13 сәуірден, яғни бүгіннен бастап Алматы және Нұр-Сұлтанда коронавирусты анықтайтын тегін экспресс-тестілеуден өтуге болады.
Тест "Олимп" клиникалық-диагностикалық зертханасында жүргізіледі. Тестілеуден өту үшін үміткер:
- www.cdl.kz сайтында сауалнама толтыруы керек;
- Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологтары адамдардың эпидкөрсеткіштері негізінде іріктейді;
- бекітілген тізімдер "Олимп" клиникалық-диагностикалық зертханасына жіберіледі;
- бекітілген тізімдегі пациентке байланыс орталығының операторы хабарласып, қай жерге, қай уақытта келуі керектігін айтып, келушілерге қойылатын талаптар мен анализ тапсыру ережелерін түсіндіреді;
- оператор нұсқаған процедуралық кабинетке маска киіп, жеке куәлікті алып, кешікпей келу керек;
- кезекте тұрған адамдар бір-бірінен 1,5-2 метр қашықтықта болуы тиіс;
- процедуралық кабинетте тіркеледі, кейін коронавирусқа экспресс-тест алынады;
- анализ қорытындысы сауалнамада көрсетілген поштаға жолданады.
Оқи отырыңыз: Жазғы ыстықта коронавирус жойыла ма? Вирусолог мамандардың зерттеуі
Тест тапсыру үшін келесілерді білу маңызды:
- оператордың қоңырауынсыз, өз бетімен процедуралық кабинетке келуге болмайды;
- пациенттің температурасы тепловизормен өлшенеді;
- дене қызуы жоғары адамнан анализ алынбайды;
- экспресс-тестілеу арнайы процедуралық кабинеттерде өткізіледі, ол жерде басқа анализдер алынбайды.
Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді?
Сауалнамада не жазылған?
Сауалнама Қазақстанның бас санитар дәрігерінің 2020 жылғы 22 наурыздағы №26 қаулысымен бекітілген. Денсаулық сақтау министрлігі сауалнама толтырушылардың жеке мәліметтері сол адамның және жақындарының қауіпсіздігі үшін эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында ғана қолданылатынын ескертеді.
Оқи отырыңыз: Коронавирус қаупі жағдайында қорқынышты қалай жеңуге болады? Психоаналитик кеңесі
Сауалнама толтырған пациент ерікті түрде жазбаша келісім береді:
- зертханалық зерттеуге биоматериалдар (қан, жағындылар және т.б.) алуға;
- дайындық және қажет болған жағдайда анестезиологиялық іс-шараларға.
Сауалнаманы толтыру сіздің экспресс тестілеуге міндетті түрде шақырылатыныңызды білдірмейді. Іріктеуді эпидемиологтар жүргізеді.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика
Сауалнамада сұралатын ақпарат:
1. ЖСН, тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, электронды поштаны, телефон нөмірін, облыс/республикалық маңызы бар қала, тұрғылықты мекенжайы туралы ақпарат толтырасыз.
2. Келесі санаттың бірін таңдау керек:
- жедел жәрдем қызметіне жүгінген респираторлық белгілері бар науқас;
- коронавирус жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкері (карантин объектілерінде, медицина стационарында);
- стационарда жатқан созылмалы аурулармен ауыратын науқас;
- стационар карантинінен шығатын тұлға;
- үй карантинінен шығатын тұлға;
- халықпен тығыз жұмыс істейтін және коронавирус жұқтыру қаупі жоғары құқық қорғау және сот органдарының қызметкері;
- халықпен тығыз жұмыс істейтін және коронавирус жұқтыру қаупі жоғары қоғамдық көлік жүргізушісі, коммуналды қызмет жұмысшысы;
- эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жалпы халық.
3. Жұмыс орны.
4. Қазіргі жағдайы: температура, ентігу, жөтел, бұлшықет ауруы, іш өту бар-жоғы туралы.
Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап
5. Бастан өткерген симптомдар туралы:
- ақпанда ЖРВИ-мен ауырдым;
- наурызда ЖРВИ-мен ауырдым;
- ЖРВИ-мен 14 күн бұрын ауырдым.
6. Соңғы үш айда барған елдер туралы: бірнеше елді таңдауға болады.
7. Басқа елден келген адамдармен байланысы туралы: олардың аты жөні, телефон нөмірі, елі. Мұнда да бірнеше адамды тіркеуге болады.
8. Созылмалы аурулардың болуы туралы: тізімнен бірнеше ауруды таңдауға болады.
Сауалнаманы сақтап, денсаулық сақтау министрлігіне жібересіз.