Ақтөбе облысында үш бірдей ауылға табиғи газ берілді

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz
Жыл соңына дейін тағы алты ауыл көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Ақтөбе облысында үш бірдей ауылға табиғи газ берілді. Енді Бөрте, Қызылжар және Шевченко елді мекенінің жұрты от жағу машақатынан құтылып, көгілдір отынның игілігін көретін болды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бұл күнді асыға күткен тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Үш ауылды газдандыру үшін қазынадан 1,4 миллиард теңге жұмсалған екен. Үш бірдей ауылдың халқы жыл сайын күн суытқанда тезек теріп, көмір жағып, күл шығаратын еді. Бұл шаруа әсіресе қарияларға қиындық туғызатын. Сондықтан табиғи газдың берілгеніне көпшілік қатты қуанды. 

Бөрте, Қызылжар және Шевченко ауылдарында халықтың саны мыңға жуықтайды. Тұрғындардың қара шаңырағын тастап, көшкісі келмейді. Себебі, аймақ малға да жанға да жайлы. Көгілдір отын қосылғаны тіптен нұр үстіне нұр болды дейді көпшілік. 

Аймақта ауылдарға газ тарту жұмыстары қарқын алған. Бір ғана Мәртөк ауданында 17 елдімекен от жағу машақатынан құтылған. Жыл соңына дейін тағы алты ауыл көгілдір отынның игілігін көретін болады. 

"Мемлекет басшымыздың халыққа жолдауында елді мекендерді одан әрі газдандырудың маңыздылығын атап өткен болатын. Ағымдағы жылы өңірімізде сол бағытта 28 елдімекенді газдандыруды іске асырып жатырмыз. Осы тоғыз айдың қорытындысымен 16 елдімекенге газ қосылды. Алда 12 елдімекен бар", – деді Ақтөбе облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев.     

Алдағы уақытта Мұғалжар, Байғанин, Әйтеке би және Шалқар ауданындағы ауылдарға газ беру жоспарда бар. Осылайша, облысты газдандыру көрсеткіші 97 пайызға жетеді.

Серіктестер жаңалықтары