Тікелей эфир

Мамыр айында ауа-райы жаздағыдай ыстық болады. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
30 млн теңге сыйақысы бар байқау жарияланды. Головкин өзінің атын өзгертті.

Сөз бостандығынсыз билікке ақиқатты жеткізу мүмкін емес

"Адамдар өтірікке сенбей, нақты фактілерге сүйенуі керек". Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні қарсаңында БҰҰ басшысы Антониу Гутерриш осылай мәлімдеді. Бас хатшы Бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы бағытталған келеңсіздіктерге қатысты, сонымен қатар зорлық-зомбылыққа, қуғындауға ұшырайтын журналистер жайын да сөз етті.

ЮНЕСКО-ның мәліметінше, 1994-2018 жылдар аралығында әлемде 1307 журналист қайтыс болған.

Қазақстандықтар жыл басынан бері тек 5 электромобиль сатып алған

Бұлар – 4 Tesla және 1 JAC. Электромобильдердің бәрі де жаңа. Биылғы жылдың 4 айында әкімшілік полиция органдарына 453 мың автокөлікті есепке тіркеген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15,3%-ға көп.

Елімізде 20 жылдан астам жүрген көліктердің үлесі 39%-дан 43,2%-ға өскен. Ал жаңа көліктер (3 жылға дейінгі) 4,6%-дан 3,5%-ға азайған. Ескірген көліктердің көбі Алматы облысында тіркелген. Ал, жаңа көлік Атырау мен Ақтөбе облысында көп.

Тоқаевты қолдауға 300 мыңнан көп қол жиналды

Қ.Тоқаев ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркелді. Оның кандидаттығын қолдауға сенімді өкілдері 315 мыңнан астам қол жинады, 313 мыңнан астамы шынайы деп танылды.

Кандидатты қолдауға 118 140 қол жиналуы тиіс еді. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу үшін Қ.Тоқаевтың барлық құжаттары талапқа сай деп мәлімдеді.

Алматының орталық ауруханасына жаңа бас дәрігер тағайындалды

Бұл қызметке бұған дейін Алматының жедел медициналық көмек ауруханасының бас дәрігері болған Алмаз Джувашев келді. Орталық аурухананың экc басшысы Нұрлан Тұрдалин наурыз айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікпен ұсталған болатын.

Қаламқастағы өртке кінәлі "Си Бу" бұрғылау компаниясының 14 қызметкері жұмыстан қуылды

Тағы төртеуіне сөгіс жарияланды. Тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жолданған. Компанияны лицензиясынан айыру туралы шешімді шығару солардың құзіретінде.

"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ лицензиядан айыру туралы шешім заңда бекітілген тәртіппен қабылданатынына және барлық мүдделі тараптардың пікірі ескерілетініне сенімді. "Си Бу" компаниясы лицензиясынан айырылған жағдайда, "Маңғыстаумұнайгазда" мұнай өндіруден өндірістік жоспар орындалмай қалуы мүмкіндігі аталды.

Синоптиктер мамыр айында ауа-райы жаздағыдай ыстық болады дейді

Шығыс өңірде тек айдың басында қар аралас нөсер жауын, күшті жел, тұман болуы ықтимал. Оңтүстік пен Батыста да найзағайлы жауын, бұршақ жауады. Алайда 3 мамырдан бастап еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы бірден көтеріледі. Солтүстікте күндіз ауа температурасы 20-28 градусқа дейін, ал Оңтүстікте 25-33 градусқа дейін жоғарылайды.

Мамырдың екінші, үшінші онкүндігінде жел, жауын болуы ғажап емес. Соған қарамастан ауа температурасы кей күндері 30-37 градусқа дейін көтеріледі.

