Тікелей эфир

"Спортты теледидардан көретін шенеуніктер". Мәжіліс депутаты спорт саласын кәсіби мамандарға тапсыруды талап етті

Ол легионерлерден бас тартып, отандық спортты дамыту қажеттігін айтты.

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов қазақстандық спортшылардың Хуанчжоуда өткен Азиададан төмен нәтижемен оралуына қатысты пікір білдіріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдады. Оның айтуынша, Азия спорт додасы Қазақстан үшін өте сәтсіз аяқталды. Бар болғаны 10 алтын медаль иеленген қазақстандық құраманың жұмысы спорт жанкүйерлерінің де көңілінен шықпаған.

"Бұл – бұрынғы ойындарға қарағанда өте төмен көрсеткіш. Алдыңғы ойындарда ұлттық құраманың қоржынында кемінде 15 алтын болды. Ешқашан үздік ондықтан төмен түскен емеспіз. Әрдайым 4-5 орындарды иеленіп келдік. Осы жолы өзбек бауырларымыздың жетістігіне қызыға қарадық. Біз тіпті Солтүстік Корея, Таиланд, Бахрейн сияқты шағын елдерден де артта қалып қойдық", – деді депутат.

Данияр Қасқарауов бұл орайда спорт саласында бұрыннан шешілмей келе жатқан төрт негізгі мәселені атады. Оның сөзінше, соңғы жылдары спорт министрлігін мүлдем спортқа қатысы жоқ, "спорт ойындарын тек теледидардан көретін лауазымды шенділер" басқарып келген. Оған қоса, спорт ұйымдары, құзырлы министрлік, ұлттық олимпиада комитеті мен федерациялар арасында байланыс жоқ. 

"Бізде легионерлердің жыры бітпейді. Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, еңбек етуге әзір өз спортшыларымыз жетерлік. Сондықтан легионерлерге иек арта бермей, өзіміздің спортшыларға жол ашу керек. Бұдан бөлек, ауылдарда кәсіби спорт мүлде дамымаған. Таланттар көп – бірақ инфрақұрылым жоқ. Себебі, жағдай жасалмаған. Ашығын айтқанда, мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат орынсыз жұмсалып жатыр", – деді Данияр Қасқарауов. 

Серіктестер жаңалықтары