Тікелей эфир

Almaty Quest, ережелердің қазақшалануы және спортшыларды қолдау. Баскетбол федерациясы президентімен сұхбат

2023 жылдың 22-24 қыркүйегінде Алматыда 3х3 баскетболдан Almaty Quest халықаралық турнирі өтеді.

Соңғы жылдары Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан командалық спорттың бірі – баскетбол. ҚР Ұлттық баскетбол федерациясы президенті Алпамысов Абай Әбдісаметұлымен сұхбаттастық. Федерация басшысы 3х3 баскетболын дамыту, 22-24 қыркүйекте өтетін Almaty Quest турнирі және ел құрамасы қатысатын халықаралық жарыстар туралы әңгімеледі. 

– Абай Әбдісәметұлы, әуелі Қазақстан баскетболындағы соңғы жаңалықтардан бастасаңыз. 

– Бүгінгі таңда ҰБФ (Ұлттық баскетбол федерациясы) тарапынан Қазақстанда баскетбол спортын дамыту бойынша өте ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтқанда елімізде баскетбол Чемпионаттары санын арттырып, қатысушы санын ұлғайту. Негізгі құрамға кірмейтін ойыншылар да өзін шыңдауы үшін фарм клубтар арасындағы чемпионатқа да көңіл бөліп келеміз. Бұның барлығы федерация тарапынан баскетболдың дамуы үшін жасалған алғышарт деп білемін. 

– Баскетболдың, жалпы кез келген спорттың дамуы – оның  балалар спорты бойынша атқарылған жұмыстарына қарап бағаланады. Балалар мен жасөспірімдер баскетболын дамыту үшін не жасау керек және жасалуы тиіс? 

– Соңғы жылдары Қазақстанда баскетболдың географиясы кеңейді. Еліміздің бас қаласынан бастап, шалғайдағы ауыл-аймақтың балаларына дейін 5х5 баскетболымен қатар 3х3 баскетболына қызығушылықтары артқанын байқаймыз. Қазір әр аулада баскетбол алаңқайлары бар. Федерация тарапынан БЖБЛ (Балалар мен жасөспірімдер баскетбол лигасы) қатысушылары санын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқардық. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер жарыстарына төрелік ететін төрешілердің біліктілігін арттыру үшін семиналар өткізуді қолға алдық. 

Жақында FIBA-ның шақыруымен Манилада (Филиппин) өткен Конгреске қатысып, FIBA ​​басшылығымен кездестік. ФИБА Қазақстан басткебол федерациясының соңғы жылдағы жұмысын өте жоғары бағалады. Атап айтқанда, жұмыс процестерін одан әрі дамытудың негізгі мәселелері ретінде құжаттарды стандарттау бойынша жұмысымызға оң баға берді. FIBA басшылығы қазақстандық баскетболдың даму векторын нақты анықтап, отандық баскетболды жаңа деңгейге шығаратын бірқатар нақты ұсыныстар берді. Өз тарапынан әлеуеті жоғары федерациялар үшін арнайы әзірленген мамандандырылған бағдарламалармен FIBA ​​бізге жан-жақты қолдау көрсетеді.  

Фото: Абай Алпамысовтың жеке архивінен

– Шалғай ауылдардағы баскетболдың дамуы үшін жұмыстар атқарылып жатқанын айттыңыз. Баскетбол баршаға қолжетімді болу үшін бұл жұмыстар жеткілікті ме?

– Спорттың негізі – ереже. Жақын күндері баскетбол жанкүйерлері мен мамандарының сұранысы бойынша 2022-2023 жылдарға арналған  баскетбол ережелері қазақ тіліне аударылды. ФИБА (Халықаралық баскетбол федерациясы) бекіткен ережені Қазақстанның әр аймағындағы жанкүйерлер мен спорт мамандарына түсінікті болуы үшін қазақ тіліндегі нұсқасы болуы дұрыс әрі заңдылық. ҰБФ ресми сайтынан жүктеп алып, қолдануға болады. Сондықтан біз қазақ баскетболы үшін жұмыс атқаруды арттырмасақ, азайтпаймыз.

Федерация тұрақты түрде 8 жас категориясы бойынша чемпионаттар өткізеді, оған тек биылғы жылдың өзінде 11 мен 17 жас аралығындағы ұлдардан 75 команда және қыздардан 54 команда қатысты, бұл 1500-ден астам бала. Еліміздің барлық аймағында баскетбол бөлімдері жұмыс істейді, жаңа бағыттар бойынша бөлім жұмысының сапасын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Баскетбол федерациясы биыл алғаш рет жаттықтырушыларды аттестациядан өткізуде, бүгінгі таңда 490 жаттықтырушы аттестациядан өтті. Бұл жұмыс жалғасын табады және жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 2023 жылы Төрешілер кеңесі балалар жаттықтырушылары мен дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған аймақтық семинарларды бастады, бұл да баскетболды дамытуға және ойын мәдениетін арттыруға ықпал етеді.