DAR компаниясы 30 млн теңгеге дейін сыйақысы бар байқау жариялады

DAR Lab аталатын IT-стартаптардың байқауына Орталық Азиядағы үміткерлердің коммерциялық, әлеуметтік жобалары қатыса алады. Болашағы зор коммерциялық бағытағы IT-жобаларға 4 млн-ға дейін, әлеуметтік жобаларға 10 млн-ға дейін инвестиция құйылады.

Байқауға қатысу үшін 29 мамыр күні сағат 18.00-ге дейін мына жерде онлайн-өтінім қалдыру керек. Қосымша сұрақтарды байқауды ұйымдастырушыларға nmusalievsa@dar.kz және aaituov@dar.kz. жолдауға болады.

Экологтар ескі кассалық аппараттарды лақтырмауға кеңес береді

Қазақстанда істен шыққан 255 мың кассалық аппарат тіркелген. Мемлекеттік кірістер комитеті оның 70%-ын (180 мыңын) пайдаға асыруға болады деп есептейді. Халықаралық экология академиясының президенті М.Дуамбеков құрамы 90 пайыз пластиктен тұратын, салмағы 2 кг-дық мұндай аппараттарды қоқысқа тастаудан зор экологиялық залал келеді деп дабыл қақты.

Мемлекеттік кірістер комитеті істен шыққан касса аппараттарының бәрін қоқысқа лақтырмаңдар дейді. Мамандардың айтуынша, қазір кәсіпкерлер жаңа аппараттармен бірге ескілерін де модификациялай алады.

Ұрланған 140 млн теңге Қазақстанға Швейцариядан қайтарылды

ҚР Бас прокуратурасы таратқан мәліметке сүйенсек, бұл қаржы "Қорғас ісі" бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшелерінің бірі, 2012 жылдан бастап осы іске қатысы бар деген күдікпен халықаралық іздестіруде жүрген Мағзұм Әбдіралиевке тиесілі. 25 сәуірде Швейцариядан ҚР Ұлттық банкінің шотына түскен ақша жақын арада мемлекет кірісіне алынады. Бұған дейін 2018 жылғы сәуірде прокуратура органдарының осы іс шеңберіндегі өтінішхаты бойынша мемлекет пайдасына М.Әбдіралиевтің 762 мың АҚШ доллары мен 915 мың теңге қылмыстық табысы тәркіленген болатын.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: FlyArystan қызметіне 50 мың жолаушы жүгінген. FlyArystan ұшақтары әуеге көтерілген алғашқы күндердің өзінде 50 мыңға жуық билет сатылып, 2 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетілген. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, жолаушылардың басым бөлігі қол жүгінсіз, ең төменгі тарифпен билет алған. Мамыр айындағы барлық бағыттар бойынша орындалатын рейстердің жолаушылар толымдығы 90 пайыздан асыпты.

24.kz: Головкин атын өзгертті. Орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин өз атының ағылшынша айтылуымен келіспейді. АҚШ-та Головкиннің аты Геннади (Gennady) деп айтылады. GGG-де қазір жаңа бапкер, жаңа телесеріктес және аты да жаңаша айтылатын болды. Головкин туу туралы куәлікте Геннадий (Gennadiy) екенін айтты. Бірақ АҚШ-та жүрген жеті жылдан кейін неге өзгерту керек болғаны туралы бір ауыз сөз жоқ

Ktk.kz: Соғыс ардагерлеріне берілетін жәрдемақының көлемі қандай? Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында ең көп бір реттік жәрдемақыны шығысқазақстандық ардагерлер алады. Онда майдангерлердің әрбіріне 542 мың теңгеден төленеді. Астаналық ардагерлерге 519 мың теңгеден берілмек. Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктері 300 мыңнан төлесе, Шымкент пен Түркістан облысы 250 мыңнан асады. Алматы облысы әкімдігі 93 ардагеріне өз бюджетінен 200 мың теңгеден бөліпті. Ең аз алатындар Павлодар облысында. Бар-жоғы 52 майдангерге 150 мың теңгеден келеді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары