Тікелей эфир

Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Informburo.kz фотосы
Informburo.kz фотосы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуірге дейін республикада төтенше жағдай жариялау туралы қаулыға қол қойды.

Төтенше жағдай деген не?

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387-ІІ "Төтенше жағдай туралы" заңына сәйкес, төтенше жағдай – бұл азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын уақытша шара. Төтенше жағдай кезінде отандастарымыздың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың жұмысына белгілі бір шектеулер қойылады. Бұл, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметіне арнайы құқықтық режимді ұсынатын уақытша шара.

Төтенше жағдай қандай кезде енгізіледі?

"Төтенше жағдай туралы" заңның 4-бабына сәйкес, ол келесі жағдайларда енгізіледі:
  1. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар (конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге талпыныстар, терроризм актілері, Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзу және т. б.);
  2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар (табиғи апаттар, эпидемиялар және т.б.).

Оқи отырыңыз: Коронавирус: не үшін дәл қазір әрекет ету керек? Стэнфорд университетінің магистрі Томас Пуэйоның зерттеуі

Төтенше жағдай кезінде қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер

Төтенше жағдай енгiзiліп, тиісті қаулы күшiнде болған кезеңде келесі негiзгi шаралар мен уақытша шектеулер қарастырылады:

  1. Қоғамдық тәртiптiң сақталуын, аса маңызды мемлекеттiк және стратегиялық объектiлердiң, сондай-ақ халықтың тыныс-тiршiлiгiн және көлiк қызметiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн объектiлердiң күзетілуін күшейту;
  2. Төтенше жағдай енгiзiлген жерде жүрiп-тұру еркiндiгiн, оның iшiнде көлiк құралдары қозғалысының еркiндiгiн шектеу;
  3. Жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлiк құралдарын тексеру;
  4. Төтенше жағдай енгiзiлген жерге немесе Қазақстан Республикасының аумағына кiруге, сондай-ақ олардан шығуға шектеу белгiлеу;
  5. Жиналыстарды, митингiлер мен демонстрацияларды, шерулер мен тосқауылдарға тұруды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды, сондай-ақ туумен, үйлену тойымен, қайтыс болумен байланысты отбасылық салт-жораларды өткізуге тыйым салу немесе шек қою;
  6. Ереуiлдерге және заңды тұлғалардың қызметiн тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдiстерiне тыйым салу;
  7. Жарылғыш, радиоактивтi, сондай-ақ, химиялық және биологиялық қауiптi заттарды пайдаланатын заңды тұлғалардың қызметiн тоқтата тұру;
  8. Егер төтенше мән-жайларға байланысты материалдық және мәдени құндылықтардың жойылуының, ұрлануының немесе бүлiнуiнiң нақты қаупi болса, оларды қауiпсiз аудандарға көшiру;
  9. Төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жерде ол қолданылатын бүкiл кезең iшiнде сайлау және республикалық референдумдар өткiзуге тыйым салу;
  10. Үкiметтiк байланысты қоспағанда, байланыс желiлері мен құралдарының қызметін тоқтата тұру көзделеді.
Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн

Коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде қандай шектеулер қойылады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Төтенше жағдай туралы" заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес шығарған қаулысына орай келесі уақытша шектеулер қолданылады:

  1. Қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нысандардың күзетілуі күшейтіледі;
  2. Ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылады;
  3. Сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатылады;
  4. Карантин енгізіліп, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды, оның ішінде Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырылады;
  5. Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынады;
  6. Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан аумағына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстанға көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленеді.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

Төтенше жағдай режимін бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?

ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабына сәйкес, төтенше жағдай кезінде келесі жауапкершіліктер қарастырылған:

  • келу мен кетудiң ерекше режимiн бұзбау;
  • белгiлi бiр жеке тұлғалар үшiн белгiленген мерзiмге белгiлi бiр жерден, өзiнiң пәтерiнен (үйiнен) кетпеу;
  • жиналыстар, митингiлер, шерулер және демонстрациялар, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзбеу;
  • ереуiлдер өткiзбеу;
  • карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу;
  • көлiк құралдарының жүруін шектеу және оларды жете тексеруден өткiзу.

Бұл талаптар сақталмағанда, ескерту жасалады не 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.

