Тікелей эфир

Пәтерді жалдау ақысының жартысын мемлекет төлейді. Бұл жеңілдік кімдерге арналған?

Бірақ коммуналдық төлемдерді жалға алушы өзі толықтай төлейді.

"Ашық НҚА" порталында жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру қағидалары жарияланды

Жана механизм 2021 жылдан бастап баспанаға мұқтаждарға жалға алу ақысының жартысын мемлекет есебінен төлеу мақсатында әзірленді. Тұрғын үйді жеке құрылыс компаниялары ұсынады, ал әкімдік оларға жер учаскесін бөліп, инженерлік желілер тартып береді. Құрылыс компаниясы пәтерлердің жартысын Тұрғын үй құрпылысының бірыңғай операторына жалға алуға беруге міндетті. 

№1. Мемлекеттен кімдерге қанша төленеді?

Жалдау ақысының жартысы, яғни 50%-ы бюджеттен төленеді. Төлем мөлшері статистикалық деректерге сәйкес тиісті өңірдегі тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу құны негізінде есептеледі. Баспанаға мұқтаж, кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық базасында есепте тұрған азаматтарға беріледі.

№2. Үміткерлерге қандай талаптар қойылады?

  • Қазақстан азаматығы;
  • соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 36 018 теңгеден төмен болуы. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есепке алынбайды;

Әкімдіктің тұрғын үй кезегінде тұрғандар:

  • 1 және 2 топтағы мүгедектер;
  • мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;
  • кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа", бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік тұрғын үй қорынан қалай пәтер алуға болады? Маңызды 13 сұраққа жауап


№3. Қандай баспананы жалға алуға болады?

Отбасының құрамына байланысты жалға алынған тұрғын үй алаңын төлеуді жүзеге асыру үшін рұқсат етілген:

  • отбасында адам саны бірден үшке дейін болса – 40 м2 артық емес;
  • төрттен бес адамға дейін – 60 м2 артық емес;
  • алты және одан көп адам болса – 80 мартық емес.

Алаңы үлкен тұрғын үйді жалдауға болады, бірақ ол кезде жоғарыда көрсетілген параметрлердің тек 50%-ы ғана қаржыландырылады.

№4. Жалға алынған тұрғын үй төлемдерін алу үшін не істеу керек?

  • Төлемдерді алу үшін ЭЦҚ арқылы "Отбасы банкіне" өтініш беру керек. Құқықтық кадастрда тіркелген тұрғын үйді жалдау шартын тіркеу қажет.
  • "Отбасы банк" өтініш берушінің төлем қабілеттілігін және жалдау төлемдері есептелетін ағымдағы арнайы шоттың болуын құжаттар ұсынылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде тексереді. Шот болмаса оны "Отбасы банк" өзі ашады.
  • Өтініш беруші қағидалардың талаптарына сәйкес келсе "Отбасы банк" төлемдерді тағайындайды және оны жалға берушінің жалдау шартында көрсетілген шотына аударады. Бұл ретте өтініш берушінің шотында жалдау ақысының 50%-ы, ал тұрғын үй аумағы көрсетілген параметрлерден асып кеткен жағдайда өз қаржысы есебінен төлейтін қажетті сома болуы керек.

Төлемдер жалдау шартының қолданылу мерзімі ішінде ай сайын қолма-қол беріледі. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан жалға алушыларға төлем берілмейді.

№5. Жалға алушы қандай шығындарды өзі төлейді?

  • коммуналдық төлемдер;
  • ағымдағы жөндеу жұмыстары;
  • тұрғынжайдың, ортақ пайдаланылатын жерлердің, тұрғын үйдің және олардың жабдықтарының зақымдануына байланысты шығындар

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ипотека алу қаншалықты қолжетімді?


№6. Жақын туыстардың үйін жалдауға бола ма?

Жоқ, жақын туыстардан тұрғын үйді жалға алуға жол берілмейді. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекске сәйкес, жақын туыстар деп ата-аналар, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері айқындалған.

№7. Қандай жағдайда төлем тоқтатылады?

  • алушы тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін жоғалтса;
  • төлемдерді алудан бас тартса;
  • жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған, тұрып жатқан тұрғын үйден шығарылса;
  • жалға алушы мен оның отбасы мүшелері басқа жерге тұрақты тұруға кетсе;
  • кезекте тұрғын адам шартта көрсетілген мекенжай бойынша тұрмаса;
  • жалға берілетін тұрғын үйді қосымша жалға берсе;
  • нақты емес және жалған мәліметтер берсе төлем тоқтатылады.

Қайтыс болған жағдайда, төлемдерге құқық, егер жалдаған тұрғын үйге мұқтаж деп тану үшін негіздер жойылмаса, онымен бірге есепте тұрған отбасы мүшелеріне ауысады.

Әкімдік жылына кемінде бір рет жалға алушылардың тұрғын үйді мақсатты пайдалануына мониторинг жүргізеді.

Серіктестер жаңалықтары