17 шілдеде "Болашақ" бағдарламасы аясында құжаттарды қабылдаудың төртінші легі басталды. Құжаттар 15 қыркүйекке дейін қабылданады. "Болашақпен" шетелде білім алғысы келетіндер университеттен шақыру алуы керек. Алайда квоталық санаттағы үміткерлерге қойылатын талаптар мүлдем бөлек. Осы орайда біз ауылда тұратын және жұмыс істейтін үміткерлер "Болашақ" бағдарламасына қалай өтінім бере алатынын түсіндіреміз.
№1. Квоталық санатқа кімдер кіреді?
Бұл санатқа ауылда кемінде екі жыл тұратын және жұмыс істейтін инженерлік-техникалық, медицина қызметкерлері кіреді. Ең бастысы осы шартқа сай келуі керек. Олай болмаса жалпы конкурс шарттары талап етіледі.
№2. Қандай талаптар қойылады?
- бакалавр немесе маман дипломының қосымшасы бойынша орташа балы кемінде GPA 3,00 (4.00/4.33-тен) не 5.00-тен 4.00 балына сәйкес болуы керек;
- кемінде В1 деңгейді меңгергенін растайтын ҚАЗТЕСТ емтиханынан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификаты болу;
- бакалавр/маман дипломы бойынша мамандығы мәндес мамандықтар тізбесіне сәйкес болу.
№3. Шет тілін білу сертификаты талап етіле ме?
Иә, ең төменгі шекті балл талап етіледі. Ағылшын тілі:
- IELTS: 9.0-ден 5.0;
- TOEFL: PBT 677-ден 417;
- ITP 677-ден 417;
- IBT 120-дан 35;
- DET 80-нен 160 дейін;
- IELTS Indicator 5.0
Неміс тілі:
- Goethe-Zertifikat B1-B2;
- TestDaF TDN 3;
- DSH-1
Француз тілі: TCF 300 және DELF B1
Кәріс тілі: TOPIK 6 деңгейден 2.
Қытай тілі: HSK 6 деңгейден 3.
Жапон тілі: Nihongo Nōryoku Shiken 1-ден 5. Басқа тілдер бойынша мәліметті мына сілтемеден таба аласыз.
№4. Шетелдік университеттен шақыру қажет пе?
Ауылдан шыққан инженерлік-техникалық, медицина қызметкерлері "Болашақ" стипендиясына ие болған жайдайда оқу басталар алдында 12 айға дейінгі мерзімде тіл курсына қатысып, оқуға түсуге дайындала алады. Сондықтан оларға университеттен шақыру алу, яғни оқуға қабылдану талабы қойылмайды.
№5. Тіл курсы қанша уақытқа созылады?
"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ бектікен тілдік курстардың ұзақтығы кестесіне сәйкес ағылшын тілін үйрену мерзімі 12 айдан аспайды. Оның ішінде, Қазақстанда – 9 ай, ал шетелде 3 – ай.
№6. Квоталық санатқа қандай мамандар кіреді?
Инженерлік-техникалық қызметкерлер: өндіріс процесін (өндіру, дайындау, сақтау, тасымалдау, өңдеу/қайта өңдеу), оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында, сондай-ақ ұйымдағы тікелей өндірістік қызметті ұйымдастыратын және басшылық жасайтын, таңдаған саласында кемінде бір жыл жалпы жұмыс өтілі бар жеке тұлға.
Медицина қызметкер: медицина ұйымдарында еңбек ететін және жоғары медициналық білімі бар, медицина саласында кемінде бір жыл еңбек өтілі бар жеке тұлға.
№7. Қандай құжаттар қажет?
- сауалнаманы толтыру;
- паспорт (сканерленген көшірмесі) және жеке куәлік;
- бакалавр немесе маман дипломы (қосымшасымен бірге);
- еңбек қызметін растайтын құжаттар, міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді;
- шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификат;
- мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификат;
- медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін);
- тұрғылықты жері туралы мәліметтер.
№8. Құжаттарды қайда тапсыру қажет?
"Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін қажет құжаттар пакетін жинап, оларды eGov порталында онлайн тапсыруға болады. Порталда авторизациядан өткеннен кейін өтінімді толтырып, құжаттарды жүктеп, ЭЦҚ арқылы қол қою қажет.