Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 33 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

23.59. Коронавирус жұқтырғандар саны – 1 295

  • Алматы – 380;
  • Нұр-Сұлтан – 297;
  • Қызылорда облысы – 127;
  • Қарағанды облысы – 82;
  • Ақмола облысы – 80;
  • Атырау облысы – 70;
  • Жамбыл облысы – 49;
  • Түркістан облысы – 49;
  • Шымкент – 40;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 28;
  • Алматы облысы – 25;
  • Батыс Қазақстан облысы – 20;
  • Ақтөбе облысы – 13;
  • Павлодар облысы – 11;
  • Маңғыстау облысы – 11;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 7;
  • Қостанай облысы – 5.

Жазылғандардың жалпы саны – 240.

Көз жұмғандар – 16.

23.59 – 15 сәуір қорытындысында Covid-19:

  • 63 адамда анықталды;
  • Шымкентте және Қостанай облысында екі адам көз жұмды;
  • 37 адам емделіп шықты.


23.55 – Қарағанды облысында Covid-19 анықталған адам туралы:

79 жастағы қарағандылық ер адам пневмониямен пульмонологиялық орталыққа жатқызылды.

23.50 – Солтүстік қазақстан облысында коронавирус анықталған екі адам туралы:

14 сәуірде 20 жасар студент пен 40 жастағы әйел Лондон Петропавл рейсімен ұшып келген соң карантинге жатқызылған. Қазір инфекциялық стационарда.

23.20 – 17 сәуір сағат 00.00-ден бастап Қостанай облысының аумағында карантин енгізіледі.

22.30 – Коронавирус жұқтырған тағы 5 адам тіркелді:

  • Солтүстік Қазақстан облысы – 2;
  • Батыс Қазақстан облысы – 2;
  • Қарағанды облысы – 1.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 1 295-ке жетті.

21.25 – Өскемен қаласында ОВ-156/20 РММ-де жазасын өтеп жатқандар қарттар үйіне арнап 200 дана маска тікті.


Фото: polisia.kz

21.20 – Полиция қызметкерлерімен жанжал жасағандар туралы Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеме жасады.

Алматыда Гоголь мен Қайырбеков көшелерінің қиылысындағы патруль жасағы бір топ жастарды байқаған. Олар онлайн режимде фитнес жаттығулар түсіріп жатқан. Учаскелік инспектор келіп, карантин кезеңінде қажет жағдай болмаса, үйден шығуға тыйым салынғанын айтып, ескерту жасаған. Оның үстіне, бұл азаматтардың қасында кішкентай бала болған.

Жастар полиция қызметкерінің ескертуіне агрессивті жауап беріп, заңға бағынбай, күш қолданған. Нәрестенің анасы өзінің заңсыз әрекеттерімен жанжал туғызған.

Полицейді қорлаған және күш қолданған ер адамдар Қылмыстық кодекстің 380-бабы (билік өкіліне қатысты күш қолдану) және 378-бабы (билік өкілін қорлау) бойынша жауапқа тартылады.


Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?


21.15 – "Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық" АҚ мен Қазақстанның психологиялық көмек еріктілері одағы бір апта бойы Нұр-Сұлтан тұрғындарына онлайн-кеңестер береді.

Психологиялық кеңес алу үшін онлайн-өтінім қалдыру қажет. Келіп түскен өтініш психологиялық көмек еріктілері қауымдастығына жіберіледі. Онлайн-кеңес беретін 20-дан астам психолог жұмыс істеуде.

21.05 – Медицина ұйымдары басшылары қызметкерлеріне жауап береді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді.

"Медицина ұйымдары әрбір науқасты жұқтырғандар ретінде бағалайтын эпидемияға қарсы күшейтілген режимге көшеді. Сондықтан дәрігерлер жеке қорғану құралдарымен көмек көрсетеді", – деді ол.

Медицина ұйымы басшысы қызметкерлерін қорғау құралдарымен қамтамасыз етуі тиіс, олар бұл үшін дербес жауапты болады. Вице-министрдің сөзінше, күнделікті сауалнама, дене қызуын өлшеу және журналға тіркеу арқылы барлық қызметкердің жағдайын медициналық бақылау керек.

Министрлік дәрігерлерден науқастармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.

20.55 – Бүгін Қостанай облысында коронавирустан қайтыс болған ер адамның өліміне қатысты тергеу жүргізіледі.

"Министр комиссиялық тексеру жүргізуді тапсырды. Нәтижелер ұсынылатын болады", – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.

Марқұмның қызы ауру белгілері бола тұра, жедел жәрдем әкесін ауруханаға жатқызбағанын, бір күн өткен соң ғана алып кеткенін айтып, шағымданған болатын.


Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?


20.52 – Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі жақындап келе жатқанын мәлімдеді.

