Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды. Кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау 1 маусым мен 15 шілде аралығында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүзеге асырылды. деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 43 мыңға жуық өтініш қабылданды. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында "Педагогикалық ғылымдар", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" және "Бизнес, басқару және құқық" бар.
"Барлық қалаушы үшін тіркеу бір жарым ай жүргізілді. Тіркелу барысында оқуға түсуші тестілеу орнын өзі таңдады. Емтихан бүгін басталып, 10 тамызға дейін жалғасады", – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Оқи отырыңыз: Атырау облысында ата-аналар мектепке құжат қабылдаудың небәрі 2 минутқа созылғанына наразы
Магистратураға түсу форматына келетін болсақ, биыл ешқандай өзгеріс жоқ. Сондай-ақ, тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция беруге болады. Тестіленуші емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қарастырылады, одан соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Шекті балдар өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік магистратураға түсу үшін 50 балл жинау қажет.
Естеріңізге сала кетсек, магистратурада оқу үшін 2023 жылы 13 мыңнан астам грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.
Оқи отырыңыз: Ауыл жастары "Болашақ" бағдарламасымен қалай оқи алады? Маңызды 8 сұраққа жауап
Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 11-14 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 26 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттардың ЖЖОКБҰ-на қабылдануы 28 тамызға дейін аяқталады.