Ақтауда полицияның қызметтік көлігі қатысқан жол-көлік оқиғасында бала қаза болды. Бұл туралы Маңғыстау облысының полиция департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, оқиға 13 мамыр күні қаладағы 27-шағынауданда болған. Қызметтік автокөлік мінген полицей жаяу жүргіншіні қағып, салдарынан бала көз жұмған.
"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажет тергеу амалдары жүріп жатыр. Істің барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған", – делінген хабарламада.
Полиция марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.