Вирусты жұқтыру деңгейі қазір 100 мың адамға шаққанда 7 адамды құрайды. Осыған байланысты, карантиннен басқа, елді мекендердің тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етуге тартылған және вирусты жұқтыру қаупі жоғары жерде жүрген адамдарға ауқымды скрининг жасау қолға алынды. Тестілеу 10 сәуірде басталды және 20 сәуірге дейін жүргізіледі. Емханалар мен ауруханалардағы медицина қызметкерлеріне жеке қорғану құралдары жеткізілді.

20.45 – Шымкентте коронавирустан көз жұмған адам туралы:

1954 жылғы науқас Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, Жетісай қаласында тұрған зейнеткер. Ер адам Жетісайдағы орталық аудандық ауруханасындаға коронавирус жұқтырған адаммен жақын байланыста болған. 1 сәуірде оның да коронавирус жұқтырғаны анықталды.

4 сәуірде жағдайының нашарлауына байланысты санавиациямен Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілген.

Науқас ауыр халде, ессіз күйде келіп түскен. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Науқастың вирустық гепатит, бауыр циррозы, қант диабеті, созылмалы панкреатит секілді аурулары болған.

Науқас бүгін 15.00-де қайтыс болды.

20.38 – Ақмола облысының "Шапағат" арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Covid-19 жұқтыру көзі сол жердегі қызметкерлердің бірі. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді.

Еске сала кетсек, орталықтағы 38 қамқорлыққа алынған адам мен үш қызметкерден коронавирус анықталды. Үш адам көз жұмды.


Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?


20.35 – Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 11 өңірде Covid-19 жұқтырған жағдайы ауыр науқастарға медициналық көмек көрсету үшін қарқынды терапия жасайтын өңірлік орталықтар құрылып жатыр.

Төтенше жағдай режимінде науқастарды республикалық медициналық ұйымдарға тасымалдау туралы министрдің бұйрығы бекітілді. Онда емдеуге жатқызу мен тасымалдаудың нақты алгоритмі жазылған.

20.27 – Қазақстанда 370 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Денсаулық сақтау вице-министрінің сөзінше, жан сақтау бөліміндегі жағдайы ауыр науқастар арасында медицина қызметкерлері жоқ.

13 өңірдегі медицина қызметкерлерінен Covid-19 анықталған:

  • Алматыда – 197;
  • Нұр-Сұлтан – 92;
  • СҚО – 15;
  • Атырау облысы – 17.

Covid-19 анықталған медицина қызметкерлері ішінде:

  • дәрігерлер – 29%,
  • медбике ісі мамандары – 48%;
  • кіші медицина қызметкерлері – 23%.

20.25 – Қазақстанда коронавирусты 80 бала жұқтырған. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәімдеді.

"Бір нәресте, бір жасқа дейінгі екі бала бар. Бірі – Түркістан облысында, екіншісі – Шымкентте. Алматы облысында жаңа туған сәби шығарылды. Ана да, жаңа туған сәби де вирусты бірге тұрған туысынан жұқтырған. Ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық", – деді вице-министр.

Оның сөзінше, 63 балада ауру симптомсыз өтіп жатыр.


Оқи отырыңыз: Коронавирус қаупі жағдайында қорқынышты қалай жеңуге болады? Психоаналитик кеңесі


20.18 – Алматы полициясы күмәнді дезинфекциялық өнімдерді анықтады. Алмалы ауданының аумағында жеке үйлердің бірінен жалпы көлемі 2345 литр таза сұйықтық бар 469 бөтелке табылды. Барлық өнім тексеру үшін тәркіленді.

Өнім иесінің сөзінше, ол осы "өнімді" досынан қалада сату үшін алды. Алайда оның тиісті құжаттары жоқ. Кейбір канистрлерде жапсырмалар да жоқ. Өндіру әдісі мен химиялық құрамы да белгісіз.

"Сұйықтықтың антисептикалық қасиеті болмаса оны сату – тек тұтынушыны алдау ғана емес, жасырын қылмыс. Азаматтың іс-әрекетімен тиісті органдар айналысады", – деді Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.


Фото polisia.kz сайтынан


20.05 – Денсаулық сақтау вице-министрі Ләзат Ақтаеваның сөзінше, жұқпалы стационарларда 1034 науқас емделіп жатыр. Олардың ішінде:

  • 21 науқастың жағдайы ауыр;
  • 169 науқастың жағдайының ауырлығы орташа дәрежеде;
  • бір науқас қанды оттегімен қанықтыру аппаратында.

Ауыр емделушілердің жағдайы туралы:

  • 9 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған;
  • 6 науқас өкпені маскалы желдету аппаратына қосылған;
  • 7 науқас оттегіні жалғау арқылы өздігінен тыныс алып жатыр.
Жасалған ем шаралары нәтижесінде 5 науқас жасанды тыныс алу аппаратынан өз бетінше тыныс алуға ауыстырылды, Денсаулығы жақсарға 18 адам жан сақтау бөлімінен бейінді бөлімдерге ауыстырылды.

19.50 – Қазақстанда 13 наурыздан бастап коронавирус анықталған адамдар туралы:

  • байланыста болған – 67%;
  • респираторлық аурулары, пневмониясы бар – 13%;
  • сырттан әкелген – 13%;
  • инфекция көзі белгісіз – 8%.
19.30 – Өскемен қаласының әуежайына эвакуациялық рейс келіп қонды. Чартерлік рейс Таиланд, Индонезия, Вьетнамнан адамдарды жеткізді. Бортта 179 адам жолаушы болған, екеуі – бала. Қазақстандықтардан бөлек Ресей мен Қырғыстанның азаматы бар.

Барлық жолаушы ұшу алдында медициналық тексерістен өткен. Ауру белгілері анықталмады. Оларды эпидемиолог-дәрігерлер күтіп алып, экипаж бен барлық жолаушының дене қызуын өлшеді. Covid-19 симптомдары анықталмады. Барлығы дезинфекциялық өңдеуден өтіп, жаңа маска алды. Барлық багаж бен қол жүгі дезинфекциялық заттармен өңделді.


Оқи отырыңыз: Биыл тарауық намазы мешітте оқылмайды. Төтенше жағдай кезінде ораза ұстаудың ерекшелігі қандай?


Жолаушылар алдын ала дайындалған автобустарға отырғызылды. Ресей азаматтарын әуежайдан полиция мен консулдық өкілдерінің алып жүруімен аялдамасызшекараға жөнелтілді. "Уба" шекара бекетінде олар ресейлік автобустарға отырғызылады. Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары арнайы карантинді стационарға жеткізілді. Барлығынан коронавирусқа қарсы сынама алынады. Карантин аяқталған соң ғана тұрғылықты жеріне жіберіледі.


Фото ШҚО әкімдігінің сайтынан

19.16 – Шымкентте коронавирустан 1954 жылы дүниеге келген адам көз жұмды.

Қазақстанда Covid-19 кесірінен барлығы 16 адам қайтыс болды.

18.55 – 14 сәуірде Нұр-Сұлтанда карантин режимін бұзған 142 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 9-ы қамауға алынды. Сондай-ақ, 97 айыппұл салынып, 32 ескерту жасалды. Төрт іс сот қарауында.

18.45 – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен кездесуінде Birgemiz қорынан 152 мыңнан астам отбасы 50 мың теңге көлемінде бір жолғы көмек алғанын айтты.

"Бұл жұмысты жалғастыру керек. Мамыр айынан бастап азаматтарға көмек көрсетудің екінші кезеңін бастаймыз. Бұл – Үкімет тарапынан бөлінетін қосымша қолдау", – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.


Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға 42500.enbek.kz сайтында өтініш беруге болады


18.40 – Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Алматыда медицина қызметкерлерінің коронавирус жұқтыру жағдайына қатысты түсініктеме берді:

"Өкінішке орай, медицина қызметкерлері арқылы да берілуі мүмкін. Немесе керісінше, егер эпидемиология нормалары сақталмай, медициналық ұйым ішіндегі логистиканың бұзылуы салдарынан болуы да ғажап емес. Сондықтан бұл жәйттерге сабырмен және түсіністікпен қарау керек. Біздің міндетіміз – орын алған жағдайдың себебі мен салдарын табу. Тағы да айтайын, бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің жеке бақылауында", – деді ол.

18.35 – Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров мегаполистегі зертханалар жұмысының нәтижесі туралы:

"Ел аумағында 5-6 мыңға жуық тест жүргізіледі. Осы орайда Алматы қаласындағы зертханалық қызметтің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Қазіргі таңда олардың қызметін үлгі тұтарлық десек болады. Алматыда мыңға жуық тест жүргізіледі. Бұл – зертхананың жұмысына және осы шараға қатысатын медицина қызметкерлері үшін ауыр жүктеме", – деді ол.


Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

18.30 – Нұр-Сұлтанда Covid-19 анықталған үш адам туралы:

Тұрғындар өздерін жайсыз сезінгендіктен, медициналық көмекке жүгінген. Науқастармен жақын байланыста болған адамдар анықталды.

18.25 – Тағы 20 адам коронавирустан жазылып шықты:

  • Нұр-Сұлтан – 18;
  • Алматы облысы – 2.
Қазақстанда барлығы 240 адам ауруынан айықты.


18.10 – Нұр-Сұлтанда бірінші кезеңде 500 жуық нысанның жұмысын қайта бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы әкімдік сайты хабарлады. Келісімге қол қойған соң құрылыс компаниялар басшылары қызметкерлерді тасымалдауды ұйымдастыруы қажет. Жұмыс берушілер қызметкерлерді медицина маскасы, қолғап, антисептик сияқты медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Асханадағы үстелдердің ара-қашықтығы 2 метрден кем болмауы керек, ал қызметкерлердің бір-бірінен алшақ отырғызылуы шарт.