– Баскетбол 5х5 және 3х3 деп екіге бөлінеді. Жанкүйерлер 5х5 баскетболы туралы білгенімен, 3х3 баскетболы туралы ақпарат аз. Осы бағытта федерация тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды айтсаңыз. 

– Бұған дейін 3х3 баскетбол – ұлттық құраманың Азия кубогіне және басқа да халықаралық жарыстарға қатысуымен ғана жүзеге асырылатын. Алайда соңғы жылдары 3х3 баскетболын нақты қолға алып жұмыстар жасалып жатыр. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандық кәсіби спортшылар енді арнайы медициналық орталықта тегін емделеді


3х3 чемпионаттары 12 мен 18 жас аралығындағы 4 жас санатында өткізіледі және қазірдің өзінде оларға 100-ге жуық команда және 400-ден астам бала тұрақты түрде қатысуда. Жыл сайын әр облыста жасөспірімдер спорт мектебінде баскетбол бөлімін ашып, командалар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Баскетболдың бұл түріне жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық бар және федерация осы бағытта дамытуды нақты қолға алды деп айта аламын. Almaty Quest халықаралық турнирінің өткізілуі осының айғағы деп білемін. 

Фото: Абай Алпамысовтың жеке архивінен

– Almaty Quest қандай турнир? Толығырақ айтып өтсеңіз. 

2023 жылдың 22-24 қыркүйегінде Алматыда 3х3 баскетболдан Almaty Quest халықаралық турнирі өтеді. Бұл турнир Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Біз Жапония мен Таиланд үлгісі бойынша 3х3 баскетболының аймақтық хабтың бірлескен тұжырымдамасын әзірлеуде спорт басқармасымен және қала басшылығымен одан әрі нәтижелі ынтымақтастықты жалғастырамыз деген ойдамыз. 

Турнирге Қазақстан Республикасы чемпионатының және елімізде өткен басқа да рейтингтік турнирлердің нәтижесіне қарай 6 қазақстандық клуб пен алыс-жақын елдерден (Малайзия, Түркия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б.) 10 команда қатысады. Турнирде Қытайда өтетін World Tour-ға жолдама беріледі. Бұл Алматы қаласы ғана емес жалпы Қазақстан баскетболындағы өте ауқымды шара. Барша жанкүйерлер мен спортсүйер қауымды осы іс-шараға шақырамын. 


Оқи отырыңыз: "Головкиннің ізбасарлары". Қазақстанды әлемге танытып жүрген спортшылар кімдер?


– Бұл турнирлердің барлығы қазақ баскетболының дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймыз...

– Федерацияның негізгі мақсаты да осы. Кәсіпқой баскетболмен қатар аула клубтары арасындағы баскетбол, мектеп лигасы, Халық лигасы сынды баскетболдың әр тараптан дамуы үшін күш салып жатырмыз. Қазақстан Республикасының Ұлттық Баскетбол Федерациясы Халық Банкімен бірлесіп, жастарды салауатты өмір салтына тарту, баскетболды кеңінен насихаттау және спорттық іс-шараларға тұлға ретінде дамыту мақсатында Қазақстан Республикасындағы балалар үйі тәрбиленушілері арасында "Халық лигасы" жобасын өткізіп жатыр. Бүгінгі таңда финалдық кезеңге 16 команда қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл да жастарға стимул береді деп ойлаймын. 

Фото: Абай Алпамысовтың жеке архивінен

– Алда Қазақстан қандай халықаралық жарыстарға қатысады? 

– Қыркүйек айы баскетбол жарыстарына толы ай. Азия ойындарына ерлер мен әйелдер құрамасы, сондай-ақ 3х3 баскетболдан құрамаларымыз қатысады. Оқу-жаттығу жиындары басталып, командаларымыз тыңғылықты дайындықтарына кіріседі. Сондай-ақ Доха (Катар) қаласында 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына CABA (Орталық Азия баскетбол федерациясы) аймағына берілетін жалғыз жолдаманы Самарқанда (Өзбекстан) өткен іріктеу турнирінде біздің жігіттер жеңіп алды. Бұл да болса үлкен жетістік. Біз өз командаларымызға сенеміз және сәттілік тілейміз. 

– Біз де Қазақстан құрамаларына сәттілік пен жеңіс тілейміз. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары