Тікелей эфир

Атырау облысында ата-аналар мектепке құжат қабылдаудың небәрі 2 минутқа созылғанына наразы

Мектеп басшылығы өз кезегінде мәселенің ата-аналардың баласын орыс сыныбында оқытқысы келетінімен байланысты екенін айтады.

Атырау облысында 4 мың орындық BINOM мектебінде небәрі екі минуттан кейін онлайн құжат қабылдау тоқтатылған. Баласын 1-сыныпқа беретін ата-аналар әлден орын таппай жатырмыз деп шу шығарды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Күні кеше "Нұрсая" бойынша құжат қабылдау басталып, екі минуттан кейін сайт жұмысын тоқтатты. Сонда балаларымызды қай уақытта тіркеп үлгереміз? Неге дұрыстап жасамайды?" – деді ата-ана Гүлзада Аташева. 

Тағы бір ата-ана Райнагүл Өтемісова аз уақытта қазақ және орыс сыныбында да орынның қалмағанын айтады. 


Оқи отырыңыз: 1 тамызға дейін құжат тапсыру қажет. Баланы 1-сыныпқа қабылдау тәртібі қандай?


"Біз барлық ата-ананың талабын қарап, орналасқан мекенжайлары бойынша тиісті мектептерге жіберіп жатырмыз. Қосымша мамандар да тартылды. "Нұрсая", "Сарыарқа" бойынша өзгеріс енгізу үшін ұсыныстар бердік", – деді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Аманбай Хұсайынов. 

Ал мектеп басшылығы құжат тапсырамын дегендердің көпшілігі баласын орыс сыныптарына бергісі келетінін айтты. Бірақ орыс сыныптары бізде санаулы ғана, дейді.

"Жиырма сыныптың он алтысы қазақ. Бірінші сыныптың төртеуі ғана орыс. Бізде қазақ сыныбы 4 есе үлкен. Мәселе осы төңіректе болып тұр. Бізде облыстық білім басқармасымен бекітілген мекенжайлар бар. Ол аумақтың мәселесін біз шешпейміз", – деді Әль-Фараби атындағы binom мектебі директорының орынбасары Батыржан Қиясамиденов. 


Оқи отырыңыз: Шахматтан әлем чемпиондарына өмір бойы қаржылай көмек берілмек


Шенеуніктер келесі жылы тағы екі білім беру ұйымы салынады. 

Серіктестер жаңалықтары