Көлікке VIP нөмірді қалай кезексіз сатып алуға болады? Informburo түсіндірмесі және нумеролог кеңесі

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Нумеролог биыл цифрларының қосындысы 8, 13, 15 немесе 16 болатын нөмірлерді таңдамауға кеңес берді.

5 қаңтардан бастап қазақстандықтар көлік нөмірін өз қалауымен таңдауға ресми құқық алды.

Бұған дейін көлік нөмірін таңдауда мүмкіндік шектеулі еді. 2,8 АЕК-ке тек кездейсоқ берілетін қарапайым нөмірді немесе жоғары бағамен VIP-нөмірді ғана сатып алуға болатын. Ал өзіңіз қалаған әріп пен цифрдан тұратын нөмірді тек таныс арқылы немесе стандартсыз төлеммен алуға тура келетін.

Жаңа қызмет қосылғалы бір күнде 11 мың адамнан өтініш түскен. Осыған байланысты АвтоХҚО-ға ағылған жұрттың қарасы көп. Көп адам кезек күтіп, құр қол қайтуда, себебі қалауындағы нөмірді алу жолын білмейді. Көлік нөмірін қалай таңдау керек? Оның бағасы қанша болады? Қалай сатып алады? Informburo.kz түсіндіреді. 

Нумеролог не дейді?

Алдымен көлік нөмірін таңдау туралы нумеролог Сәуле Жолдасбаевадан сұрап көрдік. Нумеролог 2026 жылды ерекше кезең деп атайды. Оның айтуынша, бұл жай ғана жаңа жыл емес, жаңа онжылдықтың бастауы.

"2026 жылды нумерологияда былай есептейміз: 2+0+2+6 = 10. Ал 10 саны кармалық нумерологияда сәттілік, мүмкіндік пен қозғалыс энергиясын білдіреді.  Бұл жол ашылатын кезең. 2026 жыл – соңғы 10 жылда қайталанған өмірлік сабақтардың аяқталып, жаңа кезеңге өту уақыты", – дейді ол.

Нумерологтардың пікірінше, көлік нөмірін таңдағанда да сандардың мәніне назар аударуға болады. Атап айтқанда, цифрларының қосындысы 10-ға тең болатын нөмірлер жайлы болады. Мысалы: 010, 055, 505, 550, 028, 208, 280, 037, 307, 370 және басқа ұқсас комбинациялар.

Ол кейбір танымал нөмірлердің мағынасын да түсіндірді:

  • 666 – қосындысы 18-ге тең. Ол – Айдың, сиқырдың және мистикалық, эзотерикалық ритуалдардың, қорқынышпен жұмыс істеудің энергиясы.
  • 777 – қосындысы 21. Ол әлем, Жаратушы, кеңістік, саяхат пен көшуге байланысты энергияны білдіреді.
  • 888 – цифрларының қосындысы 24, яғни 2+4=6. Бұл махаббат энергиясына толы, өзін және өз ісін сүюді білдіреді.

Сонымен қатар, нумеролог цифрларының қосындысы 8, 13, 15 немесе 16 болатын нөмірлерді таңдамауға кеңес береді. Оның айтуынша, бұл сандар көлік иесінен тек машинаға қатысты емес, өмірде де маңызды әрі күрделі шешімдер қабылдауды талап ететін жағдайларға сеп болады.

"Сандарға сенуге де болады, сенбеуге де болады. Бірақ байқап көруге ешкім тыйым салмайды. Мысалы, 010 нөмірімен жүрген жүргізушілер көлігінің жарамай құю бекетіне жеткенше шыдағанын, керек кезде оталғанын немесе айыппұлға түспегенін байқаған. Ең бастысы – тым шектен шығып кетпеу және құнсыздандырмау", – дейді Сәуле Жолдасбаева.

№1. Нөмірді қалай таңдауға болады? Бос па, бос емес пе?

Қазір нөмірді толық тексеріп алатын бір жүйе жоқ. Дегенмен қалауыіыздағы нөмірдің бос не бос емес екенін тексеруге болады.

001, 777 сияқты VIP нөмірге жақын комбинацияларды eGov порталынан немесе eGov mobile қосымшасынан тексеруге болады. Ол үшін "Автокөлікке VIP нөмірге тапсырыс беру (жоғары сұраныстағы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі)" деген бөлімге өтіп, өзіңіз қалаған нөмірді енгізу арқылы оның бос немесе бос емес екенін көруге болады.

Сонымен қатар VIP емес, бірақ өз қалауыңыздағы сандар мен әріптерден тұратын нөмірдің статусын Kaspi, Halyk сияқты банк қосымшасынан да тексере аласыз. Ол үшін қосымшадағы "Төлемдер" бөлімінен "Ақылы жолдар" деген қызметті ашасыз. Сол жерге таңдаған нөмірді енгізесіз. Егер нөмір бос болмаса, төлем сомасы көрсетеді. Ал бос болса "мұндай нөмір жоқ" деген жазу шығады. 

№2. Нөмірдің бағасын қайдан білеміз?

Кез келген әріп пен цифрдан тұратын қарапайым нөмірдің құны 43 250 теңге (10 АЕК) немесе 64 875 теңге (15 АЕК) тұрады.

VIP және сұранысы жоғары нөмірлер бойынша:

  • 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 – 246 525 теңге (57 АЕК);
  • Осы цифр комбинацияларын бірдей әріптермен алғыңыз келсе – 493 050 теңге (114 АЕК);
  • 111, 222, 333, 444, 555, 666, 777, 888, 999 нөмірлерін алу үшін – 592 525 теңгеден – 1 232 625 теңгеге дейін (137-285 АЕК) төлеу қажет.

Нөмір бағаны алдын ала білу үшін Koliq қосымшасын жүктеп, "2026 нөмір бағасы" деген жерге нөмірді енгізу қажет. 

№3. Қалай сатып аламыз?

Қалаған нөміріңізді алдын ала таңдап, бос екенін тексеріп, Koliq қосымшасынан бағасын біліп алғаннан кейін АвтоХҚО-ға бару қажет. Барар алдында ХҚО қосымшасы арқылы кезек брондап қойған жөн. 

Ескерту: Нөмірді сол күні алып кету мүмкін емес. Тапсырыс берілген соң, дайын болғанын күту керек

№4. Онлайн қызмет қашан іске қосылады?

Қазір көлік нөмірінің бос немесе бос емес екенін тексеру, бағасын көру және онлайн тапсырыс беру қызметтері бір платформаға біріктірілмеген. Алайда, бұл мүмкіндік жақын күндері eGov mobile қосымшасында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

"Біз бұл қызмет бойынша операторлар санын көбейттік. Қазір ұзақ-сонар кезек болады деп ойламаймыз. Әрине, бір-екі күн ажиотаж сақталуы мүмкін. Дегенмен осы аптада нөмірді онлайн форматта, eGov мобильді қосымшасы арқылы таңдау мүмкіндігін іске қосуды жоспарлап отырмыз", – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин Үкімет отырысында.

Серіктестер жаңалықтары