Тікелей эфир

Алматыда 3х3 баскетболынан халықаралық жарыс өтеді. Турнир туралы менеджермен сұхбат

Турнирдің жеңімпазы қазан айында Чэнду қаласында өтетін World Tour кезеңіне қатысу құқығына ие болады.

23-24 қыркүйек күндері Алматы қаласында 3х3 баскетболынан Almaty Quest халықаралық турнирі өтеді. Осы орайда ҚР Ұлттық баскетбол федерациясының 3х3 баскетболы турнирлерін өткізу бойынша менеджері Тимур Талканбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Тимур мырза, жалпы 3х3 баскетболынан Almaty Quest халықаралық турнирі туралы айтып өтсеңіз. 

Almaty Quest – FIBA ​​3x3 World Tour бағдарламасына кіретін 3х3 баскетболдан халықаралық турнир. Турниріміздің жеңімпазы қазан айында Чэнду қаласында өтетін World Tour кезеңіне қатысу құқығына ие болады.

– Жарысқа қатысатын командалардың деңгейі қандай? Қанша команда келеді? 

– Мұндай турнирлердің ерекшелігі – ұлттық құрамалар емес, клубтардың қатысуы. Бастапқыда FIBA ​​командаларды өздері намысын қорғайтын қалалардың аттарын алуға шақырды, бірақ қазіргі кезде атауы әртүрлі командалар көбейді. Біздің турнирге негізінен Орталық Азия аймағының өкілдері қатысады, себебі аймақ командаларының әлемдік турға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлініп жатыр. Соңғы жылдары 3х3 баскетболы көршілес елдерде өте жақсы дамып келеді, олар Қазақстандағы түрлі турнирге жиі қатысады, мен бұл командалар арасындағы текетіресті тамашалау өте қызықты болады деп ойлаймын.


Оқи отырыңыз: Almaty Quest, ережелердің қазақшалануы және спортшыларды қолдау. Баскетбол федерациясы президентімен сұхбат


– World Tour турнирлері 4 деңгейге бөлінген. Алматыдағы турнирдің деңгейі қандай?

– Иә, өте дұрыс айтып отырсыз. Дүниежүзілік турдың өзі Masters деп аталатын кезеңдерден тұрады. Қалған деңгейлер осы Мастерс турнирлеріне арналған іріктеу турнирлері. Челленджер – Masters-тен кейінгі екінші маңызды турнир деңгейі, одан кейін Квест деңгейіндегі турнирлер. Бұл деңгейлер арасындағы айырмашылық рейтингтік ұпайларды жинақтау жүйесінде және FIBA ​​талаптарында. Біздің турнир Quest деңгейіне ие болды, себебі, жоғарыда айтылғандай, бұл біздің аймақтың командаларына әлемдік аренада өнер көрсететін үздік клуб командаларының қатарына қосылуға қосымша мүмкіндік береді. Өйткені іріктеу турнирлерінде тәжірибесі жоқ командалардың Masters World Tour турниріне қатысуға мүмкіндігі жоқ.

– Бұған дейін Орталық Азияда мұндай деңгейдегі турнирлер өтті ме?

– Иә, 2018 жылы Астанада осындай деңгейдегі турнир өтті. Алдымен Астанада Asia Quest кезеңі өтті, онда біздің CABA (Орталық Азия баскетбол аймағы) қосалқы аймағының командалары финалға жолдама үшін таласты, содан кейін елордада FIBA ​​Asia командаларының қатысуымен Asia Quest финалы өтті.

– Бұл турнирге қатысатын қазақ клубтарының деңгейін қалай бағалайсыз?

– Қазақстандық командалар үшін бұл турнирге іріктеу жолы ең қиын болды деп айта аламын. Қазақстанға берілген 6 квотаның 4-еуі Қазақстан Республикасы Чемпионаты (үздік үштік) мен Astana Open турнирінің жеңімпаз командасы арасында бөлінсе, тағы екі клуб турнирді ұйымдастыру комитетінен шақырту алды.


Оқи отырыңыз: "Автоспортқа жолдама". Қазақстанда Жас ұшқыштар академиясы іске қосылды


– Соңғы жылдардағы елімізде 3х3 баскетболының дамуы, клубтардың деңгейі мен Қазақстан чемпионаты туралы айтып өтсеңіз.

– Соңғы жылдары Қазақстанда 3х3 баскетболы жоғары танымалдылыққа ие болды. Егер бұрын турнирлер негізінен Алматы мен Астанада өткізілсе, қазір облыстық чемпионаттар, кубоктар және жай ғана әуесқой турнирлер Қазақстанның әр аймағында дерлік өтуде. Биыл ересектер командалары арасында Қазақстан чемпионаты өтіп, ерлер құрамасы биылғы Азия кубогінде тамаша өнер көрсетті. Almaty Quest турнирі 3х3 баскетболының дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары