң мен тәртіпті нығайтудың негізгі шарты болып отыр. Осы бағытта Павлодар облысы аумағында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар мен алдын алу шараларының нәтижелері туралы Павлодар облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Арман Каптаев толығырақ баяндап берді.
Павлодар облысының тәртіп сақшылары қылмыс пен әлеуметтік кеселдердің алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстардың жаңа форматына көшіп жатыр. Бұл бағыттағы іс-шаралар жалаң бақылаумен шектелмей, әрбір есепте тұрған тұлғамен тікелей байланыс орнату арқылы жүзеге асырылып келеді.
"Бүгінгі таңда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында маскүнемдікке, нашақорлыққа және темекіге тәуелділікке қарсы іс-қимыл шаралары стратегиялық маңызға ие болып отыр. Аталған жат әдеттер тек әлеуметтік кесел ғана емес, ол елдегі қылмыс деңгейінің өсуіне, қоғамдық орындардағы тыныштықтың бұзылуына және ұлт саулығының нашарлауына тікелей себепші болатын қауіпті факторлар. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, ауыр қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі азаматтар өз іс-әрекетіне жауап бере алмайтын алкоголь немесе есірткіге мас кезінде жасалады. Мұндай жағдай құқық қорғау органдарынан жалаң бақылауды емес, тамыры тереңге жайылған жүйелі де кешенді профилактикалық стратегияны жүзеге асыруды қажет етеді" – деді Арман Каптаев.
Осы орайда, Павлодар облысының Полиция департаменті өңірдегі криминогендік ахуалды сауықтыру мақсатында ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар кешенін үздіксіз атқарып келеді. Тәртіп сақшылары күнделікті жедел жағдайды жіті қадағалап, ішімдікке салынған, мінез-құлқында құқық бұзушылыққа бейімділігі бар тұлғаларды ерте бастан анықтауға күш салып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс тек айыппұл салумен шектелмейді; мұндағы басты мақсат – мас күйінде жасалатын қылмыстардың жолын кесу және қоғамға қауіп төндіретін адамдарды профилактикалық есепке алу арқылы оларға тиісті бақылау орнату.
"Мәселен, биылғы жылдың басынан бері облыс бойынша алкогольдік ішімдіктерді жүйелі түрде тұтынатын 53 тұлға ішкі істер органдарының арнайы есебіне алынды. Бұл азаматтармен жұмыс тек қағаз жүзінде емес, тікелей байланыс негізінде жүргізіледі. Атап айтқанда, учаскелік полиция инспекторлары кешкі және түнгі уақытта есепте тұрған тұлғалардың, соның ішінде ішімдікке тәуелділігі бар адамдардың тұрғылықты мекенжайларын бақылау мақсатында аралап шығады. Мұндай тұрақты тексерулер мен профилактикалық әңгімелесулер отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім адамдардың тәртібін қатаң бақылауда ұстауға мүмкіндік береді", – дейді Арман Каптаев.
Жылдың басынан бері өңірдегі қоғамдық орындарда тиісті тәртіпті орнату мақсатында ауқымды рейдтік шаралар жүргізілген. Осы бағыттағы қатаң бақылаудың нәтижесінде көшелер мен демалыс орындарында ішімдік тұтынып, адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мас күйінде жүрген мыңнан астам азамат анықталып, олардың барлығы қолданыстағы заңнама аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, маскүнемдік дертіне шалдыққан және айналасындағыларға қауіп төндіретін тұлғаларға қатысты пәрменді шаралар қабылданып, сот органдарының арнайы шешімімен олар психикалық денсаулық сақтау орталықтарына мәжбүрлеп емдеу курстарынан өту үшін жолданды.
Арман Каптаевтың айтуынша, тәртіп сақшылары бекітілген әкімшілік учаскелерді патрульдеу және аралау барысында қоғамдық орындардағы тыныштықты күзетуге баса назар аударады. Бұл ретте ішімдік ішу фактілері мен адамның қадір-қасиетін төмендетіп, қоғам тыныштығына нұқсан келтіретін мас күйдегі тұлғаларды анықтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Көшедегі тәртіпті сақтау – полиция қызметінің басты көрсеткіші. Осы бағыттағы қатаң бақылаудың нәтижесінде, биыл көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда ішімдік тұтынып, мас күйінде жүргені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы негізінде 1400 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл көрсеткіш қоғамдағы "нөлдік төзімділік" қағидатының нақты іс жүзінде орындалып жатқанын айғақтайды.
Мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алудың ең тиімді әрі пәрменді тетіктерінің бірі – созылмалы маскүнемдікке салынған тұлғаларды Психикалық денсаулық орталықтарына мәжбүрлеп емдеуге жіберу. Бұл шара тек жазалау емес, бірінші кезекте науқас адамды әлеуметтік ортаға қайта бейімдеу және оның жақындарына қауіпсіз жағдай жасау мақсатын көздейді. Осы бағытта атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылы сот органдары алкоголь және есірткіге тәуелділікке шалдыққан адамдарды мәжбүрлеп емдеу туралы 52 өтініш хатты толық қанағаттандырып, тиісті шешім қабылдады. Сонымен қатар, құқық бұзушылыққа бейім тұлғалардың мінез-құлқын түзеу мақсатында 294 адамға қатысты сот шешімімен ерекше талаптар белгіленді.
"Бұл талаптар олардың ішімдік ішуіне қатаң тыйым салып, полиция тарапынан тұрақты бақылауда болуын міндеттейді. Бұдан бөлек, облыс аумағында заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымына тосқауыл қою және есірткі, психотроптық заттардың таралу арналарын жою мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар мен рейдтік тексерулер үздіксіз жүргізіліп келеді. Тәртіп сақшылары дүкендер мен сауда нүктелеріндегі заңсыз сауда фактілерін әшкерелеп қана қоймай, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды күшейту арқылы жастардың болашағын зиянды заттардан қорғауды басты басымдық ретінде ұстанады. Мұндай кешенді рейдтер криминогендік ахуалды тұрақтандыруға және аймақтағы құқықтық тәртіпті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруде", – деді Арман Нұрмұқаматұлы.
Оқи отырыңыз: "Ішімдік – еркіндіктің емес, аурудың бастауы". Психолог тәуелділіктің жасырын себептері туралы
Подполковник жүргізілген ауқымды тексерулер нәтижесінде алкоголь өнімін сату талаптарын бұзған кәсіпкерлік субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол мас күйіндегі қылмыстар мен тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға бағытталған "Алкогольсіз аула" акциясының тиімділігіне тоқталып, мұндай жедел-профилактикалық шаралардың аймақтағы криминогендік ахуалды тұрақтандырудағы маңызын атап өтті.
Талдау кезеңінде заңсыз сауда нысандары мен алкоголь өнімдерінің айналымына бақылау жасау – полиция қызметінің басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет тарапынан белгіленген сауда талаптарын елемей, пайда табуды көздеген кәсіпкерлердің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатында ауқымды тексерулер ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде, алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзған 84 кәсіпкерлік субъектісі анықталып, оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
"Бұл шаралар тек айыппұл салумен шектелмей, кәсіпкерлер арасында заңға мойынсұну мәдениетін қалыптастыруға және кәмелетке толмағандарға ішімдік сату фактілерінің алдын алуға бағытталған. Қоғамдық қауіпсіздік деңгейін көтеру және көшелердегі құқықтық тәртіпті нығайту үшін Павлодар облыстық Полиция департаменті жедел-профилактикалық іс-шараларды жаңа форматта өткізуді қолға алды. Әрбір өткен акцияның негізгі өзегі – қылмыстың орын алуына себеп болатын жағдайларды түбегейлі жою. Осындай маңызды шаралардың бірегейі ретінде 2026 жылғы 19-21 ақпан аралығында облыс аумағында ұйымдастырылған "Алкогольсіз аула" акциясын ерекше атап өтуге болады. Бұл ауқымды іс-шара мас күйінде жасалатын қылмыстар мен тұрмыстық жанжалдардың санын азайтуға бағытталған пәрменді құралға айналды", – деді подполковник.
