Мемлекеттік тұрғын үй қорынан қалай пәтер алуға болады? Маңызды 13 сұраққа жауап

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды

Баспана кезегіне тұру үшін құжаттарды Электронды үкімет порталы арқылы онлайн тапсыруға болады.

Азаматтардың жекелеген топтарына тұрғын үй кезегіне тұрып, мемлекеттен баспана алу құқығы берілген. Ол үшін қалай және қайда өтініш беру қажет? Қандай құжаттар керек? Тұрғын үй кезегін бақылауға бола ма? Мемлекеттен баспана беру шешімін кім шығарады? Қандай жағдайда кезекте тұрғандарға баспана берілмеуі мүмкін? Informburo.kz осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.

№1. Тұрғын үйдің қандай түрлері бар?

  • жеке тұрғын үй қоры – жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға меншік құқығымен тиесілі тұрғынжай;
  • коммуналдық тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемеге бекітілген, жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы тұрғын үйлер;
  • мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемені қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің қарауындағы тұрғын үйлер;
  • мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қоры – мемлекеттік кәсіпорынның қарауындағы тұрғын үйлер;
  • сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай – Қазақстан азаматтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз ақылы пайдалануға берілетін тұрғынжай;
  • мемлекеттік тұрғын үй қоры – коммуналдық, мемлекеттік кәсіпорындардың немесе мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорына тиесілі және республикалық не коммуналдық мүлік құрамына кіретін тұрғынжайлар.

№2. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кімдер құқылы?

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасыларға жататын ҚР азаматтары;
  • халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары (1 және 2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратындар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, оралмандар, толық емес отбасылар және тағы басқа);
  • мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ғарышкерлікке үміткерлер және мемлекеттік сайлау лауазымындағылар;
  • ҚР заңнамасында белгіленген тәртіпте жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар.

№3. Өтініш бергенде отбасындағы әр адамның табысы ескеріле ме?

Тұрғынжай беру туралы өтініш жасар алдындағы соңғы 12 айда:

  • халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен, "Батыр ана" атағымен, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасыларға жататын ҚР азаматтарының жиынтық орташа айлық кірісі отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуы тиіс.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінің коэффициенті мүгедек, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолданылмайды.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

№4. Кімдер тұрғын үйге мұқтаж деп танылады?

  • есепке қойған кезде және коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде меншiк құқығында олардың тұрғын үйi, өздеріне берілген сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайы болмаса;
  • тұрып жатқан баспанасы белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмесе;
  • жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын бөлмелерде екi және одан да көп отбасы тұрып жатса;
  • отбасында кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып, бiр үйде олармен бiрге тұру мүмкiн болмаса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж деп танылады.

№5. Тұрғын үй кезегіне тұру үшін қандай құжаттар қажет?

  • өтініш;
  • өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке куәліктерінің не паспорттарының көшірмелері;
  • республикалық маңызы бар қалаларда, астанада кемінде үш жыл тұрғанын растайтын құжаттың электронды көшірмесі (республикалық маңызы бар қалаларда, астанада тұратын азаматтар үшін);
  • некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәліктің (бар болса) көшірмесі;
  • еңбек кітапшасының кадр қызметі растаған көшірмесі немесе қызметтік тізімінен үзінді;
  • өтiнiш берушiнің (отбасының) осал топқа жататынын растайтын әлеуметтiк қорғау органыннан алған анықтама;
  • халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар өтініш жасаудың алдында отбасының әрбір мүшесінің соңғы 12 ай ішінде табысы туралы қосымша мәліметті ұсынады.
Тұрғын үй комиссиясы ақпараттық жүйелер арқылы меншік құқығында өтініш берушілерге тиесілі тұрғынжайдың болуы немесе жоқтығы туралы, отбасының барлық мүшелерінің мекенжайы туралы мәліметтер алады.

№6. Кезекке тұру үшін құжаттарды қайда өткізеді?

  • Халыққа қызмет көрсету орталығына;
  • eGov порталында онлайн тапсыруға болады. Ол үшін сілтемеге өтіп, қажет құжаттарды тіркеп, ЭЦҚ арқылы қол қою қажет.

№7. Кезекке қоюды кім жүргізеді?

Азаматтарды есепке алуды тұрғылықты жерi бойынша ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асырады. Әкімдік жыл сайын тұрғын үй алуға есепте тұрған адамдардың тізімін жаңартады. Сонымен бірге Тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай электронды базасы жүйесі арқылы жыл сайын түгендеу жүргізеді. Ақпараттық жүйеде мәліметтер болмаса, не өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері туралы мәліметтер өзгерсе жергілікті атқарушы органдар өтініш берушіні тиісті құжаттарды жаңарту қажеттігі туралы хабардар етеді.

Оқи отырыңыз: "5-10-20" жаңа тұрғын үй бағдарламасы. Артықшылықтары мен шарттары қандай?

№8. Тұрғын үй кезегін қалай бақылауға болады?

