Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) 2026 жылға арналған Diversity & Inclusion Awards сыйлығына үміткерлерден өтініш қабылдау басталғанын мәлімдеді. Бұл марапат авиация саласында әртүрлілік пен инклюзияны дамытуға елеулі үлес қосып жүрген тұлғалар мен ұйымдарды қолдауға бағытталған.
Сыйлық үш санат бойынша табысталады:
- Inspirational Role Model санаты әуе тасымалы саласында жоғары басшылық қызмет атқарып, жаһандық деңгейде әртүрлілік пен инклюзия қағидаттарын ілгерілетуге айтарлықтай ықпал еткен әйел көшбасшыларға арналған.
- High Flyer сыйлығы 40 жасқа дейінгі, нақты бастамаларымен осы бағытта көшбасшылық танытып, саланың дамуына оң әсер еткен әйел мамандарға беріледі.
- Diversity & Inclusion Team санаты жүйелі жұмыстың нәтижесінде әртүрлілік пен инклюзия саласында өлшенетін оң өзгерістерге қол жеткізген әуе компанияларын марапаттайды. Бұл аталымға қауымдастыққа мүше барлық әуе компаниялары қатыса алады.
IATA бас директоры Уилли Уолштың айтуынша, әртүрлі әрі инклюзивті авиация секторы саланың болашақ дамуы үшін аса маңызды.
"Авиацияның өсуін қамтамасыз ету үшін жаңа таланттарды тарту қажет. Ол үшін саланың баршаға ашық әрі мүмкіндіктерге тең болуы шарт. Биыл да авиациядағы әртүрлілік пен инклюзияны дамытуға бағытталған көптеген мықты бастамалар ұсынылатынына сенімдімін", – деді ол.
Әрбір жеңімпазға 25 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі. Оған Qatar Airways әуе компаниясы демеушілік танытқан. Жүлде қаржысы жеңімпазға тікелей беріледі немесе оның таңдауы бойынша әртүрлілік пен инклюзияны қолдайтын қайырымдылық ұйымына аударылады.
Үміткерлерді тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамына сала сарапшылары мен алдыңғы жылдардағы сыйлық иегерлері кіреді. 2026 жылғы Diversity & Inclusion Awards жеңімпаздары 6-8 маусым аралығында өтетін Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының 82-ші жыл сайынғы жалпы жиналысы мен World Air Transport Summit аясында жарияланады.
USD:
460.1 / 462.7
EUR:
541.5 / 546.5
RUB:
5.95 / 6.07