Жұмысы қайта жанданатын нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік қатаң сақталуы қажет. Санитарлық нормалар сақталмаған жағдайда кәсіпорын жабылады.


Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыда қандай кәсіпорындар жұмысын жалғастырады?


17.27 – Коронавирус жұқтырған тағы 15 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 3;
  • Алматы – 10;
  • Алматы облысы – 1;
  • Қызылорда облысы – 1.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 1 290 адам анықталды.

17.25 – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан түскен әлеуметтік төлемдер төтенше жағдай кезінде 2 708 666 азаматқа тағайындалды.

Тағайындалған төлемдер саны бойынша үш аймақ:

  • Алматы облысы – 411 573;
  • Түркістан облысы – 300 996;
  • Алматы – 291 439.

17.20 – Мемлекеттік комиссия жеделдікті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі енгізген азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтарды жеке тұлғалардың шотына ақшалай қаражатты аудару арқылы беру туралы ұсынысты мақұлдады. Көмек алушылардың жасына не мүгедектігіне байланысты келуге мүмкіндігі болмаса, санитарлық талаптарды сақтай отырып, азық-түлік жиынтығын үйге жеткізу қамтамасыз етіледі.


Оқи отырыңыз: Биыл мектеп түлектері қалай аттестат алады? Білім және ғылым министрінің түсіндірмесі


16.35 – 16 сәуірде қазақ тілінде өтетін 1-11 сыныптарға арналған BALAPAN телеарнасындағы бейнесабақтар кестесі:



16.32 – Мемлекеттік комиссия 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмысын қайта бастайтын қызмет түрлерінің тізімін бекітті.

Нұр-Сұлтан қаласы



Алматы қаласы


16.30 – Алматыда №4 қалалық клиникалық аурухананың терапия бөлімшесі карантинге жабылды.

6 сәуірде клиникаға анафилактикалық шокпен пациент түсті. Оның Covid-19 сынамасы теріс болды. Қайта тапсырғанда оң нәтиже көрсетті. Пациент болған терапия бөлімшесі медицина қызметкерлерімен және пациенттермен бірге жабық.

16.25 – Талдықорғанда жалған ақпарат таратқан азамат ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

"Мынадай ақпарат келді... Кейін бұл туралы айтатын шығар…Талдықорғанда 12 адамнан коронавирус анықталыпты… Ақпаратты маған сол қарамақта жүрген адам айтты..", – деген аудиожазба әлеуметтік желіде тараған болатын.

Бұл жалған дауыстық жазбаның авторы ұсталып, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабының 4-бөлігі бойынша, яғни көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды.



Оқи отырыңыз: Карантин бізге неге керек?


16.00 – Алматыда карантинге қарамастан екі массаж салоны тәулік бойы жасырын жұмыс істеп келген.

"Массаж салондарының басшылары мен қызметкерлері массаж қызметін көрсетуді жалғастырып, карантин кезінде клиент қабылдаған. Салон есігі алдын ала жазылған тек сенімді клиенттергеашық болған. Мұнда емдеу массажы емес, эротикалық массаж жасалған. Екі салонның да иесі бірден әкімшілік кодекстің 476-бабы – төтенше жағдай режимін бұзу және 450-бабы – жезөкшелікпен айналысуға үй-жай беру немесе жеңгетайлық. бабы бойынша жауапқа тартылады", – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиадин.

16.25 – Талдықорғанда 12 адам коронавируспен ауырады делінген аудиожазбаны таратқан азамат ұсталды.

"Мынадай ақпарат келді... Кейін бұл туралы айтатын шығар…Талдықорғанда 12 адамнан коронавирус анықталыпты… Ақпаратты маған сол қарамақта жүрген адам айтты..", – деген аудиожазба әлеуметтік желіде тараған болатын.

Бұл жалған дауыстық жазбаның авторы қазір ұсталды және оған қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабының 4-бөлігі бойынша, яғни көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Polisia.kz.

15.55 – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі 928 ауыл жыл соңына дейін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылатынын мәлімдеді.

Төтенше жағдайға байланысты барлық жерде интернет желісіне жүктеме артып жатыр. Бүгінде Қазақстанда интернеттің үздіксіз жұмыс істеуі үшін 18 дата-орталық жұмыс істейді.

15.15 – Алматы облысында короновирустан жазылған адам туралы:

Бүгін Қарасай ауданы Қаскелең қалалық инфекциялық ауруханасынан емделіп шыққан 1952 жылы туған Жамбыл ауданының тұрғыны ауруханаға 30 наурыз күні түскен. Науқаспен қарым-қатынас жасағандардың бәрі анықталып, дәрігерлер бақылауына алынған. Қазір пациенттің жағдайы жақсы, шағымы жоқ.

Алматы облысында жазылғандар саны алты адамға жетті.


Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?


15.10 – 13 адам коронавирустан жазылып шықты:

  • Нұр-Сұлтан – 8;
  • Ақмола облысы – 4;
  • Алматы облысы – 1.

Қазақстанда барлығы 220 адам ауруынан айықты.



15.05 – Қызылорда облысында Covid-19 анықталған екі адам туралы:

Ауру жұқтырған адамдардың екеуі де Қызылорда қаласының тұрғындары. Бекітілген алгоритмге сәйкес, алынған сынама коронавирустық инфекцияға оң нәтиже көрсетіп, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

15.00 – Ақмола облысында Covid-19 анықталған адам туралы:

Целиноград ауданы, Аққайын ауылында орналасқан "Шапағат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқорлығындағы 1941 жылғы ер адам. Бұрын аталған мекемеде коронавирус жұқтырғандар анықталды. Ол Аршалы аудандық ауруханасының провизорлық стационарында карантинде болған.

14.55 – Соңғы бірнеше аптада Қазақстанда Telegram пайдаланушыларының саны айтарлықтай өскен. Бұрын Қазақстанда 200 мыңға жуық Telegram пайдаланушысы болса, қазір 800 мыңға жақындады. 500 мың адам мессенджер қызметін белсенді пайдаланады. Стартаптарды ілгерілету жөніндегі консультант Марат Шәкеннің сөзінше, қолданушылардың артуына eGov-тағы іркілістер мен арнайы Telegram-бот арқылы 42 500 теңге әлеуметтік көмек алуға өтінім беру мүмкіндігі себеп болған.


Оқи отырыңыз: Зейнеткерлер мен студенттер 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала ма? Маңызды 18 сұраққа жауап


14.52 – Ақтөбеде "Анвар" супермаркеті карантинге жабылады. Ол жерге бүгін табылған науқастың бірі жиі барған. Супермаркет жұмысшыларының барлығы үй карантиніне жіберіледі. Сынамалар теріс болғанда ғана объектіні ашу мәселесі қарастырылады.

14.50 – Ақтөбе облысында соңғы екі күнде Covid-19 анықталған 1949 жылы туған әйел мен 1945 жылы туған ер адам 2 сәуірде коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған.

Эпидемиологиялық зерттеу ер адамның өзімен байланыста болған барлық адамды толық айтпағанын көрсетіп отыр. Осыған байланысты корноавируспен ауырған науқас өзімен қарым-қатынаста болған тұлғаларды жасырғаны үшін Қылмысты қкодекстің 305-бабына сәйкес қылмыстық жауапқа тартылады. Бұл бап айыппұл салу, түзету жұмыстары, шектеу немесе екі жылға бас бостандығынан айыруды қарастырады. Егер оның бұл әрекеті адам өліміне соқтырса, кінәлі адам 5 жылға дейін, ал екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

14.25 – Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаевтың Орталық қалалық клиникалық аурухана басшысының босатылуы туралы мәлімдемесі:

"Кеше аурухананың бас дәрігері қызметінен босатылды. Медицина ұйымының басшысы міндетін Марат Абдуллаев атқарады. Ол 28 жылдан бері медицина саласында басшылық қызметтерде ұйымдастырушылық қабілетін әбден жетілдірген азамат. Бұрынғы жылдары да осы ауруханының басшысы болатын. Қазіргі кезде осы аурухана орталығының басшысы", – деді ол.

Оның сөзінше, клиника барлық қорғану заттарымен қамтылған. Аурахана ішінде вирус инфекция белгілері білінбейтін науқастан медицина қызметкеріне жұғуы мүмкін. Қалада медицина қызметкерлері шұғыл науқастарға қызмет көрсететін стационарларға бөлінген.


Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет". Президент мәлімдемесіндегі 10 маңызды мәселе


Басқарма басшысы өзінің дербес оқшаулануына байланысты да айта кетті.

"Алты күн бұрын орталық қалалық калиникалық ауруханаға бардым. Әлеуетті байланстағы адам болған соң әріптестерім қатерге ұшырамас үшін өзімді оқшаулауды жөн көрдім. Мен өз әріптестеріммен бірге қала карантинге алынғаннан бері үш рет тестілеуден өттім. Барлығының нәтиежсі – теріс. Кеңседе түнеймін", – деді Тілеухан Әбділдаев.

14.15 – Алматыда Орталық қалалық клиникалық ауруханасында жұқтырылған медицина қызметкерлердің саны – 182. Ауруханада барлық емделушілердің саны – 215. Коронавирусқа талдау алынды. 18 адамнан оң нәтиже анықталды.

Қалада Covid-19 жұқтырған медицина қызметкерлерінің жалпы саны218:

  • Орталық қалалық клиникалық аурухананың 182 қызметкері;
  • қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 30 қызметкері;
  • жедел шұғыл медициналық жәрдем станциясының 2 қызметкері;
  • № 1 Қалалық клиникалық аурухананың 1 қызметкері;
  • № 11, 32, 12 қалалық емханаларының бір қызметкерден.

Орталық қалалық аурухана дезинфекциялық өңдеу жұмыстарына жабылды.

Алматыда коронавирус жұқтырған 370 адам тіркелді. Оның ішінде 6 бала мен үш жүкті әйел бар.

14.10 – Төрт адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты:

  • Алматы облысы – 1;
  • Қарағанды облысы – 1;
  • Қызылорда облысы – 2.

Қазақстанда барлығы 207 адам ауруынан айықты.


Оқи отырыңыз: Жазғы ыстықта коронавирус жойыла ма? Вирусолог мамандардың зерттеуі


14.04 – Қостанай облысында коронавирустан қайтыс болған 1945 жылғы азаматтың туыстарының сөзінше, жедел жәрдем қызметін 11 сәуірде шақырған. Дене қызуына қарамастан ауруханаға жатқызылмаған. 1955 жылғы әйелі екеуі 12 сәуір жедел жәрдем қызметімен Жітіқара қалалық ауруханасына дене қызуы, демалуда әлсіздік белгісімен жатқызылды.

Зейнеткерлер 10 наурызда Нұр-Сұлтаннан келген. 26 наурызда оқшауланамыз деп шешкен. Алғашқы ауру белгілері 7-8 сәуірде анықталған.

Зейнеткердің бір қызы 16 жастағы ұлымен орталық аудандық аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылды. екінші қызы – үй карантинінде.

Осы жағдайға байланысты Жітіқара аудандық орталық ауруханасында қызметтік тергеу басталды.

13.50 – Алматы облысы Қарасай ауданындағы "Асыл арман" тұрғын үй кешенінен карантиндік шектеулер алынды. Облыстағы үшінші сырқат 1995 жылы туған осы үй тұрғыны. 1957 жылы туған тағы бір әйелдің ауырғаны анықталған еді. Коронавирустың бұдан әрі таралуына жол бермеу мақсатында "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінде 1 сәуірден бастап карантин енгізілген.

1995 жылы туған әйел ауруханадан шығарылды.

13.45 – Жұмыс жағдайының нашарлауына шағымданған Майқұдықтағы жедел жәрдем дәрігерлері жаңа ғимаратқа көшті. Енді олар медициналық ұйымның босаған ғимаратында жұмыс істейді. Еңбекақыға қосымша үстеме ақы беру мәселесі де шешілді.


Фото karaganda-region.gov.kz сайтынан алынды

Облыс әкімінің тапсырмасы қауіп тобына кірмеген қызметкерлер санаты облыстық бюджет қаражатынан жалпы сомасы 69 млн теңгеге қосымша ақы алды. Жедел медициналық көмек жүргізушілеріне – бір төменгі айлық жалақы, ал фельдшерлерге және диспетчерлеріне екі төменгі айлық жалақы ретінде үстеме қарастырылған.


Оқи отырыңыз: Коронавируспен күреске қатысатын дәрігерлерге айына 850 мың теңгеге дейін үстемеақы беріледі


13.30 – Ақтөбе облысында Covid-19 анықталған адам туралы:

Науқас жедел жәрдем бригадасымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының арнайы бокстағы палатасына жатқызылған. Жағдайы – қанағаттанарлық. Бекітілген емдеу хаттамасына сәйкес тиісті ем жүргізілуде.

Эпидемиологиялық тексеру барысында ошақ шекаралары мен науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталды. Ошақта дезинфекциялық іс-шаралар өткізілді.

Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған барлығы 12 адам тіркелді, оның ішінде аурудан жазылып шыққандар саны – 2.

13.10 – Қостанай облысында коронавирустан қайтыс болған 1945 жылғы науқас туралы:

Жітіқара қаласының тұрғыны. 1955 жылғы әйелі екеуі 12 сәуір жедел жәрдем қызметімен Жітіқара қалалық ауруханасына дене қызуы, демалуда әлсіздік белгісімен жатқызылды. Ауруханаға жатқызылған кезде жағдайы ауырлығы орташа болды.

Науқастың сөзінше, алғашқы ауру белгілері 5 сәуірде анықталса да, медицина қызметкерлеріне жүгінбей, өзін емдеумен айналысқан. Екі науқас қандай да бір коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болмағанын және Жітіқарадан шықпағанын айтты.

Зертханалық талдау нәтижесі екеуінде де оң болды. Науқас коронавирус үшін ашылған аурухананың инфекциялық бөлімінің қарқынды терапия боксталған палатасында болды. Ол оттегіні өз бетінше алып жатты.

14 сәуірде 18.30 жағдайы ер адамның жағдайы күрт нашарлап, дене қызуы 39 градустан көтеріліп кетті. Бүгін таңертең инкубация жүргізіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Науқаспен реаниматологтар бригадасы жұмыс істеді. Барлық қажетті реанимациялық іс-шаралар өткізілді.

Алайда таңғы сағат 8.30-да жүрегі тоқтады. Ер адамның полисемантикалық пневмониясы өрши түскен.


Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі


12.55 – Нұр-Сұлтанда денсаулық сақтау нысандары, №1 автопарк, жатақхана сынды 11 ұйым карантиннен алынды. 16 нысан карантинге жабылды: үш медицина ұйымы, екі жатақхана, 10 кіреберіс және жеке компания. Бұл аумақтар қоршалған, адамдардың келуіне қатаң тыйым салынады.

12.50 – Нұр-Сұлтанда Заң кеңесшілер палатасы Telegram мессенджері арқылы заңгерлік әлеуметтік көмек көрсетуде. Заңгерлер тәулік бойы 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы ресімдеу, карантин кезінде кәсібін жүргізу, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасылық, еңбек, салық дауларына қатысты т.б. өзекті мәселелер бойынша тегін заңнамалық көмек көрсетеді.

12.45 – Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасы директоры қызметінен босған Алмаз Джувашев мекемеде коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің неліктен көп екені жөнінде және сондағы жағдай туралы түсініктеме берді. Ол Facebook-та жариялаған жазбасында медицина қызметкерлерінің барлық қажет заттармен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.

12.40 – Қарағанды облысында Covid-19 анықталған адам туралы:

30 жастағы әйел бұрын коронавирус анықталған адаммен байланыста болған соң карантинде жатқан.

Қарағанды облысында жалпы 81 адам анықтады, бір адам қайтыс болды және бір адам жазылып шықты.


Оқи отырыңыз: Коронавирусты анықтайтын тестті тегін тапсыруға болады. Ол үшін не қажет?


12.35 – Нұр-Сұлтанда анықталған науқастар туралы:

Бүгін анықталған 9 адамның 8-і "Шарапат" әлеуметтік көмек көрсету орталығындағылар. Осыған дейін ол жерде үш адам қайтыс болды. та, бір адам пневмония диагнозымен стационарда жатқан.

12.30-да анықталған үш адам да Covid-19 жұқтырғандармен байланыста болған. Арасында 2019 жылғы бала бар.

12.30 – Коронавирус жұқтырған тағы 8 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 3;
  • Қарағанды облысы – 1;
  • Ақтөбе облысы – 1;
  • Ақмола облысы – 1;
  • Қызылорда облысы – 2.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған жалпы 1 275 адам анықталды.



12.25 – Атырау облысында Covid-19 анықталған адам туралы:

42 жастағы жергілікті тұрғын коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған. Ер адам инфекциялық стационарға жатқызылды.Жағдайы – қалыпты. Хаттамаға сай ем шаралары жүргізілуде.


Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары


12.10 – Алматы облысының әскери-медициналық мекемелері денсаулық сақтау министрлігіне коронавирусқа қарсы күресте көмектесуге әзір екенін жеткізді. Талдықорған мен Үшаралда орналасқан госпитальдер мен емханалар тұрғындарды қабылдауға қайта бейінделеді.

Сондай-ақ, төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері қорғаныс министрлігінің биологиялық қорғау бөлімшелері 27 қалада 3 700 астам әлеуметтік маңызы бар нысандарда дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді.

12.08 – 16 сәуірден бастап Батыс Қазақстан облысында қоғамдық көлік қозғалысы, базарлар мен банк бөлімшелерінің жұмысы тоқтатылады.

12.00 – Қостанай облысында коронавирустан 1945 жылғы азамат көз жұмды.

Қазақстанда Covid-19 кесірінен барлығы 15 адам қайтыс болды.

11.40 – Батыс Қазақстан облысында Covid-19 жұқтырған 6 адам туралы:

  • 4 науқас – БҚО тұрғыны;
  • 2 науқас – Ақтөбе облысының тұрғыны.

Бірінші науқас Ресей Федерациясынан келген сәттен бастап үй карантинінде, медицина қызметкерінің бақылауында болды. 14 сәуірде дене қызуының жоғарылауына байланысты жедел жәрдем көмегіне жүгінген.

Екінші науқас бірінші науқаспен бірге тұруы, сондай-ақ дене қызуының көтерілуі себепті, жақын байланыс ретінде тіркелді.


Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика


Төрт адам – Ресей Федерациясында вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар. "Тасқала"" шекара бекетінде тексерілген соң карантиндік стационарға жатқызылды. ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен 6 пациенттен де коронавирус анықталды. Қазіргі уақытта науқастар инфекциялық стационарға жатқызылды. Олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталуда.

Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған жалпы 18 адам анықталды, оның ішінде сырттан әкелінген – 14 және байланыста болғандар – 4.

