Жаһанды жайлаған індеттің беті күн ысығанда қайта ма? Бұл сұрақ қазір көптің көкейінде жүргені анық. Осы мәселеге орай Informburo.kz ұлыбританиялық журналист Ричард Грейдің вирусолог мамандардың зерттеуіне сүйеніп жазған мақаласын аударып ұсынады.
Covid-19 ауа райы салқын аймақтарда қатты өршіді
Көптеген жұқпалы аурулар жыл мезгіліне қарай өршіп, кейін төмендейді. Әдетте тұмаумен адамдар қыстың суық айларында ауырса, жазда ішек инфекциясы жиі мазалайды. Ал ауа температурасы орташа елдерде жаз кезінде қызылшамен сырқаттану саны аз болса, тропикалық аймақтарда керісінше құрғақ мезгілде күрт өседі. Сондықтан көпшіліктің Covid-19 маусымдық инфекцияға айналып, қайталануы мүмкін бе деп алаңдауы орынды.
Коронавирус жұқпасы желтоқсан айының ортасынан бастап Қытайда тез тарала бастады. Індеттің таралу қарқыны жоғары болғаны сонша, ол шекараны асып өтіп, бүкіл дүние жүзін құрсауына алды. Қауіпті инфекциядан әсіресе Еуропа елдері мен АҚШ қатты зардап шекті. Covid-19 ауа райы салқын аймақтарда өршіді. Соған қарап, көпшілікте жаз басталғанда пандемия аяқталады деген үміт пайда болды. Бірақ, көптеген сарапшылар жаздың ыстығы вирусты өлтіреді деп үміт артудың қажеті жоқ деп ескертуде.
Мұндай ескертуге негіз бар. Covid-19 вирусы (қазір ол ресми түрде SARS-CoV-2 деп аталады), зерттеушілер үшін тым жаңа. Ғалымдарда әзірге оның белсенділігі маусымнан маусымға қарай өзгеретіні туралы нақты дәлел жоқ. Осыған өте ұқсайтын SARS вирусы 2003 жылы пайда болды. Дәрігерлер оны тез әрі сәтті тізгіндеді. Сондықтан да, жылдың әр мезгілі дәл мұндай індетке қалай әсер ететіні туралы ақпарат өте аз.
Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап
Covid-19 маусымдық ауруға айналып, қайта бас көтеруі мүмкін
Кейбір жұқпалы коронавирустармен күрес тәжірибесі Covid-19 маусымдық ауру болатынын айғақтайды. Осыдан 10 жыл бұрын Эдинбург университетінің жұқпалы аурулар орталығынан Кейт Темплтон жүргізген зерттеу коронавирустардың 3 түрі (барлығы Эдинбург ауруханалары мен хирургиялық бөлімшелеріндегі тыныс алу жолдарының инфекциялары бар науқастардан алынған) суық айларда, яғни желтоқсан-сәуір аралығында тіркелетін маусымдық сипатқа ие екенін көрсетті.
Қазірдің өзінде Covid-19 вирусының да маусымдық ауруға айналатынын дәлелдейтін кейбір айғақтар бар. Оның әлем бойынша таралғанына қарап, вирус суық және құрғақ жағдайларда көбейетінін болжауға негіз бар. Бұл аурудың белгілері тұмаудың сипатымен бірдей болғанымен, иммундық жүйесі әлсіреген науқастарға әлдеқайда күрделі әсер етеді.
Коронавирус таралған әлемнің 500 аймағындағы ауа райын салыстыратын, бірақ әзірге жарияланбаған сараптамалық жұмыста індеттің жайылуы мен температураның, желдің жылдамдығы және ылғалдылық деңгейі арасында байланыс бар екені көрсетіледі. Тағы бір көпшілікке жария етілмеген зерттеуде жоғары температура кезінде Covid-19 көрсеткіші төмендейтіні туралы айтылады.
Ал келесі жарияланбаған жұмыстың авторлары континенталды климаттық аймақтарда (қысы суық, жазы жылы) және ауасы құрғақ жерлерде вирустың таралу қарқыны өте жоғары деп болжайды. Зерттеу авторларының ойынша, жаңа аурудың екпіні тек тропиктік аймақтарда төмен болуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Коронавирус қаупі жағдайында қорқынышты қалай жеңуге болады? Психоаналитик кеңесі
Вирустың маусымнан маусымға таралу белсендігі туралы ғылыми дәлел жоқ
Covid-19 инфекциясының маусымнан маусымға дейінгі таралу белсендігі туралы нақты дерек жоқ болғандықтан, ғалымдар жыл ішінде не болатынын болжауда тек өздерінің компьютерлік модельдеуіне сүйенеді. Эндемиялық (эндемиялық ауру - белгілі бір аймаққа тән ауру) коронавирустық аурулардың маусымдық белгілері Covid-19 инфекциясына қалай әсер етеніне қорытынды жасау – өте күрделі мәселе.
Пандемия көбінесе аурудың қалыпты өршуінің маусымдық белгілерін ұстанбайды. Мысалы, 1918-2020 жылдары атақты болған испан тұмауының шыңы жаз айларына келді. Ал тұмаудың көптеген асқыну жағдайлары әдетте қыста болады.
"Біз ерте ме, кеш пе, Covid-19 эндемиялық ауру болады деп күтудеміз. Егер ол маусымдық дертке айналмаса, таң қаларлық жағдай болады. Алайда маусымдық сипат вирустың пандемия болып таралуына әсер ете ме, жоқ па – бұл үлкен мәселе. Әзірге біз білмейміз, бірақ бұл туралы ойлау керек", – дейді Швециядағы Каролин институтының профессоры, вирусолог Ян Альберт.
Сондықтан басқа коронавирустар туралы білетін тәжірибемізді қазіргі пандемияға қолдану кезінде абай болу керек. Басқа коронавирустардың маусымдық сипаты бар және бұл бізге үміт береді.
Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?
Коронавирустың жоғары температурада тіршілік ету мүмкіндігі қысқа
Коронавирустар – бұл қабатты вирустар тұқымдасына жататын, липидті, май мембранасы бар вирус. Оның тәжге ұқсас ақуыз "мүйізшелері" болады. Зерттеу кезінде олардың қабаттары басқа қабаты жоқ вирустарға қарағанда жылуға сезімтал болатындығы анықталған.
Суық кезде бұл қабық резеңкеге ұқсас күйге түседі. Мәселен табада тамақ пісіргеннен кейін май қалай қатып қалса, вирус та дәл солай қатып қалады. Демек, салқын ауа райы вирусты ағзадан тыс жерде қатырып, ұзақ сақтай алады.
Осыған байланысты қабатты вирустардың көпшілігі айқын маусымдық сипатқа ие. Зерттеу көрсеткендей, SARS-Cov-2 21-23 градус температурада және 40% салыстырмалы ылғалдылықта қатты заттардың бетінде (мысалы, пластика немесе болат) 72 сағатқа дейін дейін өмір сүре алады.
Covid-19 вирусының басқа температурада және ылғалдылықта қалай әрекет ететіні әлі күнге дейін белгісіз. Алайда өзге коронавирустардың зерттеулері олардың 4 градус температурада 28 күннен астам өмір сүретінін көрсетеді.
Covid-19 белгілеріне өте ұқсас, 2003 жылы SARS қоздырғышын тудырған коронавирус та құрғақ және суық жағдайларда өзін жақсы сезінді. Температура мен ылғалдылық неғұрлым жоғары болса, бұл вирустың өмір сүру мүмкіндігі қысқа болады.
"Ағзадан тыс орналасқан вирустың тұрақтылығына климаттық жағдай әсер етеді. Мысалы, вирусты жұқтырған адам түшкіріп немесе жөтелгеннен кейін ол ауаға және жер бетіне тарайды. Вирус организмнен тыс жерде қаншалықты көп сақталса, оның адамдарға жұқтыру және эпидемияны туғызу қаупі соғұрлым жоғары. Сovid-19 инфекциясының әлемдегі ең ірі ошақтары суық, құрғақ ауа райында тіркелді", – деп түсіндіреді, қоршаған ортаның биологиялық әртүрлілікке әсерін зерттеуші, Мадридтегі Ұлттық табиғи ғылымдар мұражайының қызметкері Мигель Ароухо.
Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі
"Адамдардың әрекеті – вирустың таралуын тоқтатудың кілті"
Сарапшы Мигель Арухоның пікірінше, егер Covid-19 басқа коронавирустар сияқты температура мен ылғалдылыққа сезімтал болса, онда бұл аурудың өршуі жылдың әр мезгілінде әлемнің түрлі аймақтарында жүреді.
"Екі вирус бір-біріне ұқсас әрекет етеді деп күтуге негіз бар. Бірақ бұл теңеу бір жақты емес. Вирус адамнан адамға таралады. Белгілі бір жерде адамдар неғұрлым көп болса, олар бір-бірімен соғұрлым көп байланысады және инфекция көбірек тарқайды. Адамдардың әрекеті – бұл вирустың таралуын тоқтатудың кілті", – дейді ол.
АҚШ-тың Мэриленд университетінде жүргізілген зерттеу Сovid-19 орташа температурасы 5-тен 11 градусқа дейін және салыстырмалы ылғалдылығы төмен болатын әлемнің қалалары мен аймақтарына таралғанын көрсетті.
Алайда, тропиктік аймақтарда да аурудың көп тараған деректері бар. Жақында Гарвард медициналық мектебінің індеттің Азияда таралуына байланысты жүргізген зерттеуі көрсеткендей, бұл пандемиялық коронавирус көпшілік үміттенгендей ауа-райына аса сезімтал болмайды.
Ғалымдар Қытайдың Гирин, Хэйлунцзян сияқты суық және құрғақ провинцияларында вирустың өсуі, тропикалық аймақтарға жататын Гуангси провинциясы мен Сингапур сияқты аймақтардағы вирустың таралу деңгейімен бірдей екендігін анықтады. Соған орай олар көктем мен жаз айларында температура мен ылғалдылықтың көтерілуі жұқтыру жағдайларының айтарлықтай азаюына әкелмейді деген тұжырымға келді.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?
Сovid-19 таралуын тежеудің жолы – күннің жылуы емес, адамдардың жауапкершілігі
Зерттеушілердің айтуынша, ауруды жеңу үшін әрбір елдің денсаулық сақтау жүйесінің айтарлықтай беріктігі қажет. Өйткені, вирустың таралуы оның қоршаған ортада өмір сүру қабілетіне ғана емес, көптеген факторларға байланысты. Жылдың кез-келген уақытында Covid-19 індетінің таралу жылдамдығы адамдардың әрекетіне тікелей байланысты болады.
Мысалы, Еуропада қызылша ауруының өршуі, әдетте оқу жылына сәйкес келеді. Яғни ауру жағдайларының саны оқушылар демалысқа шығып, вирусты бір-біріне таратпайтын жаз кезінде төмендейді.
Қытайда жаңа жылды тойлау кезінде (25 қаңтар) адамдардың орасан зор көші-қоны Covid-19 инфекциясын Уханьннан Қытайдың басқа қалаларына және бүкіл әлемде таратуда негізгі рөл атқарды.
Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?
Құрғақ ауа өкпе мен тыныс жолдарының ауруын өршітеді
D дәруменінің жеткіліксіздігі және ауа райы біздің иммундық жүйеге әсер етеді. Иммунитеті әлсіз ағза инфекциялық ауруларға шалдығуға бейім келеді. Оған бірнеше дәлел бар. Күн сәулесі аз қыс мезгілінде және үйде көбірек уақыт өткізетін болсақ, адам ағзасы D витаминін аз бөледі.
Бірақ суық ауа-райы біздің иммундық жүйемізді әлсірететіні нақты дәлел емес. Кейбір зерттеулер мұны растаса, басқа деректер жоққа шығарады. Дегенмен, біздің ауруларға осал болуымызға ылғалдық қатты әсер ететінін дәлелдейтін маңызды деректер бар. Құрғақ ауа табиғи түрде біздің өкпемізді және тыныс жолдарын инфекциялардың енуінен қорғайтын шырыштың көлемін азайтады.
Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы
Адамдарды оқшаулау жұқтыру қарқынын төмендетуге мүмкіндік береді
Қытай ғалымдары Уханьдағы Covid-19 өлімінің 2 300 оқиғасын зерттеп, оларды адам қайтыс болған күндегі ылғалдылық, ауа температурасы және ауаның ластану деңгейімен салыстырды. Зерттеу әзірге ғылыми журналдарға жарияланбаған. Бірақ онда температура мен ылғалдылық жоғары болған күндерде өлім деңгейі төмендегені белгілі болды.
Сонымен қатар, осы зерттеуде қытай ғалымдары жоғары өлім-жітім температурадағы тәуліктік айырмашылық жоғары болған күндері байқалды деген қорытындыға келді. Алайда, бұл зерттеу негізінен компьютерлік модельдеуге негізделген, сондықтан әлемнің басқа өңірлерінде мұндай тәуелділіктің бар-жоғын анықтау қажет.
Пандемияға себеп болған Covid-19 эндемиялық вирустарға қарағанда басқаша тарайды және жұғады. "Жолаушылар ағыны вирустың бүкіл әлемде тез таралуының негізгі құралына айналды", дейді Францияның денсаулық сақтау және медициналық зерттеулер институтының ғылыми директоры Виттория Колизза. Алайда, белгілі бір қауымдастықта, оның таралуына адамдар арасындағы жақын байланыс ықпал етеді.
Жақын байланысқа түсуді тоқтату жұқтыру қарқынын бәсеңдетуге мүмкіндік береді. Дәл осы мақсатта көптеген елдердің үкіметтері азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа барлық қоғамдық орындарды жауып, азаматтарды үйде қалуға шақыруда.
"Covid-19 маусымдық сипатының дәлелі жоқ. Індеттің таралу қарқынына адамдардың әрекеті әсер етуі мүмкін. Бірақ, вирусты тежеу үшін қазіргі кабылданған шаралар жеткілікті екенін айтуға әлі ерте", – дейді Колизза.
Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары
Вирустың екінші толқыны басталуы мүмкін
Швециялық вирусолог Ян Альберттің компьютерлік үлгілеу нәтижелеріне сай, егер Covid-19 жағдайларының саны алдағы айларда шынымен азая бастаса, бұл бірнеше себептерге байланысты орын алуы мүмкін. Қалалардың оқшаулануы мен жабылуына, халықтың иммунитеттің өсуіне байланысты және мүмкін аурудың маусымдық сипатына байланысты.
"Егер жыл мезгілі шынымен әсер етсе, бұл бізге басқа екі себептің нақты әсерін көруге кедергі келтіруі мүмкін. Қатаң шектеу шаралары қабылданған елдерде адамдар арасындағы вирустың таралуы азаяды, бірақ күзде және қыста аурудың екінші толқыны басталса, мен таң қалмаймын", – деп ескертеді ол.
Егер Covid-19 белгілі бір маусымдық болса да, аурудың жаз мезгілінде толық жоғалуы екіталай. Бірақ біздің қазіргі жұқтыру жағдайларының санын азайту үшін жасап жатқан әрекеттері өте пайдалы болуы мүмкін.
"Вирустың таралуын тоқтату үшін қазір жасап жатқан қадамдар бізге экономикалық тұрғыдан қымбатқа түседі. Бірақ олар жазда пандемияның дамуын тежеуге көмектеседі. Егер бұл вирустың расымен де маусымдылығы болса, ол денсаулық сақтау жүйесіне онымен одан әрі күресуге дайындалуға уақыт береді", – деп атап өтті вирусолог.
Қазір коронавируспен күресте бүкіл әлемге дәл осы уақыт жетіспей жатуы мүмкін.