Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында үкімет пен әкімдіктерге тапсырмалар берді.
Ол коронавирустың таралуын барынша бәсеңдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылданғанын атап өтті.
"Мен 15 наурызда алғашқы науқастар белгілі болған сәттен бастап төтенше жағдай жарияладым. Бірден екі ірі қаламызда карантин режимі енгізілді. Халқымызға көмектесу үшін бұрын-соңды болмаған көлемде қыруар қаржы бөлінді. Көптеген мемлекеттер халқына осындай қолдау көрсете алған жоқ. Үкімет сол қаражаттың сапалы әрі мақсатқа сай жұмсалуын қадағалауы тиіс", – деді президент.
Елорда мен Алматыда жағдай тұрақтанғанымен, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандардың саны күрт өсуде. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл атқарылған жұмыстың жеткіліксіздігін және қосымша шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Төтенше жағдай режимін сәуірдің аяғына дейін созуға тура келеді
"Оңтүстік – халық тығыз орналасқан өңір. Сондықтан, індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Карантин кезінде азаматтардан үйде отыруды талап етеміз. Біздің өмірімізде мұндай жағдай болған жоқ. Бірақ бұл – қажетті шара, өкінішке қарай, басқа жол жоқ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сол себепті мемлекеттік комиссия аймақтардағы карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуға тиіс.
Дәрігерлерге берілетін үстемеақы
Төтенше жағдай кезінде қосымша төлемдер тағайындалған барлық дәрігерлер уақытылы тиісті үстемеақы алуы тиіс.
Үстемеақы төлене бастаса да, сұрақтар мен шағымдар түсіп жатыр. Президент тапсырмасымен мемлекеттік комиссия қаражатты алушыларға қысқа мерзімде жеткізуді қатаң бақылап, ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс.
"Біз коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істейтін 30 мыңдай медицина қызметкеріне көмектестік. Жергілікті билік басқа санаттағы медицина қызметкерлерінің мәселесін шешуден қашпауы керек. Аймақтар да дәрігерлер мен мейірбикелерді материалдық жағынан қолдауға тиіс. Дәрігерлердің, барлық медицина қызметкерлерінің ерлігі мен еңбегін тағы да атап өткім келеді. Біз оларға жан-жақты қолдау көрсетуге тиіспіз", – деді Мемлекет басшысы.
Коронавируспен күресушілерді қорғау
Қасым-Жомарт Тоқаев вирусты медицина қызметкерлерінің жұқтырып жатқаны алаңдататынын жеткізді. Ауруға шалдыққан бес адамның біреуі – медицина қызметкері. Бұған жеке қорғаныс құралдарының жетіспеушілігі және қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болып отыр.
"Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда, бұған мүлдем жол беруге болмайды. Науқастарды емдейтін медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын ерекше бақылауға алу керек. Олар жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, дем алатын және уақытша тұратын жерлерін де мұқият ойластырған жөн", – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға индексацияланады. Президенттің дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы
Бұл полицейлерге, әскери қызметшілерге, мемлекеттік органдардың "бірінші қатардағы" қызметкерлеріне қатысты болып отыр. Волонтерлер қауіпсіздігі де алаңдатады.
Қасым-Жомарт Тоқаев вирусты жұқтыру ошақтарын анықтау жұмысы ашық екенін, ештеңе жасырмайтынын, жедел режимде барлық мәлімет жарияланатынын айтты.
Оның сөзінше, коронавирустың таралу салдары туралы толық түсінік болу үшін тестілеу ауқымын кеңейту қажет.
"Тәтті өтіріктен ащы шындық жақсы. Бұл бірінші кезекте азаматтарымыздың денсаулығы үшін қажет. Коронавирус ауыр ауру болса да, оған қарсы дәрі жоқ, бірақ бұл ауру уақытылы диагностика мен қолда бар медицина препараттарының көмегімен емдеуге болатын ауру. Денсаулық сақтау министрлігі адам шығынын барынша азайтуға міндетті", – деп тапсырды ол.
Президенттің сөзінше, осы кезең аяқталған соң денсаулық сақтау жүйесіндегі барлық мәселені нақты талдау, болашақ қатерлерге дайындықты қамтамасыз ету үшін басым міндеттерді қайта қарау қажеттілігі тұр.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төленеді. Тоқаевтың жаңа тапсырмаларының толық тізімі"Еліміздегі вирусқа қарсы шайқастың барлық қаһарманы – медицина, полиция, әскери қызметші, волонтер жеке монументке лайықты деп ойлаймын", – деді Қасым Жомарт Тоқаев.
42 500 теңге өтінім берушілерге жағдай жасау
42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға 1,4 млн азамат электронды түрде өтініш берген. Алайда ел президенті әлеуметтік көмек беру тетігінің жеткілікті дәрежеде дайын емес екенін, жауапты ведомство мемлекет басшысының араласуынан кейін шұғыл шешім қабылдай бастағанын атап өтті.
Оның сөзінше, оталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан халыққа түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіз болуы түсінбеушілікке әкеп соққан. Адамдар қауіпке басын тігіп БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлеуге не есепшот ашу үшін банк алдына кезекке тұруға тура келіп түр.
"Үкімет жедел түрде әр азаматтың үйден шықпай-ақ мемлекеттен көмек алуы үшін қадамдық нұсқаулықты әзірлеп, оны барлық БАҚ-та және әлеуметтік желіледе жариялауы керек. Төлем карталарын алу ең өткір мәселеге айналды. Бұған мемлекеттік органдардың техникалық инфрақұрылымы ғана емес, нормативтік жағдайы мен бизнес-процесі де дайын емес. Түрлі сылтаулармен карта беруді жеңілдету процесі созылып жатыр. Ал бұл қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу мен көлеңкелі төлемдерді азайтудың нақты мүмкіндігі!" – деп айтты мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев төлем карталарын қашықтықтан алу мәселесін үш күн мерзімде шешуді тапсырды.
Ол адамдардың төтенше жағдай кезінде шын мәнінде қаржылық қиындыққа тап болғандарға көмек берілетінін түсінуі тиіс екенін жеткізді. Сондықтан жеткілікті табыс деңгейі бар тұлғалардың осы қолдауды негізсіз алуының жолын кесуді ескертті.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?
Қашықтан оқыту мен "Цифрлық Қазақстан"
Мемлекет басшысының сөзінше, мектептер мен университеттер қашықтан оқытуға көшуге байланысты интернет-жүйе "стресс-тест" деп аталатын беріктік сынағына шыдай алмады. Маңызды жүйелік кемшіліктер анықталып, білім министрлігі телесабақтарға көшуге мәжбүр болды. Жарнамасы айқайлаған e-Learning жүйесі шыдас бермей, E-gov-та іркілістер байқалды.
"Осы жағдайлардан сабақ алып, қателіктерге талдау жасауымыз керек. Шын мәнінде цифрлық мемлекет болу үшін ІТ саласын сапалы жаңа деңгейге шығару жоспарын дайындау қажет. Келер жыл мемлекетіміздің тиімді цифрландыру белгісімен өтуі тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол жаңа тәжірибені ескере отырып, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын қосымша қаржы шығынынсыз қайта қарауды тапсырды.
Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға 42500.enbek.kz сайтында өтініш беруге болады"Біздің алдымызда денсаулық сақтау, білім және ғылым саласын түбегейлі реформалау міндеті тұр. Дағдарыс, мен айтқандай, барлық кемшілікі әшкерелейді және үлкен мүмкіндіктерді көрсетеді. Біз оларды пайдалануымыз керек. Реформаларды әзірлеу жөніндегі жұмысты қазір бастау керек." – деді президент мемлекеттік комиссия отырысында.
Азық-түлік бағасын реттеу
Бүгінде халықтың үштен бірінен астамы (шамамен 37 %) толығымен оқшауланған қалаларда тұрады. Оларды азық-түлікпен, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарынан тұрақты қамтамасыз ету басты мәселе. Мемлекет басшысы үкімет пен әкімдерге мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
"Азық-түлік жеткілікті, енді бағаның қолжетімділігін және байбалам болас үшін дұрыс логистиканы қамтамасыз ету керек. Үкімет әлеуметтік маңызы бар 9 азық-түлік тауарын шекті баға белгіледі. Бағаны реттеу ттеу тетігі пысықтауды талап етеді. Сауда және интеграция министрлігіне әкімдермен бірлесіп баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша бағаны реттеу механизмін жөндеу қажет", – деді ол.
Президент сауда және интеграция министрлігіне әкімдіктермен бірлесе баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша бағаны реттеу тетігін оңтайландыруды тапсырды.
Сондай-ақ, карантин режиміндегі қала тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді азайту жөнінде кешенді шешім қабылдауды тапсырды.
Төтенше жағдай кезінде жұмыспен қамту
"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша пандемия кезінде 240 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Оны іске асыруға 1 трлн теңге бөлінді. Президент бөлінген ақшаның бірнеше рет далаға кеткенін және енді ондайға жол бермеуді болу керек екенін айтты.
Үкімет пен әкімдер қазақстандық кадрларды, отандық құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын өндірушілерді осы жұмысқа тартуға міндетті екенін атап өтті. Оның сөзінше, жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша. Бағдарлама аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыспен тек 13 мың адам қамтамасыз етіледі.
"Бірқатар өңірде бағдарлама қорытындысы бойынша тұрақты жұмыс орындарының санын құру жоспарлануда. Жұмыспен қамтудың екі түрі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету керек. Дағдарыс жағдайында уақытша жұмысқа орналастыру маңызды болғанымен, тұрақты және сапалы жұмыспен қамту туралы ойлаған жөн", – деді ел президенті.
Жол картасы шарттарының бірі – отандық өндірушілерден 90%-дан кем емес көлемде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу. Мемлекет басшысы отандық өндіріс базалық материалдар бойына ішкі нарықтың қажеттілігін жабатынын атап өтті.
"Құрылыс материалдарының бағасын белгілеу маңызды мәселе. Базалық материалдар құнын тиісті бақылаудың болмауы бюджет қаражатын пайдаланып қалуға және тиімсіз пайдалануға әкеп соғады", – деді ол.
Президенттің сөзінше, мемлекеттік комиссия әкімдермен бірлесіп жол картасы шеңберінде жұмыс істейтіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Жатын, тамақ дайындау және ішу орн, санитарлық тораптар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес болуы және үнемі санитарлық өңдеуден өтуі тиіс.
"Мемлекет пен бизнес те азаматтардың денсаулығына қаржыны үнемдемеуге тиіс. Бөлінген қаражат пен іске асырылатын жобалар арнайы топтың қатаң бақылауында болады. Президент әкімшілігіне аталған топтың құрамы мен жұмыс тәртібін айқындауды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Індет пен міндет. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің түсіндірмесі
Отандық бизнесті қолдау
Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына қосымша олардың өнімдеріне сыртқы сұраныстың төмендеуі жағдайында ірі кәсіпорындардың қызметін бақылауға алған жөн. Мемлекет жағдай айтарлықтай нашарласа, нақты қолдау көрсету мүмкіндігін қарастырады.
Қаржы секторының тұрақтылығы. Қаржы жүйесіндгі проблемалар экономиканың нақты секторына және азаматтардың жинақтарына теріс әсер етуі мүмкін. Сол себепті Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен қаржылық даму жөніндегі агенттікке елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау жөнінде ұсыныстар кешенін дайындауды тапсырды.
Көктемгі егін науқаны мен су тасқыны
Оңтүстікте егіс жұмыстары жүргізілуде (30% орындалды). Басқа аймақтарда егіс жұмыстары бір ай ішінде басталады.
Фермерлер пестицидтер мен тыңайтқыштарды, сапалы тұқым мен жанар-жағар май және отын сатып алуға айналымдық қаржымен қамтамасыз етілуі тиіс. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру 3 есеге, яғни 170 млрд теңгеге дейін артты.
Президент ауыл шаруашылығы азық-түлік тауарларын жеткізушілердің автомашиналарын карантиндік қалаларға үздіксіз өткізуді қамтамасыз ету, "жасыл" аймақтар арқылы өту үшін жедел түрде рұқсатнамалар беруді тапсырды. Бұл көктемгі егіс жұмыстарына кірісетін фермерлерге де қатысты болып отыр.
Мемлекеттік комиссия автокөліктердің бірнеше сағат бойы облыстар арасындағы түрлі блокпостта бөгеліп қалу жағдайын бақылауға алады.
"Дизель отынының сапасына қатысты наразылық бар. Фермерлер сапасы төмен жанармайдың кесірінен қымбат тұратын ауыл шаруашылығы техникасының істен шығу фактілерін айтып отыр. Энергетика министрлігі мен әкімдерге жанар-жағар май және отын көлемін ғана емес, сондай-ақ сапасын қамтамасыз етуді бақылауға алуды тапсырамын. Жанармай жеткізу экономикаға ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке де тікелей залал", – деп айтты Тоқаев.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы министрлігінің экономикалық тергеу қызметі сапасыз жанар-жағар май мен отын жеткізетін компаниялар мен жеке тұлғаларды анықтауы қажет. Осы және басқа да іріткі салушылар тарапынан жасалған осындай іс-әрекеттерді құқық қорғау органдары анықтап, әлеуетті қылмыскерлер заң бойынша жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Мемлекет басшысы форвардты сатып алу құралын қаржыландыру механизмі мен сомасын, сатып алу көздерін шұғыл бекітуді сұрады. Сондай-ақ, бағаны ұстап тұру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында экспорттауға тыйым салынған кезде тауарларға толық бағалау жүргізілмегенін айтты.
Су тасқыны кезеңін тұрақты бақылауда ұстаған жөн. Әсіресе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай қауіп бар. Президент әкімдер тиісті министрліктермен бірлесіп, ұдайы мониторинг жүргізуді және жедел әрекет етуді ұйымдастыруы тиіс екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Коронавирус майданы. Батырлар жыры сарынына салғанда...
Төтенше жағдай режимін ұзарту
Мемлекет басшысы қатаң карантиндік шаралар өз нәтижесін бергенін, астана мен Алматыда ауырудың күн сайынғы өсімі тұрақталғанын айтты. Алайда қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқаты, экономикалық жағдайы тұтастай алғанда қиын, күрделі болып қала береді.
"15 сәуірде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Қазір төтенше жағдай режимін кем дегенде сәуірдің соңына дейін ұзартуға тура келеді. Біз әлі коронавируспен ауырудың қарбалас кезіне өтпедік. Эпидемия жағдайын жеңілдетуге болмайды", – деді мемлекет басшысы.
ҚР президенті елорда, Алматы және Шымкент қалаларында және тиісті облыстарды карантин режимін суір аяғына дейін созуды тапсырды,
"Адамдар көшеге шығып, әдеттегі өмір салтына оралғысы келеді. Бірақ карантин мен өзін-өзі оқшаулауды сақтаудан басқа амал жоқ. Бұл – отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы. Әйтпесе жағдай төңкеріліп, эпидемия жаппай тарап кетеді. Бүкіл ұлттың денсаулығына қауіп төнеді. Бұл дегеніміз – ұлттық қауіпсіздік. Ол кезде шағын және орта бизнес, тіпті бүкіл экономика маңызды болмай қалады", – деді мемлекет басшысы.
Кәсіпорындар жұмысын жандандыру
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдер алдында азаматтардың денсаулығы үшін карантинді сақтау, сондай-ақ кәсіпорындарды жұмыс режиміне нақты әрі адрестік шығару міндеті тұрғанын айтты. Сол себепті әкімдіктер қатаң санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтай отырып, жұмыс орындарында әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ете алатын кәсіпорындардың тізімін әзірлеуі тиіс.
Өңірлердегі дағдарысқа қарсы штаб осындай жұмыс орындарын тексеріп, кәсіпорындардың жұмыс режимін, қызметкерлерді жұмыс орындарына жеткізу тәртібін және басқа да ұйымдастыру-техникалық мәселелерді анықтайды. Осының негізінде мемлекеттік комиссия тиісті кәсіпорындардың қызметін қайта бастау туралы шешім қабылдай алады.
"Бұл жағдайда орталыққа бағынышты аймақтар мен қалалар басшыларының жауапкершілігі бірнеше есе артады. Өйткені біз тәуекелге барамыз. Бірақ басқа амал жоқ. Студенттер, мектеп оқушыларын қашықтан оқыту, балабақша, азаматтардың қатаң карантинді сақтауы күшінде қалады. Қоғамдық орындарды дезинфекциялау қажет. Бірақ кәсіпорындарды жұмыс режиміне қосамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның сөзінше, азаматтардың денсаулығы сөзсіз басымдық болып қала береді. Үкіметтің үйлесімді жұмысы, сондай-ақ әкімдермен өзара іс-қимылы талап етіледі.
"Мен атқарушы биліктен шешім қабылдау және әзірлеу кезінде, менің тапсырмамды орындау кезінде абсолютті тыңғылықтықты талап етемін. Премьер-министр бастаған үкімет пен әкімдер қауырт жұмыс істеуде. Жұмыс қарқынын төмендетуге және алғашқы оң нәтижелерге риза болуға болмайды. Осы жағдайды пайдалана отырып, біздің азаматтарымызға түсіністік, шыдамдылық және шыдамдылық үшін алғыс айтамын", – деді президент.
Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап
Мемлекет басшысы "Карантиндегі жұлдыз" жалпыұлттық жобасына сүйсіне қарайтынын, қазақстандықтарға сөзбен де, іспен де көмектесіп жатқан мәдениет қайраткерлеріне рахметін айтты.
"Дағдарыс жағдайына жедел жауап ведомстволар қызметін жетілдіруді, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы үйлестіруді күшейту қажет екенін көрсетті. Билік құрылымдары мен азаматтар арасындағы кері байланыс, коммуникация мәселелесіне назар аударуымыз керек. Бұл дағдарыс сабақтарының бірі ғана. Мұндай сабақтар аз емес. Тіпті, ең дамыған елдер де өздерінің олқы тұстары мен кемшіліктерін көріп, қорытынды жасап жатыр десем артық емес. Өйткені, пандемияға ешкім де дайын болған жоқ", – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын-соңды болмаған ауыр дағдарыстан Қазақстан халқы ширап, жаңа кезеңге бейімделіп шығатынына сенім білдірді.
"Қазақстан міндетті түрде осы қиындықты еңсеріп, тұрақты және сапалы өркендеу жолына түседі. Жалпы, дағдарыс бұл еліміздің келешегі мен оның алдағы дамуы туралы терең ойлануға мүмкіндік береді. Сондықтан, бәріміз бір ел болып белсенді жұмыс жүргізуіміз керек", – деп сөзін түйіндеді мемлекет басшысы.