11.25 – 1 350 529 қарыз алушының төлем мерзімі кейінге қалдырылды: оның ішінде жеке тұлға – 1 340 707, дара кәсіпкерлерді қоса алғанда ШОБ субъектісі – 9 822. Жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы аясында шағын және орта бизнес субъектілерінен және дара кәсіпкерлерден екінші деңгейдегі банктерге 167 231 млн теңге сомаға 634 өтінім түсті, оның ішінде 32 632 млн теңге сомаға 56 қарыз мақұлданды.

10.43 – Маңғыстау облысында Covid-19 анықталған адам туралы:

Науқас – 62 жастағы Жаңаөзен қаласының тұрғыны, зейнеткер. Қазіргі уақытта ол Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің инфекциялық стационарына жеке боксқа жатқызылды. Науқаспен 12 адамның жақын байланыста болғаны анықталды: екеуі – үйіндегі адамдар, 10-ы – туысы.

Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда.

Маңғыстау облысында коронавирус жұқтырған жалпы 11 адам тіркелді, бір адам сауықты:

  • Ақтауда – 5;
  • Жаңаөзенде – 3;
  • Маңғыстау ауданында – 3.

Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж


10.40 – Шымкентте Covid-19 жұқтырған адам туралы:

Шымкент тұрғыны коронавирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған. Нәтижесі – оң. Қазіргі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде.

Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.

Шымкентте Covid-19 жұқтырған жалпы 40 адам анықталды.

10.30 – "Қазақстан алюминиі" АҚ-ның филиалы – Торғай боксит кен басқармасы үш айға боксит өндіруді тоқтатты. Мәжбүрлі тоқтау салдарынан 420 адам жұмыстан босайды. Алайда олардың әрқайсысы еңбек демалысын пайдалана алады. Осы мерзім аяқталған соң қызметкерге орташа еңбекақысының 50% төленіп тұрмақ. Қалған 201 қызметкер кәсіпорын қызметін қамтамасыз етіп, осыған дейін өндірілген бокситті жөнелту және қызметі аяқталған кенішті қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылмақ.

10.25 – Қарағанды облысында Covid-19 анықталған екі адам тураы:

Олар бұрын коронавирус анықталғандармен байланыста болған. 44 жастағы ер адам стационарда жатса, 46 жастағы әйел үй карантинінде болды, Қазір науқастар оқшауланып, емдеу курсынан өтуде.


Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап


10.10 – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ ҚР ІІМ қызметкерлерін қорғану маскаларымен қамтамасыз етті, ІІМ қылмыстық-түзеу жүйесі мекемелерінің өндірістік нысандарында 1 млн маска тігілді. "Самұрық-Қазына" Covid-19 таралуының алдын алу шараларына 450 млн теңге бөлді: Денсаулық сақтау министрлігі, ІІМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 150 млн теңгеден алды.

10.00 – Алматыда коронавирус жұқтырған тағы 6 адам тіркелді.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 1267 адам анықталды.



9.55 – Шымкентте "Руслан Жанпейісов" атымен танымал блогер Бибарс Райымбеков тұтқындалды, деп хабарлайды Polisia.kz. 12 сәуір күні "Қапал-батыр" көпірінің жанындағы блок бекетте полицейлер "Опель" көлігін тоқтатқанда рөлдегі Раимбеков "Adil Stroi Project" ЖШС заңгері деген еш кедергісі өтуге болатын анықтама берді, ЖШС-ның қалада ешқандай жұмыс істемейтіні белгіл болд. Блогер құқық тәртібін бұзса да, полицейлердің жұмысына кедергі келтіріп, әлеуметтік желілерде болып жатқан оқиғаны трансляциялап арандата бастады.


Сот Райымбековке төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін – 10 тәулік қамауға алу, төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер үшін 25 тәулік қамауға алу шешімін шығарды.


Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?


9.47 – Қызылорда облысында Covid-19 анықталған 3 адам туралы:

Ауру жұқтырған адамдардың екеуі Сырдария ауданының тұрғындары. Олар коронавирус жұқтыраған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылған. Бекітілген алгоритмге сәйкес екінші мәрте алынған сынама оң нәтиже көрсетті.

Ал үшінші науқас – Жаңақорған ауданының тұрғыны. Қазіргі таңда эпидемиологиялық зерттеу жүргізілуде.Барлығы жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылды.

Қызылорда облысында Covid-19 жұқтырған 124 адам тіркелді, оның ішінде емделіп шыққандар – 2, ем қабылдап жатқандар саны – 122.

9.30 – Коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 29 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 9;
  • Алматы – 6;
  • Шымкент – 1;
  • Атырау облысы – 1;
  • Батыс Қазақстан облысы – 6;
  • Маңғыстау облысы – 1;
  • Қызылорда облысы – 3;
  • Қарағанды облысы – 2.

Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 1261 адам анықталды.



Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
ДСМ жедел желі номері: 1406

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter