Қазақстанда мұғалімдер тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бағдарламасы басталды. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, қазір байқауға қатысу үшін құжаттарды қабылдау жүріп жатыр. Құжаттар 2022 жылғы 26 маусымға дейін қабылданады.
Бағдарлама бойынша, іріктеуден өткен педагогтер Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарына жіберіледі. Бұл өңірлерге математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет.
"Педагогтер конкурс арқылы іріктеледі. Конкурсқа тиiстi бейiндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар, "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші", "педагог-магистр" бiлiктiлiк санаттары бар мұғалімдер, сондай-ақ оқу үлгерiмi жақсы жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектерi қатыса алады. Педагогтерге конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан қатысуына болады", – деді Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін тиісті аймақтардың облыстық білім басқармалары жанынан Үйлестіру кеңестері, сондай-ақ министрлік жанынан Конкурс комиссиясы құрылады. Бос жұмыс орындарына орналасу үшін үміткерлер компьютерлік тестілеуді сәтті тапсырып, эссе жазып, әңгімелесуден өтуі керек.
Оқи отырыңыз:
- 2021-2023 жылдары мұғалім жалақысы қалай өседі? Қосымша ақы мөлшері қандай?
- 800 мың теңгеге жуық айлық алу үшін қай өңірде мұғалім болу керек?
Емтихандар үміткердің таңдауы бойынша өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде өткізіледі. Ал әңгімелесуді министрлік жанындағы Конкурс комиссиясы өткізеді. Комиссия құрамына "НЗМ" ДББҰ, Ыбырай Алтынсарин атындағы ҰБА, "Өрлеу" БАҰО" АҚ және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері кіреді.
Конкурс іріктеуінен өткен мұғалімдерге 4 апталық біліктілікті арттыру курстарына қатысады. Оның құрамына онлайн және офлайн форматтағы семинарлар, вебинарлар мен шеберлік сыныптары, зияткерлік мектептердің зертханаларында жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған тағылымдамалар кіреді.
Үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдауға бағытталған шаралар кешені бар. Атап айтқанда, лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде ынталандыру төлемдері бар, оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығын өтеу қарастырылған.