Емделуден бас тартып, карантиндік режимді бұзғандар жауапқа тартылады

Президент қаулысына сай, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, оны премьер-министр Асқар Мамин басқаратын болды. Жұмыстарға Үкімет резервінен қажетті қаражат бөлінеді. Ал уақытша шектеулер мен қолданылатын шаралардың тиісті іске асырылуын құзырлы орган өкілдері, бірқатар министрліктер мен атқарушы органдар қадағалайды.
Осы ретте, медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатындарға, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдарға бақылау күшейтіледі. Оларға Қылмыстық кодекстің 304-бабы, санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Үй карантині режимін бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері:

5 АЕК (13 255 теңге) – жеке тұлғалар үшін;

15 АЕК (39 765 теңге) – лауазымды тұлғалар үшін.

Ірі сауда орындары жұмысын тоқтатады. Азық-түлікті қайдан алу керек?

Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, азық-түлік желілері мен дүкендері қалыпты режимде жұмыс істейді. Өйткені, елде азық-түлік қоры жеткілікті.

"Төтенше жағдай кезінде азық-түлік маркеттері мен базарлар өз жұмысын жалғастырады. Азық-түлік және өнімсіз шағын дүкендер, сондай-ақ сауда ойын-сауық орталықтарынан тыс орналасқан шағын және орта бизнестің өзге де сауда объектілері иелерінің қалауы бойынша жұмыс істейтін болады", – делінген ведомствоның баспасөз қызметінің ақпаратында.

Дүкендер мен базарлардың жұмыс күнін қысқарту туралы шешімді қалалар мен аймақтардың әкімдері қабылдайды.
Ал Қазақстан Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов өзінің Facebook парақшасында республикадағы төтенше жағдайды енгізуді былай түсіндірді:
  • Сауда ойын-сауық орталықтарында азық-түлік супермаркеттері жабылмайды. Базарлар жұмысын тоқтатпайды, бірақ оларға санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы қосымша шаралар қолданылады;
  • Қоғамдық тамақтану (мейрамханалар, асханалар және т.б.) одан әрі жұмыс істейтін болады;
  • Халық пен көліктің қозғалысы да қазіргідей болады. Бірақ егер жекелеген елді мекендер бойынша жағдай нашарлайтын болса, осы пункттер бойынша ғана шектеу енгізілетін болады;
  • Жүк қозғалысы бұрынғыша болады. Олар бойынша ешқандай мемлекетте шектеулер болған жоқ.
Жалпы, төтенше жағдай режимі негізінен мемлекеттің жағдайдың өзгеру жылдамдығына байланысты жедел әрекет ете алуы үшін енгізілді.
Сондай-ақ, елдің Сыртқы істер министрлігі төтенше жағдай режимі кезінде Қазақстанға кіруге шектеу қою жөнінде түсініктеме берді.
"Шектеу-бұл тыйым салу емес. Шетелде жүрген біздің отандастарымыз Қазақстанға бара алады. Бұл шектеулер негізінен шет мемлекеттердің азаматтарына қатысты қолданылатын болады", – деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?

Төтенше жағдай жарияланғанға дейін Қазақстан қандай сақтық шараларын қабылдады?

  • 13 наурыздан бастап спорттық, мәдени-бұқаралық шаралардың өткізілуіне тыйым салынып, концерт, көрме, конференциялар кейінге қалдырылды. Спорт жарыстары өткізіледі, алайда залда көрермендер болмайды;
  • Мектеп оқушыларына 16 наурыздан 5 cәуірге дейін демалыс жарияланды;
  • 16 наурыздан бастап студенттер сабақты онлайн түрде оқуға көшті;
  • Мұғалімдерге үйден жұмыс істеуге рұқсат берілді;
  • Демалыс кезінде мектеп оқушыларын экскурсияға апаруға тыйым салынады;
  • Адамдар көп жиналатын жерлер мен қоғамдық көліктерді зарарсыздандыру міндеттелді;
  • Санитарлық, алдын-алу шаралары күшейтілді (Қарттар үйі де осы тізімге кіреді);
  • Халықаралық мәдени және туристік іс-шара аясында 1А, 1Б, 2 и 3 категориясына жататын елдерге баруға тыйым салынды;
  • Сауда орталықтары мен базарлар жұмыс істей береді, ал кинотеатрлар өз жұмысын тоқтатты.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы

Төтенше жағдай қанша уақытқа созылады?

Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа Covid-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты бірқатар мемлекеттер пандемия жариялады. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағына жарияланған төтенше жағдай режимі 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минутқа дейін жалғасады. Бірақ бұл режимді ұзартуға, сондай-ақ, тоқтатуға да (толықтай және ішінара) болады.

Серіктестер жаңалықтары