Оның айтуынша, акция барысында тәртіп сақшылары тұрғын үйлердің аулалары мен демалыс орындарында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, маскүнемдіктің зияны мен оның арты қайғылы жағдайларға соқтыратынын халықтың жадына салды. Мұндай жедел-профилактикалық шаралар өңірдегі криминогендік ахуалды тұрақтандырып, азаматтардың өз аулаларында еркін әрі қауіпсіз сезінуіне жағдай жасайды
Оқи отырыңыз: Қазақстан ішімдік ішуден Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр
Павлодар облысында құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында "Айқын нәтиже" жобасы мен "Ішімдіксіз ауылдар" бастамасы сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде аймақта кез келген заң бұзушылыққа "мүлдем төзбеу" және қылмыстың алдын алудың жаңа тетіктерін енгізу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, жергілікті билік органдарымен және жұртшылық өкілдерімен бірлесіп құрылған мобильді топтар тұрғындар арасында ағартушылық жұмыстарын жандандырып, отбасылық-тұрмыстық қатынастар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті басты назарға алып отыр.
Сондай-ақ, подполковник облыс аумағындағы елдімекендердің ішімдіктен толық бас тартуы арқасында бұл ауылдарда қылмыс деңгейінің нөлге түскенін ерекше атап өтті.
"Өткен ауқымды іс-шаралар шеңберінде өңірдегі жедел жағдайды түбегейлі сауықтыруға және кез келген құқық бұзушылық көріністеріне қоғамда "нөлдік төзімділік" қағидатын берік орнықтыруға бағытталған пәрменді шаралар қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен, мүдделі мемлекеттік құрылымдардан және қоғамдық көмекшілерден арнайы мобильді топтар жасақталды. Бұл топтар тек рейдтік тексерулермен шектелмей, халық көп жиналатын орындарда ауқымды антиалкогольдік акциялар мен тұрғындармен бетпе-бет кездесулер өткізді. Мұндай ашық диалог алаңдарында ішімдікке салынудың жеке тұлғаға, отбасына және тұтас қоғамға тигізер қасіреті, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзудың құқықтық салдары егжей-тегжейлі түсіндірілді", – деді Арман Каптаев.
Оның түсіндіруінше, бүгінгі таңда Павлодар облысының аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеру мақсатында "Айқын нәтиже" атты бірегей жоба іске асырылып жатыр. Полиция департаменті прокуратура органдарымен және басқа да мемлекеттік мекемелермен тығыз іс-қимыл жасай отырып, аталған жоба аясында кешенді жұмыстарды үйлестіріп отыр.
Жобаның басты ерекшелігі – заң мен тәртіптің орындалуын қатаң қадағалау. Осы мақсатта тәртіп сақшылары мен прокуратура қызметкерлері облыстың қалалары мен аудандарында есепте тұрған тұлғаларды, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен және қолайсыз отбасыларды тікелей аралап, олардың тұрмыс-тіршілігіне мониторинг жүргізеді.
Бұл шаралар қылмысқа бейім ортадағы заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, оның бетін қайтаруға зор септігін тигізіп отыр. Қылмыспен күрестің тағы бір баламалы әрі өте тиімді әдісі ретінде өңірде алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тарту тәжірибесі кеңінен енгізілуде.
"Жергілікті әкімдіктердің, прокуратура мен полиция органдарының кәсіпкерлермен және ауыл белсенділерімен жүргізген жүйелі насихат жұмыстарының нәтижесінде облыстың 28 елді мекенінде дүкен иелері ішімдік сатудан түпкілікті бас тартты. Бүгінде бұл ауылдардың сауда нүктелерінде алкогольдік ішімдіктер мүлдем сатылмайды. Бұл бастама өңірдегі криминогендік ахуалдың жақсаруына ғана емес, ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына да оң ықпал етуде. Ең басты нәтиже – ішімдік сатуға тыйым салынған кезеңнен бастап бұл ауылдарда бірде-бір қылмыс фактісі тіркелмегені, бұл "ішімдіксіз орта – қауіпсіз қоғам" деген қағиданың дұрыстығын нақты іспен дәлелдеп отыр", – деп қосты Арман Каптаев.