Алматының Түрксіб ауданында 120 мың тұрғын сапалы суға қол жеткізеді. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Түрксіб ауданының әкімі Дамир Әкежанов 2026 жылға арналған инженерлік желі мен жол инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын таныстырды.
Әкімнің айтуынша, тұрғындарды базалық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Биыл Ақан Сері – Сейфуллин – Шолохов көшелері аумағында және "Қайрат" шағын ауданында 36,1 шақырым су құбыры мен 47,8 шақырым кәріз жүйесі салынып жатыр. Сонымен қатар "Нұршашқан" шағын ауданын қоса алғанда, қосымша 51,7 шақырым су құбыры мен 17,8 шақырым кәріз желісін салу жоспарланған.
"Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 120 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз су мен кәріз жүйесіне қосылады. Сондай-ақ "Шығыс қақпалары" тұрғын алабы аясында инженерлік желілерге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Электрмен жабдықтау саласында 110 кВ қосалқы станция желілерін салу және Сүйінбай даңғылындағы нысандарды қосу жоспарланып отыр. Көшелерді жарықтандыруға да ерекше көңіл бөлінген. Биыл ауданда бұрын жарықтандырылмаған 30 көшеге шам орнатылып, 1825 шам ауыстырылады. Сонымен қатар 2000-нан астам тірек боялып, "Желтоқсан" паркі мен "Шұғыла", "Сейфуллин" алаңқайларындағы 750 шам жаңартылады. Жылумен жабдықтау бағытында да ауқымды жұмыстар көзделген. "Қайрат" шағын ауданында магистральдық газ желісі тартылып, 2026 жылғы қыркүйекте дейін ұзындығы 8,1 шақырым болатын екі учаскедегі жылу желісі жаңғыртылады. Бұдан бөлек, қосымша 0,7 шақырым желі мен 10 қазандықты жаңарту жұмыстары басталады. Ал "Шығыс қақпалары" жобасы аясында қуаты 190 Гкал болатын қазандықты қайта жаңарту жоспарланған", – делінген хабарламада.
Жол инфрақұрылымы да назардан тыс қалмаған. 2026 жылы жалпы ұзындығы 23,5 шақырым болатын 38 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 35 мың шаршы метр жол жамылғысы қалпына келтіріледі. Сондай-ақ 200 "қалқымалы" люк орнату көзделген.
Бұдан бөлек, ұзындығы 4,3 шақырым Хмельницкий көшесін Талғар тасжолына дейін ұзарту жобасы бойынша жер учаскелерін сатып алу жұмыстары аяқталуға жақын.
USD:
462.9 / 465.7
EUR:
543.5 / 548.5
RUB:
6.01 / 6.13