Қазақстанда бір адам жылына шамамен 5 литр алкоголь тұтынады. Ел осы көрсеткішпен 180 мемлекеттің ішінде 100-орында тұр, деп хабарлайды Energyprom.
ТМД елдері ішінде ішімдік ішуден Беларусь, Ресей, Украина алға шықса, Қырғызстан, Армения, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан Қазақстаннан кейінгі орынды алған. Осылайша Орталық Азия елдері арасында Қазақстан ішімдік ішу жағынан көш бастап тұр. Алкоголь тұтыну бойынша алғашқы орындарда Латвия (13,2 литр), Молдова (12,9 литр) және Германия (12,8 литр) бар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл екінші тоқсанда еліміздегі әр отбасы алкогольді сусынға орта есеппен 5,5 мың теңге жұмсаған. Бұл қаржы 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға көп.
Елімізде ішімдікті ең көп сатып алған Шығыс Қазақстан тұрғындары болып шықты. Олар әр үш айда 9,5 мың теңгеге ішімдік сатып алған. Одан кейінгі қатарда Павлодар (9,5 мың теңге ) және Алматы тұрғындары (8,9 мың теңге) тұр.
Алкогольді өнімді ең аз сатып алғандар өңірлердің үштігі: Қызылорда облысы – 1,2 мың теңге, Ақтөбе облысы – 1,4 мың теңге және Маңғыстау облысы – 1,5 мың теңге.
Сонымен қатар, сарапшылар биыл тамызда алкогольді сусындардың өткен айға қарағанда 0,4 пайыз, былтырмен салыстырғанда 9,3 пайыз қымбаттағанын атап өтті. Бір айда шарап – 0,8 пайыз, сыра 0,5 пайыз қымбаттаған. Ал арақ 0,2 пайыз арзандады. Былтырмен салыстырғанда, сыра – 14,4 пайыз, шарап – 9,9 пайыз, арақ 3,6 пайыз қымбаттаған.