"Бүгінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті". Тоқаев алдағы Ұстаздар күнімен құттықтады

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Ақордада арнайы сертификат табыстау дәстүрі жалғасын табады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетінін жеткізіп, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетілетінін айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент озық ойлы ұлт болу үшін ең алдымен, білім-ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек деп санайды. 

"Соңғы бес жылда елімізде осы бағытта көп жұмыс істелді. Білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1200 жаңа мектеп ашылды. "Келешек мектептері" ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба бойынша заман талабына сай 150 білім ошағы салынды. Сондай-ақ осындай 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Балалардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жасалуда. Бұл деректі халық білуі керек, себебі мемлекет жас ұрпақтың біліміне және ұстаздардың жағдайына баса назар аударып жатыр. Біз педагогтердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алдық. Арнайы заң қабылдадық. Бүгінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз болу нағыз білікті, дарынды, шебер маманның ғана қолынан келетінін айтты. Ол мұғалімнің еңбегі соған сай лайықты бағалануға тиіс екеніне тоқталды. 

"Қазір білім нарығында бәсеке күшейді, көптеген жастарымыз ұстаз болуға ұмтылып жатыр. Әсіресе, мектепті "Алтын белгімен" бітірген түлектердің арасында мұғалімдік жолын таңдағандар көп. Бұл – өте жақсы үрдіс. Мемлекет мұндай азаматтарды әрдайым қолдайды. Биыл мұғалімдер даярлау үшін 13 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл – еліміздегі барлық гранттың бестен біріне жуығы деген сөз. Жалпы, білім беру саласында жүйелі жұмыс істеліп жатыр, нәтижесі де жақсы деп айтуға болады. Мысалы, былтырдан бері мыңнан астам оқушы түрлі пәннен халықаралық білім сайысында жеңімпаз атанды. Бұл – ұстаздардың белсенді жұмысының жемісі, дарынды жастарымыздың табанды еңбегінің нәтижесі. Мен тамыз айында олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Ақордаға шақырып, оларға арнайы сертификаттар табыстадым. Бұл дәстүр жалғасын табады", – деді президент. 

Серіктестер жаңалықтары