Тікелей эфир

Алматылықтар 23-24 қыркүйекте 3х3 баскетболынан халықаралық турнирді тамашалай алады

Almaty Quest халықаралық турниріне 6 қазақстандық және 10 шетелдік команда қатысады.

23-24 қыркүйек күндері Алматы қаласында 3х3 баскетболынан Almaty Quest халықаралық турнирі өтеді. 

Almaty Quest – FIBA ​​3x3 World Tour бағдарламасына кіретін 3х3 баскетболдан халықаралық турнир. Турнирдің жеңімпазы қазан айында өтетін Chengdu Masters Әлемдік туры жолдамасына ие болады. 

"Almaty Quest сынды халықаралық турнирлерді өткізу құқығына ие болу елімізде баскетболдың жаңа бір деңгейге көтерілуі деп білемін. Алдағы уақытта "Quest" деңгейінен жоғары турнирлерді өткізу жоспарда бар. Бастысы жергілікті әкімдік пен мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар", – деді Ұлттық баскетбол федерациясының вице-президенті Алмаз Ұзақов баспасөз конференциясында.

Almaty Quest халықаралық турниріне 6 қазақстандық және 10 шетелдік команда қатысады. Солардың бірі – Катардан келген Al Shamal клубы.

"Қазақстанның баскетбол федерациясына осы турнирге шақырғаны үшін алғыс айтамыз. Қазақстанда алғаш рет келіп тұрмыз. Бүгін ғана келсек те, қазірден ұнап жатыр. Жақсы ойын болады деп ойлаймын. Жеңеміз деп келді. Ертең біз үш рет ойнаймыз. Төрт ойыншы келді: екеуі – катарлық, екеуі – америкалық. Олар Al Shamal 5x5 командамызда ойнайды. 3х3 баскетбол – тым жылдам, әрі қиын. Ойыншылар физикалық тұрғыдан мықты, шапшаң болуы қажет. Дегенмен оны баскетболдың келешегі деп айтар едім", – деді Al Shamal клубының бапкері Бассам Хасан Сайед Али.


Оқи отырыңыз: Алматыда 3х3 баскетболынан халықаралық жарыс өтеді. Турнир туралы менеджермен сұхбат


Al Shamal клубының ойыншысы Уильямс Декстер Алматыда өтетін турнирге қатысатынына қуанышты екенін айтты.

"Қазақстан туралы бұрын естімеген едім. Осы турнирге шақырту алғанда қайда бара жатырмын деп картаны ашып, үлкейтіп қарадым. Келгеніме қуаныштымын. Адамдары жылы, қонақжай екен", – деп ол алғашқы әсерін бөлісті. 

Баспасөз конференциясына қазақстандық баскетболшылар Роберт Пан мен Константин Нефф қатысты. Алайда олар ұлттық құрама сапында Ханчжоудағы Азия ойындарына кетіп бара жатқандықтан бұл турнирге қатыса алмайды. Бұл турнирде қазақстандық клубтар жеңіске жетеді деп сенеді. 

"3х3 баскетболы халықаралық деңгейге көтеріліп жатқанына қуаныштымын. Турнирдің Алматыда өтіп жатқаны жастар мен баскетбол жанкүйерлері үшін маңызды деп ойлаймын. Жарысқа қатты қатысқым келіп еді. Азия ойындарына кетіп барамыз. Барлық командаға сәттілік тілеймін", – деді Роберт Пан. 


Оқи отырыңыз: Almaty Quest, ережелердің қазақшалануы және спортшыларды қолдау. Баскетбол федерациясы президентімен сұхбат


Журналистердің бірі 3х3 және 5x5 баскетболдың айырмасын сұрады. Константин Неффтің айтуынша, үлкен баскетбол шахмат сияқты, ал 3х3 – блиц, жылдам баскетбол.

Турнир қонақтары арасында FIBA ​​3X3 басқарушы директоры – Алекс Санчез және Орта Азия аймағы бойынша 3х3 баскетболының жұлдыздары болады. 

Халықаралық жарыс екі күн бойы Абай алаңында, яғни Республика сарайының алдында өтеді. Баскетбол ойындарын кез келген адам тамашалай алады. 

Серіктестер жаңалықтары