Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы 2026 жылы әлем бойынша әуе компанияларының таза табыстылығының орташа көрсеткіші 3,9 пайызға жететініне болжам жасады. Ал таза пайда 41 млрд АҚШ долларын құрайтын болады. Бұл туралы қауымдастық басшылығы Швейцарияның Женева қаласында өткен Global Media Day шарасында хабарлады.
"2026 жылы әуе компанияларының таза табыстылығының көрсеткіші 3,9% деңгейінде, ал таза пайдасы 41 млрд АҚШ долларын құрайды де болжап отырмыз. Бұл – авиация саласы үшін, әсіресе саладағы жеткізу тізбегіндегі мәселелерді, геосаяси қақтығыстарды, жаһандық сауданың баяулауын, реттеуші органдар тарапынан қысымның күшеюін ескерсек, өте жоғары көрсеткіш болмақ. Бұл ретте әуе компаниялары мұндай қиындықтарды жеңілдетуге және тұрақты табыстылықты қамтамасыз ете алатын бизнес-моделін қалыптастырды деп айта аламыз", – деді IATA бас директоры Уилли Уолш.
Авиация саласындағы жаһандық болжамға сәйкес, 2026 жылы авиация саласындағы келесі көрсеткіштерге куә болуымыз мүмкін:
- 2026 жылы әуе компанияларының жиынтық таза пайдасы 41 млрд АҚШ долларына жетеді (2025 жылғы 39,5 млрд АҚШ долларымен салыстырғанда). Бұл жаңа рекорд болғанымен, таза рентабельдік 2025 жылғы 3,9% деңгейінде сақталады. Бір жолаушыдан түсетін таза табыс 7,90 АҚШ долларын құрайды (2023 жылғы 8,50 АҚШ долларынан төмен және 2025 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз);
- 2026 жылы операциялық пайда 72,8 млрд АҚШ долларын құрайды деп күтілуде (2025 жылғы 67,0 млрд АҚШ долларымен салыстырғанда), ал операциялық рентабельдік 6,9% деңгейіне жетеді (2025 жылғы болжанған 6,6%-дан жоғары).
- Инвестицияланған капиталдың кірістілік (ROIC) көрсеткіші 6,8% деңгейінде болады (2025 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз). Қарыз жүктемесінің төмендеуіне және операциялық рентабельдіктің артуына қарамастан, ROIC капиталдың орташа өлшенген құнынан (WACC) төмен болып қала береді, ол 2026 жылы 8,2% деңгейінде бағаланады;
- Саланың жалпы кірісі 2026 жылы 1,053 трлн АҚШ долларына жетеді (2025 жылғы 1,008 трлн АҚШ долларымен салыстырғанда 4,5% артық);
- Әуе компаниялары барлық жолаушы орындардың 83,8 пайызын толтырады;
- Жолаушылар саны 5,2 млрд адамға жетеді (2025 жылмен салыстырғанда 4,4% көп);
- Жүк тасымалы көлемі 2026 жылы 71,6 млн тоннаға жетеді (2025 жылмен салыстырғанда 2,4% артық).
Бұл көреткіштерге қандай факторлар негіз болады? IATA жаһандық болжамынша, саланың жалпы табыс 2026 жылы 4,5%-ға өсіп, 1,053 трлн АҚШ долларына жетуі тиіс. Бұл өсім операциялық шығындардың 4,2%-ға артып, 981 млрд долларға жетуінен жоғары болады. Нәтижесінде 2026 жылы саланың таза пайдасы 1,5 млрд долларға ұлғаяды деп болжанып отыр.
Дегенмен, салада тез арада шешуді қажет ететін мәселелер де аз емес. IATA бас директоры Уилли Уолш Global Media Day барысында олардың негізгілерін атап өтті.
Оның айтуынша, саладағы өзекті мәселелердің бірі – авиацияның капитал құнын өтейтін пайдаға қол жеткізе алмауы болып отыр және бұл проблема тез арада шешуді қажет етеді.
"Әуе компанияларының табыстылық деңгейі әлі де тым төмен болып қалып отыр. Әуе компаниялары әлем халқы мен экономикасын байланыстыру арқылы әлем экономикасының 4 пайызына жуық деңгейде үлесін қосатын және 87 миллион жұмыс орнын қамтамасыз ететін құн тізбегінің орталығында тұр. Соған қарамастан, Apple компаниясы iPhone смартфонының тысқабын сатудан авиациямен салыстырғанда көбірек пайда табады. Ал бұл уақытта әуе компаниялары бір жолаушыны тасымалдаудан орта есеппен тек 7,9 доллар ғана табады. Тіпті авиацияның өз құн тізбегінің ішінде әуе компанияларының табыстылығы қозғалтқыш және авиация техникаларын өндірушілердің, сондай-ақ басқа да жеткізушілердің табыстылығынмен салыстырғанда тең дәрежеде емес. Егер біз құн тізбегіндегі табыстылық тепе-теңдігін қалпына келтіре алсақ, реттеушілік және салық ауыртпалығын азайтсақ және инфрақұрылымдағы тиімсіз мәселелерді жойсақ, әуе компаниялары әлем экономикасының дамуына әлдеқайда үлкен үлес қоса алар еді", – деді Уилли Уолш.
Жаһандық болжамға сәйкес, 2026 жылы жүк тасымалының кірісі 158 млрд АҚШ долларына жетеді. Бұл 2025 жылғы көрсеткішпен (155 млрд доллар) салыстырғанда 2,1 пайызға жоғары.
Бұл қалыпты өсім жүк көлемінің артуымен, әсіресе шұғыл жөнелтілімдер мен электрондық коммерция көлемінің өсуімен байланысты. Жүк айналымы тонна-километрмен есептегенде (CTK) 2026 жылы 2,6%-ға өседі (2025 жылғы 3,1 пайыздан баяу).
Осы ретте IATA бас директоры Уилли Уолш жүк тасымалының нәтижелеріне де ерекше назар аударды. Бұл саладағы көптеген теріс болжамдарға қарамастан, ол сауда жағдайының өзгерістеріне сәтті бейімделіп, өз позициясын сақтап қалды.
"Әуе жүк тасымалының беріктігі ерекше әсер қалдырады. АҚШ-тың тариф саясатына байланысты әлемдік сауда бағыттарының өзгеруіне қарамастан, әуе тасымалы жаһандық саудада ерекше рөл ойнайды. Бұған әсіресе электрондық коммерция мен жартылай өткізгіштер секторындағы жеткізілімдер әсер етті және олар AI инвестицияларының өсуіне ықпал етті. Әуе тасымалы тарифтердің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін алдын ала жеткізілім жасауға және тариф салынған тауарлардың күтпеген сұранысына тез жауап беруге мүмкіндік ашты. Осылайша, әуе тасымалы жаһандық экономиканың жаңа жағдайға бейімделуі барысында маңызды рөлін сақтап келеді", – деді Уилли Уолш.
USD:
519.9 / 522.5
EUR:
603.0 / 608.0
RUB:
6.55 / 6.69