Өтініш берушіге құжаттарды тапсырған күннен бастап 30 күн ішінде тұрғын үй кезегіне қою не жазбаша түрде дәлелді бас тарту туралы хабарлама келеді. Хабарламада өтініш берушінің кезек нөмірі көрсетіледі. Азамат құжаттарды онлайн тапсырса хабарлама eGov порталында жеке кабинетке келеді. ХҚКО-да болса жеке өзіңіз ала аласыз немесе сізге поштамен жібереді. eGov порталында "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезек нөмірін қарау" бөліміне кіріп, ЖСН жазу арқылы кезек нөмірін онлайн көре аласыз. Баспана алғандардың және кезекте тұрғандардың тізімі мына сілтемеде.

№9. Мемлекеттен тұрғын үйді кім бөледі?

Тұрғын үй комиссиясы – әкімдіктер, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер жанынан құрылатын тұрғын үй мәселелері бойынша шешім шығаруға уәкілетті комиссия.

Тұрғын үй комиссиясы үміткерлердің өтініштерін қарайды. Ұсынылған құжаттардың толықтығын, дұрыстығын тексереді. Өтінішті қанағаттандыру немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды. Жалға алған жағдайда тұрғын үй үшін төлемақы мөлшерін және жалға алу шартын жасасу туралы мәселелерді айқындайды. Тұрғын үйді жекешелендірген жағдайда жекешелендіру шартын жасасу туралы мәселелерді қарайды және ақы төлеуге арналған шотты ұсынады.

№10. Кімдерге кезектен тыс баспана беріледі?

Есепте тұрғандар қатарынан тұрғын үйге мұқтаждарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан кезексiз тұрғын үй:

  • табиғат апаттарының салдарынан баспанасы тұруға жарамсыз болып қалғандарға;
  • мемлекеттiк балалар мекемесiнен, туған-туысқандарынан, қорғаншысынан немесе қамқоршысынан қайтып оралғандарға, бұрын тұратын тұрғын үйiне оның бұзылуы немесе тұрғын емес үй-жай етiп жабдықталуы себептi қайтып оралуы мүмкiн болмаған жағдайда;
  • қылмыстық iстiң тоқтатылуына байланысты үкімнің күші жойылуы нәтижесінде жазаны өтеуден босатылған, заңсыз сотталу салдарынан тұрғынжайынан айырылған адамдарға бұрынғы тұрғынжайын қайтару мүмкіндігі болмаған кезде, егер тұрғынжай беру туралы талап ақталғаннан кейін бір жылдың ішінде мәлімделсе;
  • кәмелетке толғанға дейiн ата-анасынан айырылған жиырма жасқа толмаған жетiм балаларға;
  • еңбек шартынан туындайтын мемлекеттiк мiндеттемелер әсерiмен тұрғын үй берiлуге тиiстi не бұрынғы тұрғын үйiн пайдалану мүмкiндiгiнен заңсыз айрылған адамдарға;
  • бұрынғы тұрғын үйi өздерiне сақталмайтын жағдайда, егер бұл басқа жерге көшумен байланысты болса, сайланбалы мемлекеттiк қызметке сайланған адамдарға берiледi.

Оқи отырыңыз: Балаларға арналған баспана. Жаңа "Арнау" тұрғын үй депозитінің артықшылықтары қандай?

№11. Кімдерге тұрғын үй бірінші кезекте беріледі?

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығына ие:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасыларға жататын азаматтар.

№12. Қандай жағдайда кезекке қоюдан бас тартуы мүмкін?

Егер:

  • құжаттар мен ондағы деректердің анық еместігі анықталса;
  • жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған өтініш беруші басқа жерден өтініш білдірсе;
  • республикалық маңызы бар қалаларда, астанада кемінде үш жыл тұрғанын растайтын дерек болмаса;

азамат соңғы бес жылда:

  • тұрғынжайын ауыстырса;
  • тұрғын үйді "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 98-бабына сәйкес жергілікті атқарушы орган сатып алған жағдайдан басқа кезде, белгілі бір елді мекенде тұрғанына қарамастан, оған меншік құқығымен тиесілі тұруға жарамды тұрғын үйді иеліктен шығарса;
  • тұрғын үйді бұзса немесе бүлдірсе;
  • тұрған кезiнде оның мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж болмаған кезде тұрғын үйiнен көшіп кетсе;
  • жұбайынан, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балаларынан, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-аналарынан басқа адамдарды тұрғызу жолымен өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы салдарынан мұқтажға айналғаны анықталса есепке қоюдан бас тартылады.

№13. Қандай жағдайда үй кезегінен алынады?

  • тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылған;
  • басқа елдi мекенге тұрақты тұру үшiн кеткен немесе мемлекеттік кәсіпорындағы немесе мемлекеттік мекемедегі еңбек қатынастарын тоқтатқан;
  • шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген;
  • жер учаскесiн алған және өзiнiң тұрғын үйiн салуды аяқтаған немесе тұрғын үй сатып алған;
  • сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған жағдайларда азамат есептен шығарылады.

Азаматтарға он күн iшiнде есептен шығарудың негiздерi көрсетiлiп жазбаша түрде хабарланады.

Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар баспана алғанға дейін есептен шығарылмайды.

Поделиться:

Оқи отырыңыз